Қоғамның үні естілді: Сайрандағы «адамгершілік» символы «эвтаназия» түсінігін ығыстырды  - kaz.caravan.kz
  • $ 462.91
  • 542.16
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қоғамның үні естілді: Сайрандағы «адамгершілік» символы «эвтаназия» түсінігін ығыстырды 

Қоғамның үні естілді: Сайрандағы «адамгершілік» символы «эвтаназия» түсінігін ығыстырды 

Қаңғыбас иттердің тағдыры қоғамда ұзақ талқыланды. Қазақстандықтар мен белсенділер иттерді жаппай өлтіру туралы заң жобасына қарсы шыққан. Енді бұл мәселе біржола шешілді.

  • 4 Мамыр
  • 89
Фото: thesteppe/papa_mailo

Caravan.kz медиа порталының тілшісі толығырақ тарқатады.

Сенат «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулердің қазіргі нұсқасын мақұлдамай, құжатты Мәжіліске қайта қарауға қайтарды. Мұндай шешім қабылдауға халықтың тигізген үлесі зор екенін айта кету керек. 

Эвтаназиядан бас тарту

Сенаторлар заң жобасының 15-бабынан «эвтаназия» терминін толық алып тастауды ұсынды. Бұған дейінгі редакцияда иесі табылмаған жануарларды ұсталғаннан кейін бес күн ішінде ұйықтату әдісі қарастырылған еді. Аталған норма қоғамда наразылық тудырып, жануарларды қорғаушылар мен белсенділер тарапынан қатаң сынға ұшырады.

Сенат бұл ұстанымды қолдап, жануарларға қатысты мұндай тәсілді қайта қарау қажет екенін көрсетті.

Бес күн жеткіліксіз

Құжаттың даулы тұстары жетерлік. Соның тағы бірі — жануарларды уақытша ұстау мерзімін бес күнмен шектеу. Сенаторлардың пікірінше, көрсетілген мерзімнің нақты себебі жоқ, және барлық өңір үшін бірдей болуы тиімсіз.

Сондықтан жергілікті мәслихаттарға қаңғыбас жануарлардың санын реттеу тәртібі мен мерзімін өз бетінше белгілеу құқығын беру ұсынылды. Бұл әр өңірдің ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді.

«Қаңғыбас жануар» ұғымын нақтылау 

Сенат жануарды «қаңғыбас» деп тану критерийлерін де нақтылауды талап етті. Атап айтқанда, жануарда чиптің болмауы оны автоматты түрде қаңғыбас деп тануға негіз болмауы тиіс.

Негізгі белгі — жануардың иесінің болмауы. Бұл түзету адасып кеткен үй жануарларын абайсызда өлтіріп алмауға бағытталған.

Әрі қарай не болады?

Енді Мәжіліс Сенат енгізген ұсыныстарды қайта қарап, түпкілікті шешім қабылдайды. Егер депутаттар түзетулермен келіссе, заң жаңа редакцияда қабылданады. Ал келіспеген жағдайда екі палата арасында келісу комиссиясы құрылмақ.

Оқи отырыңыз: «Петиция, пікірталас және билік ұстанымы»: Жануарларға қатысты резонанс тудырған заңға Президент араласты

Сайрандағы адамгершілік символы

Қоғамда талқыланып жатқан заң аса қатігездік таныту деп бағаланып, пікірталас жалғасып жатқан кезде, Алматыда орнатылған ерекше ескерткіш әлем назарында. Сайран көлінде орын алған итті құтқару оқиғасына арналған арт-нысан күтпеген жерден әлемдік желіде вирустық танымалдылыққа ие болды.

Фото: art_dailydose

Бұл бірегей туынды туралы 22 миллионнан астам оқырманы бар танымал Art Daily Dose Instagram-қауымдастығы жазды. Басылым автордың ең маңызды сәтті – адамдардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жануарды құтқару үшін «тірі шынжыр» болып тізілген сәтін асқан дәлдікпен жеткізе алғанын атап өткен.

Бұл жазба санаулы уақыт ішінде ондаған мың лайк пен мыңдаған пікір жинады. Желі қолданушылары бұл туындыны «көз тартарлық» әрі «шын мәнінде лайықты» жұмыс деп атаса, оқиғаның өзін шынайы адамгершілік пен өзара көмектің жарқын үлгісі деп бағалауда.

Айта кетейік, бұл арт-нысан 18-ші наурызда Үлкен Алматы өзенінің арнасына жақын жерде орнатылды. Ол 2016 жылы болған нақты оқиғаны бейнелейді: сол кезде суға құлап кеткен итті құтқармақ болған иесі өзі де шыға алмай қалған болатын. Сол маңнан өтіп бара жатқан кездейсоқ жолаушылар еш ойланбастан қол ұстасып, «тірі шынжыр» құрып, екеуін де аман алып қалған еді. Құтқару сәті түсірілген бейнежазба сол кездің өзінде желіде миллиондаған қаралым жинап, көптің жүрегін жаулаған болатын.

Журналист Алексей Алексеев ескерткіш туралы:

«Өте әсерлі шыққан. Ескерткіштің қолына қараңызшы, әбден жылтырап кеткен. Демек бұл мыңдаған адамның келіп, алғыс білдіргенінің белгісі», — деп пікір білдірді.

Фото: facebook.com/veterkz

Пікір қалдырушылар мұндай игі істер адамның жақсылыққа деген сенімін оятып, бейтаныс жандар біріккенде не нәрсеге қауқарлы екенін көрсететінін жазуда. Тіпті кейбір шетелдіктер осындай бауырмалдығы үшін Қазақстанды «жер бетіндегі ең керемет мекен» деп атап үлгерді.