«Ойқарағай» деп аталатын алғашқы ән жинағының тұсаукесерінде айтылды.
«Кез-келген өнер адамының өз тыңдармандарының алдында есеп беретін кезі болады. Бүгін көп жылдан бері ойға алған ән жинағым жарық көріп отыр. Онда көп тыңдалмаған, көп ешкім айтпаған Жетісу өлкесінің ән мұрасы топтастырылды. Халықтың аманаты сияқты үйренген нәрселерім, шындығын айтқанда, маза бермей жүр еді. Бүгін бір жүк мойнымнан түскендей болды», — дейді Т. Құрманғалиев.
Сержан Молдасанұлының қолдауымен жарық көрген бұл жинаққа 24 ән еніп отыр. Оның 11-і «Ағажай порым», «Ақ жайла», «Екеуің-ай», «Жекен жар», «Ойланшы өзің», «Екі-ай көк» сияқты халық әндері болса, 13-і Жаяу Мұсаның» Сұрша қыз», Балуан Шолақтың «Құлан кісінес», Көдек Байшығанұлының «Қыздар-ау, игай», Шалтабай Алпарұлының «Шалтабайдың әні», Пышан Жәлмендеұлының «Ғайшаға», Кенен Әзірбаевтың «Тік шырқау» сияқты туындылары.