Бұл туралы «Kazakhstan Fashion Week»( KFW ) жыл сайынғы ұлттық жобаның ұйымдастырушылары, ашылу рәсіміне арналған баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Биылғы сән апталығы жұмбақ та, таңғалдыратын, шығыс атмосферасында өтеді. Олай деп отырғанымыз жайдан-жай емес: биыл сән апталығына Біріккен Араб Әмірлігінен бір топ делегация қатысатын болады. Араб елінің танымал дизайнерлері шараға алғаш рет қатысқалы отыр. Олар жаңа сән киім үлгілерімен қатар, апталық барысында «Haute Couture» шоу қойылымдарын ұсынатын болады. Сонымен қатар, биыл сән апталығында «OPEN WAY -2011» жас дизайнерлер байқауының бас жүлдегері тұңғыш рет өз киім үлгілерінің коллекцияларын ұсынатын болады. Сондықтан, биылғы жоба да жылдағыдай жоғары деңгейде өтетінімен ерекше болады деп сенемін», — деді Kazakhstan Fashion Week ұлттық жобасының бас директоры, әрі продюсері Саят Досыбаев.
Алғаш рет қатысқалы отырған танымал араб сәнгерлерімен қатар, апталыққа Грузия, Испания, Франция, Германия, Өзбекстан және өз еліміздің 20-дан аса дизайнерлері қатысатын болады. Бұнымен қатар, дәстүр бойынша Орталық Азиядағы ең ірі сән апталығында шоу-рум, авте-пати кештері, шеберлік дәрістер және шетелдік дизайнерлердің қатысуымен БАҚ-қа арналған баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылатын болады. Көрсетілімдер жылдағыдай үш күн өтеді.
Бұл жолғы сән апталығына «Kuralai» сән үйі инновациялық дизайндағы «Paradise» атты жаңа коллекциясын ұсынса, «Jado» сән үйі ұлттық нақыштағы киімдерден алыстап, «Тыйым салынған билер 2011-2012» деп аталатын жастарға арналған киім үлгілерінің жиынтығын ел назарына ұсынатын болады. Ал, биылғы қазақстандық жас дизайнерлердің жеңімпазы, павлодарлық Жеңіс Құсайынов қара барқыт, жібек, шифоннан тігілген классикалық киім үлгілерін ұсынамын, дейді. Оның айтуынша, жаңа туындысының дүниеге келуіне атақты әнші Мадоннаның «Vogue» әні шабыт берген.
Жылдан жылға «Kazakhstan Fashion Week» жобасы жас дизайнерлердің жолын ашып, әлемдік сән әлеміне қадам басуға жол сілтеп жүргені белгілі. Биыл да жоба сондай мүмкіндікті тұңғыш рет қатысқалы отырған Айя Бапаниге беріп отыр. Жас дизайнер қазірдің өзінде Еуропаның сән әлемін бағындырып үлгерген. Оның басқа дизайнерлерге қарағанда ерекшелігі — Айя Бапани киімдерінің барлығы киізден ғана жасалынады. «Алғаш рет Еуропада ұлттық нақыштағы, киізден жасалған коллекцияларымды көрсеткенде, сол елдің халқы таңғалып қабылдады және киімдерім тез сатылып кетті. Киізді білетіндер, бірден ол қалайша, киізден көйлек кию мүмкін емес деп ойлауы мүмкін. Сондықтан, менің оларға айтарым: көйлектерім еш аллергиялық тітіркендіру бермейді, денеге жұмсақ, әрі ыңғайлы», — деді жас суретші-модельер Айя Бапани.