Елімізде қауіпсіздік мәдениетін насихаттайтын әлеуметтік роликтер мен ақпараттық жұмыс неге әлсіреп кетті? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Айта кетейік, полиция мәліметіне сүйенсек, 26 мамыр күні Mercedes маркалы жүк көлігінің жүргізушісі Тәуелсіздік даңғылымен келе жатып, Пушкин көшесіне оңға бұрылған сәтте жолды кесіп өтіп бара жатқан велосипедшіні соққан. Жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған бала алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды.
Марқұм баланың анасы әлеуметтік желіде жазба жариялады. Оның сөзінше, ұлы өте белсенді, өмірді сүйетін, асығыс, қимыл-қозғалысы көп бала болған.
«Бұл жағдайда өзімізді де, жүргізушіні де, велосипедті де кінәлауға болады. Бірақ одан не өзгереді? Жүргізуші кінәлі емес. Өткенді қайтара алмаймыз», — деп жазды анасы.
Бұл сөз көпшілікке қатты әсер етті. Себебі мәселе тек бір жүргізушіде немесе бір ғана сәттік қателікте емес. Балалар әрдайым қауіптің деңгейін толық сезіне бермейді. Олар асығады, алаңдайды, жолды тезірек кесіп өткісі келеді. Сондықтан жол қауіпсіздігі туралы ережелерді тек мектепте айтып қою жеткіліксіз. Ол қоғамда күн сайын айтылып тұратын мәдениетке айналуы керек.
Осы мәселені журналист Данияр Есен де көтерді. Оның айтуынша, бұрын телеарналарда әлеуметтік роликтер әлдеқайда көп болатын.
«Бұрын теледидардан денсаулық, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік туралы түрлі әлеуметтік роликтер жиі көрсетілетін. Кейбірі халықтың есінде жылдар бойы сақталды. Мысалы, “Мама, я надел шапку” деген роликтің өзі үлкен талқылауға айналған еді», — дейді журналист.
Оның пікірінше, қазір эфир кеңістігінде қоғамдық маңызы бар контент азайып кеткен. Оның орнын ойын-сауық бағдарламалары, шоу, сериалдар мен жарнамалар басқан.
Ал әлеуметтік роликтердің әсері өте үлкен. Себебі есте қалған бір ескертудің өзі өмірді сақтап қалуы мүмкін. Мысалы, дұрыс тамақтану, артық салмақтың зияны, қант диабетінің алдын алу, қоғамдық көліктегі тәртіп, мұзда тайып құламау, суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік немесе жол ережелері туралы қысқа да түсінікті роликтерді тұрақты түрде көрсетіп отырса, ол адамдардың санасында міндетті түрде сақталады.
Әсіресе балаларға қатысты қауіпсіздік ережелері жиі айтылуы керек дейді мамандар. Өйткені бала бір ережені бір рет естіп қана қоймай, оны қайта-қайта көріп өсуі қажет.
Қазір әлеуметтік желіде алғашқы медициналық көмек туралы пайдалы контент жариялап жүрген мамандардың бірі — Вайрат. Ол өз блогында төтенше жағдай кезінде не істеу керек екенін, адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін қарапайым әрекеттерді түсіндіреді. Оның видеолары миллиондаған қаралым жинап, көпшілік арасында кең таралып жүр. Пікірлерге қарағанда, адамдар оның кеңестерін пайдалы әрі өмірге қажет ақпарат ретінде қабылдайды.
Осы трагедиян кейін ол балалардың жол қауіпсіздігіне қатысты арнайы видеоролик жариялады. Маманың айтуынша, ата-аналар баласына ең қарапайым, бірақ өмір сақтайтын ережелерді күн сайын ескертіп отыруы керек.
Мысалы:
— жаяу жүргіншілер жолағынан өтпес бұрын құлаққапты шешу;
— капюшонды түсіру;
— жолға жүгіріп шықпау;
— автобустың арт жағымен ғана айналып өту;
— велосипед пен самокаттан түсіп өту.
Сондай-ақ ол үлкен жүк көліктерінің жанында «соқыр аймақ» болатынын түсіндіру өте маңызды екенін айтады. Өйткені жүргізуші кей жағдайда баланы мүлде көрмей қалуы мүмкін.
Маманның сөзінше, жаяу жүргіншілер жолағының өзі толық қауіпсіз аймақ емес. Сондықтан балаға «көлік міндетті түрде тоқтайды» деген түсінік емес, ең алдымен сақтық мәдениеті үйретілуі қажет.
Бұл бағытта шетелдік тәжірибе де жиі мысалға алынады. Мысалы, Ұлыбританияда қоғамдық көліктерде, телеарналарда және көшелерде қауіпсіздік туралы ескертулер тұрақты түрде беріліп отырады. Балаларға арналған жол қауіпсіздігі роликтері ондаған жыл бойы үздіксіз көрсетіліп келеді. Себебі мұндай ақпарат адам санасында бір күнде қалыптаспайды. Ол тұрақты қайталану арқылы ғана әсер етеді.
Ал Қазақстанда әлеуметтік жарнаманың орнын көбіне ойын-сауық контенті басып кеткендей әсер қалдырады.
«Мемлекеттік арналарға миллиардтаған теңге бөлінгенімен, қоғамға пайдалы әрі тәрбиелік мәні бар роликтер өте сирек көрсетіледі. Мемлекеттік арналардың басшылары осы жәйтті басты назарда алуы керек деп ойлаймын», — дейді Данияр Есен.
Телеарналар мен әлеуметтік желілер тек көңіл көтеретін алаң болуы керек пе, әлде адам өмірі мен қауіпсіздігіне де жауапты ма? Өйткені кейде бір ғана қысқа ескерту, бір ғана дұрыс түсірілген ролик бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.