Қазақстан велоспорты федерациясының вице-президенті Аллен Шәйжүнісовтың айтуынша, Астанада әлем кубогының алғашқы кезеңі өтеді. Бәсекенің екінші кезеңі Колумбияның Кали қаласында өтеді. Ал қаңтар айында жарыстың кезекті кезеңін Бейжің күтіп алады. Жарыс 2012 жылдың ақпан айында Лондонда аяқталады. 14 қазанда жарысқа қатысушылардан өтініш қабылдау мерзімі бітеді. Әзірге Әлем кубогының елордада өтетін кезеңіне 22 кәсіби трекшілер командасы, 43 құрама команда өтініш берді. Барлығы 350 шабандоз. Жалпы, жарысқа 450-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде.
«Қазақстан онда 4 адамнан тұратын екі командамен қатысады. Олар ұлттық құрама мен елордалық Astana Trek Team командалары. Бұл командалардың құрамын жасақтау қорытындылары кейінірек жария етіледі. Ал әзірге шорт-листке 9 шабандоз кіргендігі белгілі. Олар: Алексей Лилько, Диас Өмірзақов, Берік Көпешов, Артем Захаров, Сергей Кузин, Матвей Никитин, Павел Гацкий, Сұлтанмұрат Міралиев және Николай Иванов»,-деді федерация вице-президенті.
Естеріңізге сала кетейік, спорт бәсекелері «Сарыарқа» жаңа республикалық велотрегінде өтеді. Жарыста 24 медаль сарапқа салынады. Спорт делегациялары елімізге қазан айының соңына таман келе бастайды. 1 қарашадан бастап, ресми жаттығулар басталады. Жарыстың ашылу рәсімі 4-ші қарашада өтеді.