мәдениеті» («Nomads and Networks: The Ancient art and Culture of Kazakhstan») деген атаумен бірегей көрме ашылды. Бұл ақпаратты АҚШ-тағы ҚР Елшілігі таратып отыр.
Көрменің ашылу салтанаты барысында аталған институт директоры Дженнифер Чи Қазақстанның ұлттық құндылықтарын АҚШ жұртшылығының назарына ұсынуға мүмкіндік жасаған ҚР Үкіметіне алғысын білдірді. Оның атап өтуінше, ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде Принстон университетінің әлемге танымал баспасынан 200 беттік ғылыми-танымдық каталог жарық көрді. Оған бірқатар қазақстандық ғалымның еңбектері енді.
Көрме қойылған негізгі экспозицияны ежелгі және орта ғасырдағы көшпенділердің бай мәдениетімен байланысты археологиялық және этнографиялық топтамалар құрайды. Мәдени шараға келушілер Зайсан қазаншұңқырындағы Шілікті қорғанынан табылған алтын бұйымдарды, Қарғалы аймағынан табылған біздің заманымызға дейінгі І-ІІ ғасырларда жасалған бірегей алтын әшекейлерді, сонымен қатар ағаштан, қоладан жасалған басқа да бұйымдарды тамашалауға мүмкіндік алды.
ҚР Тәуелсіздігінің және Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылдық мерейтойына орай ашылған көрме 3 маусымға дейін жалғасады.