«22 қазан күні «Көліктер 2» анимациялық фильмінің сүйікті кейіпкерлерінің қазақ және орыс тілдеріндегі фильмдері DVD және Blu-Ray форматтарында ұсынылатынын қуана хабарлаймыз. Мэтр, Найзағай МакКуин мен МакМиссл сіздерді Алматы қаласындағы «Мега» сауда ойын-сауық орталығында күтеді. Оларды тек көріп қана қоймай, шын автомобильдердің өлшеміне тең таңғажайып кейіпкерлердің жанында суретке түсу мүмкіншілігін жіберіп алмаңыз», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар қауымдастық баспасөз қызметінің атап өтуінше, ағымдағы жылдың 1 қараша күні «Көліктер 2» мультфильмі DVD және Blu-Ray форматтарында жарыққа шықпақ.
Қаперіңізде болсын, Disney — ғажайып оқиғалар орын алатын киностудия. Анимациялық фильмдерді жасау барысында компания қызметкерлері фильмдердің білім беру жағына да ерекше назар аударады. Осындай фильмдердің бірегей мысалы — бүкіл жанұяға арналған «Көліктер 2» мультфильмі.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 23 маусымында «Уолт Дисней» компаниясының қазақ тіліндегі алғашқы жобасы — «Көліктер-2» мультфильмі Қазақстанның 43 кинотеатрында бір күнде көрсетілген болатын. Осылайша қазақ тілі әлемдік әйгілі «Уолт Дисней» компаниясындағы ресми дубляждың 39-шы тіліне айналды. Бұған дейін түркі халықтары ішінде Дисней фильмдері тек түрік тілінде ғана жарық көрген. «Көліктер-2» мультфильмін қазақ тілінде дубляждаған әртістердің ішінде Бақытжан Әлпейісов, Күнсұлу Шаяхметова, Дәулет Әбдіғапаров, Нышанбек Жұбанаев және Азамат Қанапияев бар.