Алматыда «Ортеке» ІІ халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі басталды - kaz.caravan.kz
  • $ 515.02
  • 604.22
-5 °C
Алматы
2025 Жыл
23 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда «Ортеке» ІІ халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі басталды

Алматыда «Ортеке» ІІ халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі басталды

Бүгін Алматыда Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қуыршақ театрларының «Ортеке» ІІ халықаралық фестивалі басталды.

  • 25 Қазан 2011
  • 542
Фото - Caravan.kz

ҚР Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен басталған фестивальге өз елімізбен қатар, Түркия, Тәжікстан, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, елдерінің қуыршақ театрлары қатысуда.

«Биылғы фестивальдің басты ерекшелігі — шара ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отыр. Осымен екінші рет өткізіліп отырған фестивальдің негізгі мақсаты — отандық қуыршақ театры өнерінің дамуына ықпал ету болып табылады. Бұнымен қатар, бұл шара актерлеріміздің кәсіби және орындаушылық деңгейін арттыруды, халықаралық байланыстарды нығайтуды, сондай-ақ, кәсіби қуыршақ өнерін насихаттауды көздейді»,-деді фестивальдің ашылуына орай өткізілген баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің Кинематография және театр өнері басқарамасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева.

Оның айтуынша, жылдан жылға фестивальдің географиялық ауқымы ұлғаюда.

«Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Фестивальге Азия елдерінің қуыршақ театрлары көп қатысатындықтан, сол елдерден келген өнер ұжымдарының қойылымдарын көруге, сөзін, музыкасын тыңдауға асықпын. Өйткені, өз елімде тек еуропалық қойылымдарды көріп келемін. Сондықтан мен үшін бәрі қызық, бәрі жаңалық»,-деді әділқазылар алқасының төрағасы, Белосток қуыршақ театрының директоры, Халықаралық УНИМА қуыршақ театрлары ұйымының білім беру жөніндегі халықаралық комиссиясының президенті, Польшадан келген театр майталманы Вашкел Марек. Ол сонымен қатар: «Халықаралық УНИМА қуыршақ театрлары ұйымы Қазақстан елінің Мәдениет министрлігімен алдағы уақыттағы әріптестікке дайын»,-деді.

Фестивальдік спектакльдер Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында көрсетілетін болады. Келушілер үшін 28 қазанға дейін күнде үш қойылым ұсынылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге тек ұлттық нақыштағы, танымдық-тәрбиелік мәні бар, соңғы жылдары шыққан премьералық қойылымдар қатысуда.

Фестиваль қойылымдарын кәсіби мамандардан тұратын халықаралық қазылар алқасы — «Үздік спектакль», «Үздік режиссерлық жұмыс», «Үздік актерлық жұмыс», «Суретшінің үздік жұмысы», «Ұлттық драматургияны табысты игергені үшін», «Спектакльдің үздік музыкалық көркемделуі үшін», «Фестиваль жаңалығы» аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтайтын болады.

Бүгін қуыршақ театрларының фестивалі Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрының «Міржан мен Ахмет» қойылымымен шымылдығын ашты.

Фестиваль қазанның 28-не дейін жалғасады.

Перейти к новостям спорта