Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, проюдюсер Ералхан Әлмаханұлының алғашқы концерті 2003 жылы Республика сарайында «Аққуым менің қайдасың» деген тақырыппен өткен болатын.
«Ол әнші Ералханның концерті болатын. Бұл әнші, продюсер Ералханның кеші болмақ. Оған продюссер ретінде өнер әлеміне жолын ашқан жеке жобаларымды ұсынбақпын. Атап айтқанда, әнші Әлия Байгөзева, пианист Дінмұхамед Асан және «Адем» дуэті, «Ару», «Аңыз» топтары мен «Беймарал» театры қатысады. Осы арада Күләш Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебінің оқушысы Д. Асан туралы аз-кем айта кеткім кеп отыр. Әлемде техникасы ең жылдам пианист саналатын оны көз тимесін деген оймен Рекордтар кітабына ұсынған жоқпыз. Түрлі халықаралық байқауларда оза шауып, өнерімен күллі әлемді тамсандырған жас талант қазір Еуропада өтетін кезекті өнер бәйгесіне дайындалып жүр», — дейді «Мұрагер» продюсерлік орталығының жетекшісі Е.Әбішев.
Биыл ердің жасы 50-ге толған Ералхан Әлмаханұлы Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданындағы Көксу ауылында 1961 жылы 24 қаңтарда дүниеге келген. Ол орта мектепті Келес ауданындағы «Бірлік» кеңшарында бітіріп, 1978 жылы Алматы музыка училищесінің, ал 1984-1989 жылдары Құрманғазы атындағы консерваторияның ән бөлімінде оқыды. «Досмұқасан», «Алматы Варьетесі», «Гүлдер», «Алтын дән» ансамбльдерінде әнші болған Е. Әбішев 1985 жылы республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты және Бүкілодақтық студент-жастар байқауының жеңімпазы болды. Ал 1990 жылы Мәскеуде өткен студент-жастар өнер фестивалінде, 1993 жылы Түркияда болған халық музыкасы мен билерінің фестивалінде лауреат атанды. 1991-1997 жылдары Республикалық мәдениет үйінде бас дирижер, көркемдік жетекшісі әрі директоры. 1995-2003 жылдары «Тамаша» ойын-сауық отауында әнші, бұдан кейін «Күлкі керуені» әзіл-сықақ театрының әншісі әрі продюсері болды. Сондай-ақ 2007 «Мұрагер» продюсерлік орталығын, 2009 жылы «Беймарал» күлкі театрын құруға атсалысып, оған жетекшілік жасады.