Халықтың күрделі музыкаға қызығушылығы артып келеді: Т. Әбдірашев атындағы оркестр жаңа маусымын әлемдік классикамен бастады  - kaz.caravan.kz
  • $ 450.91
  • 522.69
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Халықтың күрделі музыкаға қызығушылығы артып келеді: Т. Әбдірашев атындағы оркестр жаңа маусымын әлемдік классикамен бастады 

Халықтың күрделі музыкаға қызығушылығы артып келеді: Т. Әбдірашев атындағы оркестр жаңа маусымын әлемдік классикамен бастады 

Төлепберген Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі жаңа 91-концерттік маусымын ашты.

  • 14 Қыркүйек
  • 1
Фото: Caravan.kz/Жансая Талипова

Маусымның алғашқы концертіне Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы да қатысып, көрермен назарына әлемдік классикалық музыканың көрнекті туындыларының бірі – австриялық композитор Густав Малердің до минордағы №2 «Қайта тірілу» симфониясын ұсынды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.

Фото: Caravan.kz

Концертті Т. Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қанат Омаров басқарды. Хор партияларын Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов жетекшілік етті.

Фото: Caravan.kz

Густав Малердің №2 симфониясы – композитордың ең ауқымды әрі күрделі шығармаларының бірі. Бес бөлімнен тұратын туындыда симфониялық оркестрдің мүмкіндіктері хор мен вокалдық партиялармен ұштасады. Шығармада адам өмірінің мәні, өлім мен өлместік, үміт пен рухани жаңғыру секілді тақырыптар қозғалады.

«Қайта тірілу» симфониясының тарихы да ерекше. Малер шығармаға 1888 жылы Лейпцигте жұмыс істеп жүрген кезінде кіріскен. Алғашында ол «Totenfeier» («Жерлеу рәсімі») атты бір бөлімді симфониялық поэма жазуды жоспарлаған. Кейін бұл шығарма болашақ симфонияның алғашқы бөліміне айналды.

1891–1893 жылдары Малер симфонияның екінші, үшінші және төртінші бөлімдерін жазды. Алайда финалға лайықты мәтін табу композитор үшін біраз уақыт шешілмеген мәселе болды. 1894 жылы дирижер Ганс фон Бюловтың жерлеу рәсіміне қатысқан Малер Клопштоктың «Қайта тірілу» тақырыбындағы хор шығармасын естиді. Осыдан кейін ол симфонияның финалын хорға арналған бөліммен аяқтау туралы шешім қабылдап, шығармаға өз өлеңдерін де қосады.

Симфонияның премьерасы 1895 жылы 13 желтоқсанда Берлинде композитордың жетекшілігімен өтті.

Халықаралық байқаулардың лауреаты, виолончельші Федор Артамоновтың айтуынша, Малердің бұл шығармасы орындаушылар үшін де, тыңдарман үшін де күрделі әрі ауқымды туынды.

«Густав Малердің бұл бес бөлімді шығармасы өте ұзақ әрі күрделі. Жалпы, оның әр туындысы өзінің ауқымдылығымен ерекшеленеді. Бүгін біз бес бөлімнің барлығын бір жарым сағат бойы үзіліссіз орындаймыз», – деді Федор Артамонов.

Музыканттың сөзінше, симфония адам өмірінің басталуынан соңына дейінгі жолын бейнелейді.

«Бұл симфония адам өмірін басынан соңына дейін бейнелейді. Сондықтан бұл әр адамға қатысты тақырып. Густав Малердің өзі де күрделі өмір сүрген композитор. Оның барлық симфониясында ерекше, тылсым дүниелер бар. Бүгін, жексенбі кешінде, осы музыкада берілген көңіл күй мен өмір көріністерін көрерменге жеткізе аламыз деп үміттенемін», – деді ол.

Фото: Caravan.kz

91-концерттік маусымның ашылуына көрерменнің қызығушылығы да жоғары болды. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы директорының менеджмент және маркетинг бойынша орынбасары Біржан Хасанғалиевтің айтуынша, концертке билеттер толық сатылып кеткен. Яғни, залдың көрерменге лық толуы халықтың классикалық музыкаға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

«Бүгін мемлекеттік филармония үшін маңызды оқиға. Көрерменнің әртүрлі жанрдағы концерттерге келіп жүргені қуантады. Бүгін классикалық музыка кеші өтіп жатыр, барлық билеттер сатылып, залда аншлаг болды. Бұл халқымыздың күрделі әрі мазмұнды музыкаға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын», – деді Біржан Хасанғалиев.

Оның айтуынша, жаңа маусым аясында көрерменге түрлі музыкалық бағыттағы концерттер ұсынылады. Филармония құрамында «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі, симфониялық оркестр, Мемлекеттік хор капелласы, Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі және жеке солистер жұмыс істейді.

«Репертуар бойынша бізде аптасына екі-үш концерт өткізу жоспарланған. Филармонияда бірнеше шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өзінің жылдық репертуарын халыққа ұсынады. Бізге келетін көрерменнің арасында жоғары деңгейдегі музыканы тыңдауды ұнататындар көп. Елімізде осындай көрермендердің саны көбейсе, бұл өнеріміздің дамуына және халықтың мәдениетке жақындай түсуіне ықпал етеді», – деді ол.

Фото: Caravan.kz

Төлепберген Әбдірашев атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің 91-концерттік маусымы алдағы уақытта да түрлі концерттік бағдарламалармен жалғасады. Маусымның алғашқы кешінде орындалған Густав Малердің «Қайта тірілу» симфониясы көрерменге әлемдік классикалық мұраның күрделі әрі мазмұнды шығармаларының бірін тыңдауға мүмкіндік берді.