Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбибуллаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, 29 қазан күні Астана уақыты бойынша сағат 18-45-тер шамасында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Қазақстандағы өкілетті уәкілдігі аппаратының бірінші хатшысы Арнұр Тынбай көше бойында такси ұстап тұрған 35 жастағы Ресей азаматын көлігімен қағып кеткен. «Айта кететін мәселе, қазақстандық дипломат жол оқиғасының алдында көлігінің қозғалысын тежеп, жол үстінде такси ұстап тұрған азаматтың жол жиегіне шығуын күткен. Өкінішке орай, мас күйіндегі жаяу жүргінші жол ортасына құлап қалған»,-дейді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық дипломат осы оқиға орын алысымен бірден жедел жәрдем мен Жол қозғалысы қауіпсіздігі мемлекеттік инспекциясының қызметкерлерін шақырған. «Қазіргі таңда Қазақстан Елшілігі осы оқиғаға байланысты Ресей билігімен және елдің құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынас жасап отыр. Жол -көлік оқиғасына көлік жүргізушісі кінәлі ме, әлде жаяу жүргінші кінәлі ме? деген мәселе анықталуда»,-деді А.Әбибуллаев.