Егер біз «Орталық Азия барысы» деп – осы аймақта экономикасы басқаларға қарағанда қарқынды өсіп жатқан елді айтатын болсақ, онда ресми түрде Қырғызстан барыс деп саналады. Қазақстанның экономикалық өсімі жайлы қаржы маманы Айбар Олжаев пікір білдірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Біз 2000-2012 жылдары, 12 жыл қатарынан барыс болдық. Сол кезеңде жыл сайын экономикамыз 8-10 пайызға өсіп отырды.
Ия, қазір де алға жүріп келеміз. Бірақ жылдық өсім 5 пайыздан аспайтындықтан, Қазақстан экономистер тілінде «орта табыс тұзағына» түсіп қалды. Сондықтан міндетті түрде аң болғымыз келсе, онда біз өзімізді барыс емес, аңшы құрған тұзаққа түсіп қалған қасқыр деп есептегеніміз жөн. Және ол түркі Тәңірінің тотемі – Көк бөрі образына жақсы үйлеседі.
Қырғыз ғажайыбы
Пандемияда Орталық Азиядағы барлық бес мемлекеттің экономикасы тұралап қалды. Одан тез айыққандар да бар, бас көтере алмағандары да бар. 2022 жылы Қырғызстандағы экономикалық өсім 9 пайызды көрсетті. Ал Қазақстан сол жылы 3,2 пайызға өскен болатын. 2022 жылғы жоғарғы базаға қарамастан, 2023 жылы Қырғыз экономикасы 6,2 пайызға өсті. Біз 2023 жылы 5,1% өсім көрсеттік. 2024 жылдың алғашқы жартысында Қырғызстандағы ішкі жалпы өнімнің өсімі 8,6 пайыз болды. Қырғыз үкіметі 2024 жылды 6 пайыздық өсіммен жабамыз деген ойда. Біз 2024 жылдың алғашқы жартысында ішкі жалпы өнімнің небары 3,3 пайызға өсуін тіркедік.
Сонда Қырғызстан ненің есебінен экономикасын жақсы дамытып жатыр? Және оларда бізден қандай айырмашылық бар? Осы сұрақтардың жауабын іздеу үшін мемлекеттердің экономика құрылымына тереңірек үңілу керек болады.
Қырғызстан экономикасының 50,2 пайызы сауда және шағын/орта қызмет көрсету саласынан тұрады. Салық 22,7%, өндіріс 19,2%. Осы үш бағыт – олардың экономикасының негізгі тірегі. Салық пен өндіріс салаларында алтын өндіретін «Құмтөр» кәсіпорнының үлесі шамамен 20-25 пайыз. Демек, алтынның әлемдік нарығының, ондағы өзгерістердің Қырғыз экономикасына әсері шамамен 10 пайыз деңгейінде деп тануға болады.
Биыл да экономиканың өсуін негізінен қызмет көрсету саласы қамтамасыз етті. Оның ішіне трансшекаралық сауда кіретінін ескерсек, Қытайдан Ресейге жасалатын реэкспорттың үлкен рөлін байқаймыз. Бұдан шығатын бір қорытынды — Қырғызстан таза сервистік экономика моделінде және оған қосымша жеңіл өнеркәсіп пен тау-кен өндірісін алып келеді. Бұл жағынан Қырғызстан экономикасының құрылымы тура Алматы агломерациясының құрылымына ұқсайды. Ал Алматыны есепке алмағанда, Қазақстан экономикасының құрылымы мүлде бөлек.
Қазақ тұзағы
Қазақстан экономикасы – шикізаттық экспорттық модельге құрылған. Тіпті ІЖӨ құрылымындағы үлесі басым (54%) қызмет көрсету саласының қомақты бөлігі осы мұнай-газ, тау-кен өндірісіндегі қызмет көрсетуден тұрады. Экономиканың 27,5 пайызы шикізатті өңдіру мен өңдеуге жатады. Бұл жағдайда, бізге экономиканың өсуі үшін сыртқы шикізаттық нарықтарда мұнай мен уран, ферроқорытпалар бағасының ұдайы қымбаттап отырғаны керек. Ал 2023-2024 жылдары нарықта ондай бір кереметтер байқалмайды.
Осыдан шығатын бір қорытынды, қырғыз экономикасы анағұрлым икемді және жағдайға тез бейімделе алады. Дәл қазір оларға санкциялық режим реэкспортпен айналысып, жақсы табыс тауып, ішкі инвестицияларын үлғайтуға және сыртқы қарыз мәселесін шешуге мүмкіндік беріп отыр. Олар бұл мүмкіндікті пайдалануда.
Ал Қазақстан экономикасы ауырлау қозғалады. Және белгілі бір әлеуметтік міндеттемелер мен ұлғайып жатқан қарыз қамытының астында қалып, ертең қажет болады-ау деген салаларға инвестиция құя алмай жатыр. Сыртқы қарыздың артып, бюджет дефицитінің ұлғаюы және Ұлттық қорға созыла беретін алақандар осының дәлелі.
Сондықтан бізге барыс болуды емес, қарыз болмауды қарастырған жөн. Барыс бәрібір Алатау шыңдарында қалды. Тек оңтүстік бөктерге кетіп қалғаны болмаса.