"Еврей ұлтын аштықтан құтқарған": Қазақстан шегірткені жеуге дайын ба? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Еврей ұлтын аштықтан құтқарған":  Қазақстан шегірткені жеуге дайын ба?

"Еврей ұлтын аштықтан құтқарған": Қазақстан шегірткені жеуге дайын ба?

Соңғы уақытта елімізде өзекті тақырыптың бірі - шегіртке.

  • 26 Маусым
  • 26
Фото: ашық дереккөз

Аудан мен ауылдардағы егіс алқаптарын опырып жатқан жәндік халықтың бас ауруына айналды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Еврей ұлты 40 жыл бойы шөлді кезіп тентіреген шақта, аштықтан құтқарған осы шегіртке деген аңыз бар. Ал қазіргі уақытта шегіртке бізді құртып жатыр. Қазақстаннан басқа Ресей де зиянкестерге таланып жатыр. 10 000-ға жуық гектар жер шегірткелерден зардап шекті. Олардың қатарында Ресей облыстары, Қазақстан және Тәжікстан мемлекеті бар. 

Отырар, Шардара, Арыс аудандарының халқы жыл сайын шіркеймен алысып жатады. Оларға биыл Кеген ауданы қосылды. Егіс алқабын құрт басып қалды. Әбден жетіліп, қанаттанып алған зиянкестердің беті қайтатын түрі жоқ. Жолында кездескенді жайпады.

Одан Арыс ауданының диқандары шегірткеге таланды. Өздері ғана таланса бір жөн, еккен егіндерін түгел жайпап кетті. Шегіртке гектарлап егін еккен жұрт тұрмақ, есік алдындағы алақандай жерге бақша отырғызғандардың өзін әбігерге салып қойды.

«Бір-екі сағат ішінде егіс алқабымыздың түгін қалдырмады. Еңбегіміз зая кетті. Қайтадан шықпайды енді», — деді Түркістандық фермер Зүлфия Әбішова. 

Атырау халқы миллиард масаға таланды. 

Халық шу көтіріп жатқан кезде, билік айтарға сөз таппай «шегіртке халал» деген сылтауды айта бастады. Оны Серік Жұманғарин айтты. 

«Шегіртке бүгін я кеше келген жоқ, байырғы заманнан келе жатқан жәндік. Кейбір елдер шегіртке өндіруді және олардан керемет ақуыз тағамдарын дайындауды үйренген. Бұл тағам бізге келмейтін шығар, бірақ, шын мәнінде, бұл халал өнім», — деді. 

Құранда шегіртке жалғыз адал жәндік екені айтылған. Оны еш өңдеусіз, табиғи түрінде қолдануға болады деген сөз. Бұл зерттеуді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы растады. 

“Пайғамбардың хадисі бойынша екі өлексе адал етілді, соның бірі — шегіртке. Оны жеуге болады. Алайда, адал деген сөз жей беруге болады деген сөзді шығармайды. Яғни оны жеу міндеттелмейді, әр өңірдің табиғаты мен мәдениетіне байланысты жеп-жемеу әркімнің өз еркінде,”- деген еді дін қызметкері.

«Әрбір мемлекеттің өзінің дәстүрі бар. Қазаққа тән емес дәстүр деп білемін. Сондықтан қазір оның зияны, пайдасы бар, халал, халал емес деп айтуға дайын емеспін», — деп жауап берген еді Денсаулық сақтау министрі. 

Былтыр эколог Кенен Дүйсенбеков Африканы мысалға келтіріп, «шегірткелерді қараңғыда орып», тағамдық қоспалар немесе гамбургер дайындау керектігін де айтқан. 

Себебі мынау. Зиянкестермен күресу үшін химиялық у шашады. Ол тек кәсіпке ғана емес, адамдардың денсаулығына да зиян. Пестицидтер табиғатқа ғана емес, адамдарға да қауіпті дейді экологтар. Олар шенеуніктердің зиянкестермен күресудің мұндай даулы әдістерін әлдеқашан қайта қарауы керек екеніне сенімді.

Дегенмен, қателік болды. Халықтың қайсар еңбегі далаға кетті. Қарапайым халық шенеуніктердің немқұрайлылығынан зардап шекті. Зиянкестерге қарсы улау жұмысын жүргізуді жергілікті әкімдік кеш бастаған. Түрлі сылтаулар айтып, ақталды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталмаған деді. Сол себепті демеушілердің ғана көмегіне жүгіндік деді. Сол себепті улау жұмыстары кеш басталды деді. Осылар әдейі істей ме, халыққа жау ма?

Шегірткелер туралы не білеміз?

Үйірімен өмір сүретін зиянкестің біздің елде де 271 түрі кездеседі екен. Аналық шегіртке мамыр айында топырақты терең қазып, жұмыртқалайды. Дернәсіл мамыр айында қанатсыз пайда болады. Бір ай уақыттан соң қанаттары шығып, ұшу қабілетіне ие болады. Артқы аяқтары ұзын болғандықтан, олар алысқа секіре алады. Шегіртке бір күнде 80-120 шақырымға дейін ұша алады. Азия аймағындағы шегірткелердің негізгі қорегі қамыс болғанымен, шегіртке отары 1-2 сағатта мыңдаған астық алқабын жоқ қылып жібереді.

