Естеріңізге сала кетейік, ең алғаш рет 1998 жылы ұйымдастырылған аталмыш шара 2000 жылы халықаралық байқау мәртебесіне ие болды. 13 жылдың ішінде «Шабыт» 13 мың жастың шығармашылық саласында өз жолдарын табуларына ықпал етті. Ал биылғы байқауға 300 үміткер қатысады деп күтілуде. Конкурс осы жолы «Бейнелеу өнері», «Үздік әдеби шығарма», «Халық әні», «Классикалық әуен», «Эстрадалық жанр» аталымдары бойынша ең үздік шыққан жастарды анықтайды. Байқау жеңімпаздарын қазақстандық және шетелдік өнер адамдарынан құрылған әділқазылар алқасы іріктейді. Әділқазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, Қазақстан Республикасының халық әртісі Қайрат Байбосынов, Қазақ ССР-нің өнер қайраткері Еркін Мергенов, Италияның Чезаре Полини атындағы Падуан консерваториясының профессоры Пьерлуиджи Дестра, Бразилияның камералық Блумену оркестрінің Бас дирижері Дениель Бортолосси және басқа да белгілі тұлғалар бар. Байқау жеңімпаздарына Бас жүлде, 1-ші, 2-ші, 3-ші орындар мен «Шабыт» фестивалінің лауреаты және «Шабыт» медалі табыс етіледі. Сондай-ақ байқауға қатысушылар арнайы дипломдар мен Қазақстанның әйгілі мәдениет қайраткерлері атындағы сыйлықтардың иегері атанады. Конкурсқа қатысушылар сонымен қатар әділқазылар алқасы мүшелерінің қатысуымен ұйымдастырылған концертті тамашалап, шеберлік сыныптарына қатысады. Бұған қоса үміткерлер елімізге танымал жазушылармен, ақындармен кездесіп, пікір алмасу түріндегі түрлі мәдени шараларға атсалысады.
Байқау аяқталған соң оларға арнап, концерттік қойылымдар қойылып, Астана әкімі арнайы кеш ұйымдастырады.