Көрмеге фотосуретшінің егеменді еліміздің төбесімен көк тіреген зәулім үйлері мен таңғажайып ғимараттарының күн санап бой көтеруін, әйгілі Ақжайық өлкесінің сұлу жерлерін, тамаша табиғатын, жасыл-желегін, сылдырай аққан суын, көк тоғайлы нуын түсірген 100-ден астам жұмыстары қойылатын болады. Көрмеге сонымен қатар, ұлттық мәдениетіміз бен мемлекеттік тіліміздің дамуына үлкен үлесін қосқан Қазақстан Республикасының халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әліге арналған жұмыстардың сериясы қойылатын болады.
Рафхат Халелов фотосуреттерінің біразы Қазақстан Республикасының қоғам-саясаткерлері және мәдениет қайраткерлері — Талғат Мұсабаевқа, Иманғали Тасмағамбетовке, Асанәлі Әшімовке, Роза Бағлановаға, Роза Рымбаеваға, Ескендір Хасанғалиевке арналған.
Бүгінде Рафхат Халеловтің фотосуреттері республика, облыс көлемінде жарық көрген 40-қа жуық кітапқа енген. Оның жұмыстары облыстық, республикалық суретшілер және фотосуретшілер байқауларына қатысып жүлделі орындарға ие болды.
Естеріңізге сала кетсек, суретшінің бұған дейінгі көрмесі 1999 жылы «Жаңа ғасырға алтын көпір» деген атпен өткізілді.
Қазіргі кезде Рафхат Халелов сирек кездесетін құлпытастар — тарихи ескерткіштерді фотосуретке түсіріп, ел игілігіне бұйыртсам деген ізгі ойды мақсат етуде.
Кәсіпқой фотосуретші Рафхат Халелов 1971 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылында, мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Ол М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін кітапханатану және библиография мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Қаратөбе аудандық тұрмыстық қамту комбинатында фотосуретші болып бастады. Одан Қаратөбе аудандық дайындық конторында дайындаушы, Приурал ауданы, Орал кеңшарында трактор бригадасының есепшісі, облыстық тарихи-өлкетану музейінің фотосуретшісі, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының лаборант-фотосуретшісі, кіші ғылыми қызметкері, сонымен қатар, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филормонияның жетекші маманы қызметінде жұмыс атқарды.