Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Ни бастаған зілтемірші саңлақтарымыз дүбірлі додаға аттанып кетті.
Олимпиада ойындарында, әлемдік және халықаралық жарыстарда жасындай жарқылдап жүрген спортшыларымыз осы жолы да жоғары нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз.
Әлемдік додаға Олимпиада жеңімпазы Илья Ильин мен жас дарын Алмас Өтешев 94 келі салмақ бойынша қатысады. Ал Әлем чемпионы Владимир Седов 105 келіде бақ сынайды. Сондай-ақ 105 келіде Сергей Истомин өз күшін әйгілемек. Және 77 келіде Кирилл Павлов, 85 келіде Владимир Кузнецов, 105 келіден жоғары салмақта Дмитрий Каплин мен Александр Заичиков сынды зілтеміршілерге сенім артылып отыр.
Ал әйелдер арасында әйгілі екі дүркін Әлем чемпионы Светлана Подобедова 75 келі салмақ бойынша зілтемірді көтеруге шығады. Сонымен қатар Әлем чемпиондары 53 келіде Зүлфия Чиншанло мен 63 келіде Майя Манеза Париждегі сайысқа түспек. Ал 69 келі бойынша Ирина Некрасова, 69 келіде Жазира Жапарқұл, 75 келіде Анна Нұрмахамбетова, 75 келіден жоғары салмақта Александра Аборнева бақ сынайды.
Париж қаласындағы ауыр атлетикадан өтетін әлем чемпионатының тартысты бәсекелерін Қазақстанның «Еларнасы» және «Еуроспорт» телеарналары көрсетеді деп күтілуде.
Әлем чемпионаты 13 қараша күні аяқталады.