Мырзатай Жолдасбеков пен Несіпбек Айтұлының «Ұлбике» қойылымы 19-шы ғасырда Сыр бойында өмір кешкен айтыс ақыны, әнші, домбырашы Ұлбике Жанкелдіқызының қайғылы тағдыры туралы сыр шертеді. 12-13 жасынан шаршы топқа түскен Ұлбике Ізтілеу, Серәліқожа, Майлықожа, Мәделіқожа, Таспа ақындармен айтысқан, әсіресе оның Күдеріқожа Көшекұлымен айтысы есімін елге танытты. Оның бұл айтысын В.В.Радлов жазып алып, жарыққа шығарған, кейіннен орыс, неміс тілдеріне аударып жариялаған. «Таңдайына өлең ұя салған» Ұлбике туралы кезінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Әбубәкір Диваев сияқты белгілі фольклоршылар жақсы пікірін айтқан.
Қойылымның мақсаты — қазақ халқымен бірге жасасып, бүгінгі күнге жеткен орындаушылық өнердің тұтас жиынтығын — әншілік, күйшілік, бишілік, айтыскерлік, шешендік сөз бен басқа да ауыз әдебиеті үлгілерін өнер тілімен жеткізу арқылы халқымыздың сан ғасырлық ұлттық дәстүрін, салт-санасын ұрпаққа үлгі ету.
Ұлбике рөлін Кенен Әзірбаев атындағы байқаудың лауреаты Жазгүл Даңылбаева сомдайды.
Қойылым 19 қазан күні сағат 18.30-да болады.