Қазақ қызы еліміздің болашағын өзгертетін жаңалық енгізді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ қызы еліміздің болашағын өзгертетін жаңалық енгізді

Қазақ қызы еліміздің болашағын өзгертетін жаңалық енгізді

Ол құбылыстың аты – Дана Молдақұлова.

  • 4 Шiлде
  • 21
Фото: ашық дереккөз

Бізді ішкі діни, сыни, әдеби, мәдени тартыстар емес, дамыған елдерге барып, әлемнің қандай шаруа бітіріп жатқанын көрген технократ қазақ жастары ғана алға сүйрейді. Осы болашақтың кемесіне секіріп үлгереміз бе? Бұл туралы экономист Айбар Олжаев пікір білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Оңтүстік Корея ғана емес, бүкіл Азияның Гарварды атанған KAIST университеті Қазақстанда өз филиалын ашатын болды. Көп елдер KAIST үшін бәленбай жыл бойы таласып келеді. Бірақ KAIST оларға мойнын бұрып қараған да емес. Өзбекстан 2016 жылдан бері қайта-қайта хат жазып шақырса да, келтіре алмады. Ал біздің жалғыз жас қыз, ешкімнің көмегінсіз өзбек білім министрлігі жасай алмаған шаруаны атқарып, KAIST акционерлерін Қазақстанда перспектива бар деп сендіре алған.

Ол құбылыстың аты – Дана Молдақұлова

Дананы ел бесігі Семейде апасы жалғыз тәрбиелеген еді. Сондықтан ол өзіне ғана сенді. Семейде 7 сынып оқып, Алматыдағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға тапсырады. Сол кезде апасы екеуі пойызға алғаш рет отырған. Интернатта 4 жыл бас көтермей оқып, Алтын белгіге барады. Ал ҰБТ-да 125 балдан 121 балл алған. Ол кезде КИМЭП ауылдан шыққан дарынды балаларға арналған 5 жылдық тегін грант беретін. Соның бірі Данаға бұйырған екен. Институтта оқып жүріп, КИМЭП-тің Оңтүстік Кореямен студент алмасу бағдарламасына қатысады. Осылайша тағдыр оны Kyung Hee университетіне айдап жіберген. Оны да сәтті бітіріп, стипендиямен АҚШ елінде SUSI бағдарламасы бойынша Сиетл қаласында оқиды. Оқуды бітіріп, әлемдегі Биг4 компанияның бірі – PWC-да аудитор болып қызмет ете бастайды. Артынан өзіміздің Air Astana қабырғасына ауысып, жемісті қызмет етіп, отбасы құрып, декретке кетеді.

KAIST пен Дана: алғашқы контакт

Дана декретте білімін жетілдіруді ойластырады. Отбасымен ақылдасып, IT, инженерия, инновация бойынша университет қарай бастаған. Ұзақ зерттеп, KAIST университетіне кезігеді. Университет 50 жылда қатты дамып, Гарвард, MIT секілді университеттермен иық тірескен екен. Әлем бойынша инновацияның нақты өлшемі саналатын «World Patent» бойынша ТОП-20-ға кірген. Мысалы, MIT жылына 180 патент тіркесе, KAIST 160 патент тіркейді. Бұл керемет көрсеткіш. Дана қайтсе де осы университетке түсуге бел буады және ақыры түсіп, оны үздіктер қатарында бітіріп шығады.

Қазаққа келген KAIST

Бітіріп шыққаннан кейін, Дананың басына үлкен идея келеді. Осы идеяның кейін қазақ тағдырын өзгертерін Дана әрине білген жоқ. Қазір де сезінбеуі мүмкін. Бірақ Дана қазақ халқының болашағына коррекция берді. Оны 20 жылдан кейін байқайсыздар.

KAIST университетін Қазақстанға қайтсе де алып келу. Осы шешімнен кейін ауыр жұмыс басталады. Дана KAIST университетінің басшылығы мен ҚР Жоғары Білім және Ғылым министрлігіне хатты қарша бората бастады. Қайсар қыз табандап тұрып алғаннан кейін, университет пен министрлік бір-бірімен онлайн сөйлесуге келіседі. Бір рет онлайн сөйлеседі, сосын бірнеше мәрте кездеседі. Өстіп жүріп, бізге Оңтүстік Корея президенті келгенде, филиал ашу туралы келісімге ресми, үлкен деңгейде қол қойылады.

Қазақ басына қонған чип

Әлемде Нидерланды ғана кремний литографиясы технологиясын (ASML) меңгерген. Ал одан кейінгі чип өндіру технологиясына санаулы елдер: Тайван, АҚШ, Қытай мен Оңтүстік Корея иелік етеді. Қазір Самсунг өндіріп, жан-жаққа экспорттайтын чиптер кезінде осы KAIST университетінің лабораториясында жасалған. Оқу ордасы Thomson Reuters рейтингінде 34 орынды иеленеді және Корея үшін басты инновациялық орталық, «зерттеуші ми» статусындағы стратегиялық нысан болып табылады.

Осындай әлеуетті орда Қазақстанға өз аяғымен келіп отыр. Бұл үлкен жаңалық. Ертең KAIST қабырғасында білім алған қазақ жастары чип, жасанды интеллект, криптаға керек графикалық үдеткіштер жасай бастаса, біз одан анық ұтылмаймыз.

«Бізді ішкі діни, сыни, әдеби, мәдени тартыстар емес, дамыған елдерге барып, әлемнің қандай шаруа бітіріп жатқанын көрген технократ қазақ жастары ғана алға сүйрейді. Осы жастар қазақ ұлтының соңғы үміті. Болашаққа бет алған кемеге секіріп үлгереміз бе? Әлде бір-біріміздің сүйегімізді кеміріп, ықылық атып жата береміз бе? Таңдау тек қана өзімізде», — деді экономист.