Қостанайда жергілікті сақшылар 57 жасты ер адамды құрықтады. Оған 12 жасар немере қызын зорлады деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы Құрал Сейітханұлы Фейсбук парақшасында жазды.
Қыздың айтуынша:
«Атасы» азғын әрекеттерін осы жылдың қаңтар айынан бері жасап келген. Үйде ешкім қалмаған кезде ол кішкентай қыздың еріндерінен сүйіп, шешіндіріп, арам пиғылын іске асырып жүріпті. Нәтижесінде 12 жасар қыз «атасының» азғындық жасау барысын телефонына жасырын түсіріп алып, өз анасына көрсеткен екен. Сұмдықты көрген анасы бірден полицияға хабарлаған.
Анасының айтуынша, тергеушілер үйді тінтіп, төсек жаймаларын тәркілепті. Сондай-ақ, қыздың тәнін зерттеп, қажетті биоматериалдарды да алған. Ал, 57 жасты «атасымақ» тергеу изоляторына қамалды.
Анықталғандай, әлгі 57 жасты ер адам 12 жасар қыздың туған атасы емес екен. Әжесінің екінші күйеуі болып шықты. Отасқандарына 15 жылдан асыпты. Ал, кішкентай қыз анасымен бірге әжесінің үйінде тұрады. Яғни, 12 жасар қыз «атасымақтың» көз алдында өсіп, оны тіпті, «ата» деп атайтын болған. Анасы мен әжесі күндіз жұмыста. Ал, «атасымақтың» тұрақты жұмысы жоқ. Сондықтан немересімен жиі оңаша қалатын болыпты. Қазіргі таңда, анасы құзырлы мекемелердің табалдырықтарын тоздырып, әділдік іздеп әлек. Ал, әжесі болса, адвокат жалдаған. Бірақ немересі үшін емес, азғын шалын қорғау үшін.
Осындай психологиялық ауытқуы бар азғындарды халықтан оқшаулау керек.