Көрмеге 400-ге жуық кітаптар мен журналдар, электрондық ресурстар, мұрағат құжаттары, сондай-ақ Астананың бірқатар ғимараттарының макеттері қойылды.
Көрменің басты мақсаты — түркі әлемінің әдеби жәдігерлерін, рухани мұрасын, Қазақстанның түркітілдес халықтарының рухани-тарихи бірлігін қалыптастыру мен нығайтудағы рөлін, еліміздің елордасы — Астананың мәдениет саласындағы халықаралық серіктестікті құратын ұлттар бірлігінің орталығы ретіндегі рөлін ашып көрсету.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы алдағы уақытта «Астана-2012 — түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында Түркі академиясының шығарған ғылыми-зерттеу жұмыстарының тұсаукесерін, «Түркі халықтарының тілі мен мәдениетінің диалогы: тарихы және қазіргі заман» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция, «Тіл. Этнос. Мәдениет» тақырыбында дөңгелек үстел, Бұқарбай Естекбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай поэзия кешін, дәрістер сынды бірқатар іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.