Қазіргі жастар аға буынға қарағанда мықтырақ әзілдейді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазіргі жастар аға буынға қарағанда мықтырақ әзілдейді

Қазіргі жастар аға буынға қарағанда мықтырақ әзілдейді

5 сәуірден бастап НТК арнасында Ұnight Show жобасының жаңа маусымы көрерменге жол тартады.

  • 28 Наурыз
  • 32
Фото - Caravan.kz

Осы орайда, бағдарлама продюсері Еркебұлан Мырзабекпен жобаның ерекшелігі, бағыты, әзіл саласындағы жастардың аяқ алысы мен көрермен сұранысы жайлы Caravan.kz медиа порталының тілшісі әңгімелескен еді.

           Еркебұлан Мырзабек: әзілкеш, Ұnight Show жобасының продюсері:

  • Ұnight Show жобасының идеясы қалай пайда болып еді?

  • — «BAS Production» ұжымы Ақылбек Досжанов, Марат Оралғазин, Рүстем Омаров төртеуіміз ақылдаса келе, осы жобаны жасадық. Басында «КВН, жайдарманды аяқтаған түлектер немен айналысады?» деген сұраққа жауап ретіндегі жоба болған еді. Барлығының басын қостық, нәтижесі үмітімізді ақтады. Идея осылай пайда болған еді.

  • Қазір қоғамға қандай әзіл керек? Халық не нәрсеге күледі?

  • — Ең алдымен көрермен өзекті тақырыпты жақсы қабылдайды. Одан бөлек халыққа елде болып жатқан мәселелерді қозғасаң өтеді. Бірақ телеарнадағы цензураға байланысты, ондай әзілдер көрерменге жетпей қалып жатады. Жалпы,  менің жеке пікірім, тиянақты жазылған әзілге қарағанда, импровизациямен дәл осы жерде шыққан әзіл өтімдірек.

  • Көрермен пікіріне, ютубтағы қаралым санынана қарап Ұnight Show жобасы  көпшіліктің көңілінен шыққанын көруге болады. Сіздің ойыңызша, басқа ойын-сауық шоуларынан Ұnight Show несімен ұтады?

  • — Менің ойымша – импровизациямен. Көрерменімізге белгілі, бір бағдарламаның 70 пайызға жуығы импровизациялық айдарға негізделген. Сондықтан, қатысушылардың тапқырлығы, айтылатын әзіл көрерменге өтімді.

  • Жақында жаңа маусым. Жаңа маусымның қандай жаңалығы бар? Не өзгерді, нені өзгеріссіз қалдырдыңыздар?

  • — Жаңа маусым жаңа қатысушыларымен қуантады. Жобаға бірден 5 резидент қосылды. Олардың кім екенін эфирден көресіздер, мүмкін, шет жағасын әлеуметтік желіден де байқаған боларсыздар. Белгілі бір себептерге байланысты 3-4 резидент кетті. Одан бөлек, жаңадан импровизациялық айдарлар қосылды.

  • Жобаға резиденттер қалай таңдалады? Нені негізге аласыздар? Импровизациядан бөлек, не маңызды?

  • — Мен продюсер ретінде әзіл ортасынан, жайдарманнан шыққан адаммын. Сондықтан, бірінші кезекте, өзіме жақын жайдарман қатысушыларын, түлектерін аламыз. Олармен қалай жұмыс істеу керектігін білемін. Тағы бір айта кететіні, олар қай салада болмасын бағытын көрсетсең бірден қағып алады. Бір қатысушымыз ғана КВН-ге қатысы жоқ, блогерлікке жақын. Таңдаудағы талапқа келетін болсақ, импровизациядан бөлек, ең бастысы – тәртіп. Тәртіп болмаса, жүйе болмайды.

  • Қазіргі құрамның бұрынғы құрамнан ерекшелігі?

  • — Қазіргі құрам бұрынғыға ұқсамайды. Бұрынғылары осал болған жоқ, өз орнын, ізін қалдырды. Екі құрамды салыстырғым келмейді. Мен үшін барлығы бірдей ыстық. Әрқайсысының орны бар.

  • Жастармен жиі жұмыс істейсіз. Әзіл саласында жинаған тәжірибеңізге сүйеніп айтыңызшы, аяқ алыстары қалай? Үйренгендері анық, үйреткендері бар ма?

  • — Қазіргі жастар аға буынға қарағанда мықтырақ әзілдейді. Өйткені оларда техникалық мүмкіншілік бар, тақырып аясы кең. Біздің кезімізде 2003-2010 жылдарды алайықшы, медиа, музыка, кино саламыз дамымаған кез еді. Ол кезде ТМД-да не болып жатыр, соны әзілдейтін едік. Қазір тек өзіміз жайлы әзілдеуге мүмкіндік бар. Тек қазіргі жастарда еріншектік байқалады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Сәл еңбектенсең, мүмкіндік есіктері көп екенін ұғынса ғой деп ойлаймын. Ал жастардан алатынымыз – энергия. Солармен араласып, жас болып кетесің. Продюсер ретінде оларға ұрсамын деп ұрысқақ ағаға айналамын, ал сахнада мәнгі жаспыз.

  • Ұnight Show бағдарламасының концепциясын жетілдіруді үнемі ойлап жүретініңізді айтқан едіңіз. Алда тағы қандай  эксперименттер болады?

  • — Жаңа айдарлар күтесіздер. Қазір бізде мысалы, «Ұрлайық» (Ұр like) айдары бар. Ол бойынша көрермен таңдаған кез келген резидент, караоке форматында қойылған кездейсоқ орыс тіліндегі әнді қазақша аударып айтып беруі тиіс. Шоудың қалған қатысушылары, әннің орындалуына баға беретін сарапшы есебінде сахнада пікір айтады. Одан бөлек, «Рэп батл» айдары бар. Онда  резиденттер екіге бөлініп, көрермен берген екі тақырыпта, табан асты ұйқас шығарып, сөз таластырады. Жеңімпаз топты көрермен таңдайды.  Осылай-осылай жаңа айдарлармен қуанта береміз.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген «Ұnight Show» ойын-сауық бағдарламасы 5 сәуірден бастап әр жұма сайын сағат 18.00-де эфирге шығады.