20-22 қазан аралығында өтетін аталмыш чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен 6 команда қатысады. Олар Бас прокуратура мен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» командалары болып бөлінген.
Қазақстан Республикасының Бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадиновтың айтуынша, тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шаралардың бірі — бүгінгі прокуратура органы қызметкерлері арасында ұйымдастырылып отырған футболдан чемпионат. «Біріншіден, бұл салауатты өмір салтын насихаттау болса, екіншіден, ел өңірлеріндегі прокуратура саласында қызмет етіп жатқан азаматтарды елордамызда, «Астана Арена» сияқты зәулім ғимаратта бастарын қоссақ деген ой болатын. Бүгін міне еліміздің түкпір-түкпірінен 6 команданы жинадық. Осы 6 команда үш күн бойына футболдан өзара бақ сынасады. Жарысқа мен өзім де қатысамын»,-дейді Бас әскери прокурор.