Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек - Президент - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек - Президент

Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек - Президент

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліміне сәйкес, 1921-1954 жылдары "халық жауларын анықтау" саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды.

  • 31 Мамыр
  • 8
Фото - Caravan.kz

Мемлекет басшысы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

«Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз.

Мемлекетіміз қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр. Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек.

Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз», – деп жазды Президент.

Қазақстанда 1997 жылдан бері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Ресми мәліметке сәйкес, 1921-1954 жылдары «халық жауларын анықтау» саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді. Бұдан бөлек, миллиондаған адам ашаршылықтың құрбаны болды. Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясатынан миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тұтас халықтар қудалауға түсті.

31 мамырда ашаршылықтан қаза тапқандарды да еске алады. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды нәубеттен әсіресе қазақ халқы қатты зардап шекті.

Республикада 40 миллионнан астам бас мал қырылды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Кейбір деректер бойынша ең кемі 2 млн адам аштықтан ажал құшқан. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті.