"Олигархтарды басқа жерден іздеп жүрсіздер, миллиардтарды жымқырып жатқандарды іздеңіздер": Депутаттар шағын бизнеске қысым жасамауын талап етті - kaz.caravan.kz
  • $ 529.7
  • 545.96
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
16 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Олигархтарды басқа жерден іздеп жүрсіздер, миллиардтарды жымқырып жатқандарды іздеңіздер": Депутаттар шағын бизнеске қысым жасамауын талап етті

"Олигархтарды басқа жерден іздеп жүрсіздер, миллиардтарды жымқырып жатқандарды іздеңіздер": Депутаттар шағын бизнеске қысым жасамауын талап етті

Депутаттардың пайымдауынша, мұндай қысым бизнесті экономикалық және әлеуметтік шығындарға тіреп, азаматтардың қаржылық әл-ауқатына қауіп төндіреді.

  • 16 Қаңтар
  • 12
Фото: vecher.kz

«Ақ жол» фракциясы Парламент қабырғасында мобильді аударымдарға қатысты мәселені көтеріп, бақылау параметрін қайта қарауды, мобильді аударымдарды тексереміз деп оны азаматтар мен шағын бизнеске қысым жасайтын құралға айналдырмауды талап етті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдаған.

Сауалда фракция мүшелері сарапшы Олжас Байдельдиновтің пікірін алға тартады.

«Төлемдерді жаппай бақылау арқылы түрік моделін қайталауымыз мүмкін. Оларда қолма-қол төлемдерге қарағанда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу құны 10%-ға қымбаттады. Бұл елде инфляцияның күрт өсуіне себеп болады», — деді.

Яғни, депутаттардың пайымдауынша, мұндай қысым бизнесті экономикалық және әлеуметтік шығындарға тіреп, азаматтардың қаржылық әл-ауқатына қауіп төндіреді. Сол үшін шетелдік үздік тәжірибеге сүйене отырып, мобильді аударымдарды бақылау форматын қайта қарауды ұсынады.

Азат Перуашев бастаған фракция Ресейдің тәжірибесін алға тартып отыр. Көрші елде күніне 30-дан астам аударым алатын тұлғалар ғана мониторингке жатады екен. Бірақ олардың әрбір төлемі 1 мың рубльден жоғары болуы керек те, бір айдағы жалпы сомасы 1 млн рубльден жоғары болуы шарт. Сонда ол біздің ұлттық ақшамен — 5,5 млн теңгеге пара-пар.

Сонда біздегі бақылауға (100 төлемнің есебін шығару үшін) ұсақ төлемдер де түсіп қалып тұр және 255 мың теңге — Ресейдегі шек — 5,5 млн-ға қарағанда 20 есе аз. Осынша қажетсіз ақпараттың мұндай ауқымынан кімге және қандай пайда?, — деп сауал тастаған мәжілісмендер мониторингке жататын әр төлемнің төменгі шегін — 3-5 мың теңгеден және одан да көп мөлшерде белгілеу қажет деп санайды.

«Төлемдер сомасын кәсіпкердің таза пайдасы ретінде қарастыруға болмайды. Тәжірибеде шағын бизнестің табыстылығы 15-20 пайызды құрайды, яғни, 255 мың теңге (3 ТЖМ) айналымнан оның табысы — 50-60 мың теңге. Демек, төменгі жалақыдан да аз. Таза пайда жоғарыда аталған 255 мың теңгені құрауы үшін кәсіпкердің айналымы айына 1 миллион теңгеден көп болуы керек. Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясы айына 1 миллион теңге сомасынан басталатын мобильді төлемдерге мониторинг жүргізуді ұсынады», — деген ресми сауалда.

«Шағын және микробизнес — бұл кішігірім дүкендерде, кафелерде не аз-кем қызмет көрсету саласында еңбек ететін қарапайым адамдар. Бюджеттен ұрлап жатқандар да, оффшорлық есепшоттарға миллиардтарды аударатындар да олар емес. Егер мұндай кәсіпкер артық 10-20 мың теңге тапса, ол бұл ақшаны елде қалдырады — мысалы, баласына киім-кешек сатып алады немесе шағын кәсібін сәл кеңейтеді» деп дәйек келтірген «ақжолдықтар» олигархтарды басқа жерден іздеп жүрсіздер, шенеунік мырзалар, миллиардтарды жымқырып жатқандарды іздеңіздер, — делінген ресми сауалда.