Ал БҰҰ мәліметтері бойынша, шегіртке – әлемдегі ең танымал жеуге болатын жәндіктердің бірі. Оны тек Қытайда ғана емес, Азияның басқа елдерінде де, Африка мен Латын Америкасында да жейді екен. Әлем бойынша 2 миллиардтан астам адам шегірткелерді азық ретінде пайдаланады.

АҚШ, Бельгия, Франция, Ұлыбритания, Вьетнам, Бразилия және Мексикадағы жеуге болатын жәндіктер нарығы 2015 жылы 33 миллион долларға және 2017 жылы Оңтүстік Кореяда 142 миллион долларға бағаланды. Таиланд шегірткелерді қоса алғанда, жыл сайын 1,14 миллион долларға жеуге жарамды жәндіктерді импорттайды. Таиланд тұтынушылары бір кг үшін 7-11 доллар тұратын шегірткелерді жоғары бағалайды, ал кәдімгі еттен айырмашылығы, оның құны 0,8-3 доллар. 2026 жылға қарай жабайы жиналған және өсірілетін болып бөлінбейтін жеуге жарамды жәндіктердің болжамды әлемдік нарығы 1,5 миллиард доллардан асады деп күтілуде.

Қазақстан билігі өз қателіктерін біліп отыр. Сондықтан ғалымдар мен сарапшыларды жинап, шегірткелерді өңдейік деген шешім шығарады. Неміс ғалымдарымен бірлесе отырып, арнайы құрылғылар мен электр разрядтары арқылы шегірткелерді жинап, сал ауруына шалдықтыратын зерттеулер жүргізді. Егер мемлекеттік қолдау болса, ұйым осы бағыттағы әзірлемелерді жүргізеді, бұл «шегіртке мәселесін» шешуге және қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жоғары сапалы және жаппай ақуыз көзімен қамтамасыз етуге көмектесетініне сенімді.

Батыс зерттеушілерінің пікірінше, шегіртке – болашақтың тағамы. Шегірткенің тағамдық құндылығы мен пайдалылығын тарих және көптеген зерттеулер әлдеқашан дәлелдеген. Оның құрамында 45% дейін ақуыз, 4,5% май және минералды заттар бар. Яғни, шегірткеде таңдалған сиыр етіне қарағанда үш есе көп ақуыз бар. Зиянды холестерин жоқ. 500 шегірткеден 750 г таза ақуыз алуға болады. Ер адам 15 күн тамақтана алады.

2050 жылға қарай жер шарындағы халық саны 9,1 миллиардтан асады деген болжам бар.
 
«Бүгінгі күні әлемде шегірткелерді азық ретінде тұтынатын адамдардың көптігін ескере отырып, азық-түлік өнімі ретінде шегірткенің әлеуетті нарықтары ашылуда. Мысалы, қазіргі уақытта Қазақстанда Artemia Salina шаяндары жиналуда – таяз теңіздер мен тұзды көлдерде мекендейтін, белокқа бай және балық тағамы ретінде үлкен сұранысқа ие планктонды организмдер косметологияда бағалы шикізат болып табылады, ал өндіріс. диеталық қоспалар. Шаянтәрізділер Қазақстанда өндіріліп, Қытай мен Ресейге экспортталады», – дейді Бауыржан Қасенов.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық өнімдері ұйымы шегірткені азық етуге ресми рұқсат берген. Екі жыл бұрын ұйымның мәлімдемесі БАҚ басылымдарында шықты.

«Таяу болашақта орын алу ықтималдылығы басым азық-түлік тапшылығының алдын алу үшін шара аясында аталмыш жәндіктен жасалған өнімдер кептірілген, ұсақталып, ұнтаққа айналдырылған немесе мұздатып қатырылған түрлерінде тұтынушыларға жол тартады. Шегіртке – ақуызға, дәруменге, тағы басқа да қоректік заттарға бай, табиғи өнім. Протеиннің баламалы көзі ретінде пайдалану арқылы жаһандық жылынуға себеп болып отырған мал шаруашылығынан бөлінетін парникті газдың мөлшерін азайтуға болады», — делінген ұйымның баспасөз қызметінде. 

Шегірткеге таланған фермерлердің жан-айқайынан кейін билік өз қателіктерін түзетуге кеш те болса кірісті. Ресей тарапының деректері бойынша Орынбор облысында 22 мың га, ҚР шекарасы бойында 10 км өңделген. Яғни зиянкестер қаптаған аумақтардың 66 пайызы тазартылған.

Былтыр бұл жәндіктер 1,5 млн гектар жерге тараған. Бірақ оларды жоятын өнім уақытында алынбағандықтан 2,5 млн гектар жерге көбейіп кеткен. Ауыл шаруашылығы министрі егер шаруаларға шегірткеден шығын келсе 5 пайыз жеңілдікпен субсидия беру мәселесі қарастырылғанын айтты.

Жалпы, биыл зиянкестермен күреске 8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Шенеуніктер шегірткеден шығын келген жоқ деп отыр. Анық қандай шығын болғанын алдыңғы уақытта білетін боламыз.