"Декреттік демалысты 12 жасқа дейін созып, ақша төлесін:" Жаңа заң жобасы қоғамның талқысына түсті - kaz.caravan.kz
  • $ 515.25
  • 535.91
-8 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Декреттік демалысты 12 жасқа дейін созып, ақша төлесін:" Жаңа заң жобасы қоғамның талқысына түсті

"Декреттік демалысты 12 жасқа дейін созып, ақша төлесін:" Жаңа заң жобасы қоғамның талқысына түсті

Балалар омбудсмені заң нормасына өзгерістер енгізуді ұсынды. Қоғам не дейді?

  • 3 Желтоқсан
  • 10
Фото: pixabay.com

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева 12 жасқа дейінгі балаларды үйде жалғыз қалдыруға заңмен тыйым салу керек деген ұсыныс тастады. Алайда қоғам белсенділері мен ел тұрғындары бұл өзгерістерді түсінбеді. Caravan.kz медиа порталы толық зерттеп көрді.

Бұл бастама ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұсынылды. Егер ата-аналар бұл талапты бұзса, олар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл өзгерістер «Әйелдер мен балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» заң жобасы аясында енгізілуде. Мұндай шектеулер балалардың үйде қалу кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр.

Халық қалай қабылдады?

Алайда қоғам белсенділері мен қарапайым халық бұл шектеулермен келіспейді.

«Әрине, Есілдің ар жағында отырып алып, анаған тыйым мынаған тыйым деп айта беруге болады. Алайда, сол ата-аналар балаларын үйде жетіскеннен жалғыз қалдыра ма?», — деп пікір білдірді журналист Гүлмира Абықай.

Осыған дейін соңы қайғылы аяқталған оқиғалардың бәрінде қайран аналар балаларға қу тамақ табуға кеткені анық. Кешегі Жетісайда арба итеріп жүрген екі балақай да ерігіп базарда жүрген жоқ. Олар 12 жасқа дейін үйде отырса аштан өліп қалады. Басқа ересектер нәпақаға табуға шықпаса, балалары тағы киім-сусыз қалады.

Бір нәрсеге заңды тыйым салу үшін алдымен соның балама механизмін жасау қажет емес пе?

Халықтың пікірі де орынды:

«Тереңінен ойлап барып айту керек. Ата-ана баласын асырап-бағу үшін жұмыста. Әрине баланы жалғыз қалдырғымыз келмейді, бірақ амалымыз бар ма?;

Декреттік демалысты 12 жасқа дейін созып, ақша (жәрдемақы) төленсін онда;

Амалдап күн көріп жүр ғой бәрі де. Байлар ғана он екі жасқа дейін жүргізуші, мұғалім , күзетші жалдайтын шығар;

Аналарға үйде отыратындай жағдай жасай алар ма екен? Жоқ әлде онсыз да жыртық көрпесі не басына, не аяғына жетпей жүрген байғұсты балаларды жалғыз қалдырды деп штрафтың астында қалдырмақ па? — деп жазып жатыр желі қолданушылары.

«Зағипа Балиева бұл норманы 5 жыл бұрын ұсынған. Қазір Зәкиева алға тартып отыр. Бірақ заң нормасын жүзеге асыру үшін оған күрделі экономикалық реформалар, жәрдемақылар, тегін балабақшалар мен үйірмелер қажет», — дейді «Немолчи» қорының жетекішісі Динара Смайлова.

Қараусыз қалған балалармен болған қайғылы жағдайлар

2023-2024 жылдары ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың қатысуымен бірқатар қайғылы оқиғалар тіркелді. Олардың арасында ең жиі кездесетіндері:

Терезеден құлау: Қазақстанда соңғы жылдары балалардың терезеден құлау оқиғалары артқан. 2024 жылдың алғашқы алты айында 223 бала терезеден құлап, 12-сі қайтыс болды. Көп жағдайда ата-аналардың салғырттығынан терезе ашық қалдырылады немесе қауіпсіздік шаралары ескерілмейді.

Өрт: Қостанай облысында бес бала өрт кезінде қаза тапты. Балалардың ата-анасы оларды қараусыз қалдырып, қайғылы жағдай орын алды. Бұл оқиға үшін ата-анаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Суға бату: Үй маңындағы су айдындарында немесе бассейндерде қараусыз қалған балалардың суға бату оқиғалары да жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда ата-аналардың жауапкершілігі басты мәселе ретінде қарастырылады.

Нәресте өлімі: Астанада 4 айлық сәби қараусыз қалып, денсаулығына байланысты қайғылы оқиға орын алды. Бұл да ата-ана бақылауының жетіспеуінен болған жағдай ретінде тіркелді.

Басқа елдердегі тәжірибе

Әлем елдерінде балаларды қараусыз қалдыруға қатысты заңдар бар. Мысалы АҚШ-тың көптеген штаттарында балаларды жалғыз қалдырудың заңды жастары белгіленбеген. Алайда Иллинойста — 14 жас, Делавэр мен Колорадо штаттарында — 12 жас. Ал Канзас штатында балаларды 6 жастан бастап қысқа уақытқа жалғыз қалдыруға рұқсат.

Ұлыбританияда нақты жас шектеуі көрсетілмеген, бірақ кейбір дереккөздерінде 14 жасқа дейін жалғыз қалдыру қылмыстық жауапкершілікке әкеледі делінген. Яғни балаларды қауіпті жағдайда жалғыз қалдыру заңға қайшы. Алайда ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударып, олардың жалғыз қалуға дайын екенін бағалауға кеңес беріледі.

Германияда 14 жасқа дейін балаларды қараусыз қалдыру қауіпті. Қараусыз қалдырған жағдайда, ата-аналар заң алдында жауап береді.

Жапонияда балаларды жалғыз қалдыру заң бойынша қатаң емес, бірақ мәдени тұрғыда балалар жиі қауымдастық ішінде бақыланады.