Естеріңізге сала кетсек, биыл фестивальге алдын-ала іріктеуден өткен облыстық және республикалық жеті театр қатысты. Олар бес күн бойы жұртшылық алдында өз өнерлерін ортаға салды. Биыл театр фестивалі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналғандықтан, әр театр көрермен назарына жаңа Қазақстанның қалыптасуы мен жетістіктерін және Тәуелсіздіктің тарихи маңызын көрсететін ең үздік қойылымдарын ұсынды. Фестивальге қатысушылардың шеберліктерін театр майталмандарынан құралған әділ-қазылар алқасы 10 аталым бойынша баға беріп, анықтады.
Биыл Бас жүлде — «Ең үздік спектакль» аталымын Астана қаласының Жастар театры С. Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» спектаклімен жеңіп алды. Қойылымның режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi Нұрқанат Жақыпбаев.
«Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымын «Перзентхана» спектакліндегі Хадиша Рысбаеваның ролін шебер ойнаған Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының актрисасы Майра Бақбердиева иеленді. Ал, «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясына Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Восхождение на Фудзияму» спектакліндегі Мәмбет ролін үздік сомдаған М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актері Сергей Попов лайық деп танылды.
«Ең үздік режиссерлік шешім» аталымының жүлдесімен Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының режиссері Гүлсина Мерғалиева марапатталды(«Перзентхана» спектаклі үшін).
«Қазақ драматургиясын табысты меңгергені үшін» номинациясын М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры ұжымы жеңіп алды ( Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Восхождение на Фудзияму» спектаклі). Ал, биыл «Көрермендер көзайымы» номинациясы жүлдесіне «Перзентхана» спектаклі үшін Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры ие болды.
Бұнымен қатар, фестивальде «Сахналық ұзақ ғұмыр», «Үміт», «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі», «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» аталымдарының жеңімпаздары анықталды.