Біздің дәуірімізге дейінгі ІV ғасырда ежелгі грек қаласы Эфесте Герострат есімді алаяқ өзінің атын тарихта қалдыру үшін әлемнің жеті кереметінің бірі — ұлы Артемида храмын өртеп жібереді. Сот Геростратты өлім жазасына кесіп, әрі ең жоғарғы үкім — оның есімін мүлдем ауызға алмау, мүлдем тарих сахнасынан сызып тастау туралы бұйрық шығарады. Көне Грекияда осы оқиғаға орай ондаған жылдар бойы арнайы жарлықшылар елдің түкпір-түкпірін шарлап: «Өзінің атын шығару үшін Ұлы Артемида храмын өртеп жіберген ессіз Геростраттың есімін атаушы болмаңдар!» деп жарлық таратыпты…
Бірақ бүгінде бұл бұйрықтың баянсыз болғанына адамзаттың көзі жетіп отыр. Автор, режиссер және театр труппасы осы бір қалтарысы көп тарихи оқиғаға тереңірек үңілуге және Гориннің: «Қайсысы күштірек: Құдайдың пәрмені ме, әлде Адамның арсыздығы ма?» деген сауалының жауабын бірге талдауға шақырады.