«2011 жыл мен үшін және отбасым үшін үлкен жақсылықтарға толы болды. Тұңғыш рет ұйымдастырылған «Қазақ аруы» байқауының Бас жеңімпазы болдым. Эстрада әншісі ретінде енді алғашқы ән кешімді өткізіп отырмын. Оған Уәлибек Әбдірайымов, Жанатбек Бәйтеков, Заттыбек Көпбосынов, НұрМұқасан тобы және тағы басқа өнер алдамдары қонақ боп қатыспақ», — дейді Ләззат Әбішқызы. Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры актрисасының репертуарында қазір тұрақты орын алған 10 шақты ән жиналған. Олардың ішінде Жарылқасын Дәулеттің сөзіне жазылған Ермек Елгезековтің «Асығамын қол жетпес арманға», Ермек Елгезековтің «Еркелеймін еркелетсең», халық әндері «Балапан қаз», «Әдемі қыз» сияқты шығармалар бар.
«Бүгін тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап туған қаламда кішігірім есеп беру кешімді өткізіп отырмын. Мен үшін өзім қызмет жасайтын театрдың орны ерекше. Дегенмен өнердің өзге салаларында да өз бағымды сынап көргім келеді. Оған театрдың директоры және көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев ағамыз да рұқсатын беріп отыр. Алла қаласа, келесі жылы ән кешімді Шымкент қаласында өткізбекпін», — деді Л. Қалдыбекова.