Жасанды интеллект арқылы АҚШ пен Қазақстанда адамдар даулы істерде жеңіске жетіп жатыр. Бұл цифрлық дәуірдің ең тосын бетбұрысы. Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі елімізде және әлемдегі болған шынайы оқиғаларды негізге алып, соқыр сенімнің соңы неге әкелуі мүмкін екенін саралап көрді.

Калифорния тұрғыны Линн Уайттың оқиғасы жаңа дәуірдің символына айналды. Ол 73 мың доллар қарыз болып, үйінен айырыла жаздаған. Кәсіби адвокатқа жүгінген әйел сотта жеңіліп қалған. Жеңілісін қабылдауға намысы жібермеген әйел ChatGPT-ке жүгінеді.
«Бұл Құдаймен сөйлескендей әсер қалдырды», — дейді ол кейін.

Бірнеше ай бойы чат-ботпен бірлесе жұмыс істегеннен кейін Уайт сот шешімін қайта қаратып, баспанасын сақтап қалды, айыппұл мен қарыздан толық құтылған. Одан бөлек, заңгерге төлейтін қыруар ақшаның орнына, ол бар жоғы қосымшаға жазылу үшін 20 доллар жұмсаған.
ЖИ-дің соттағы дәуірі
АҚШ-та ЖИ арқылы сот істерін азаматтардың өздері жүргізу үрдісі күрт артқан. NBC News дерегінше, ел бойынша 282 сот ісінде жасанды интеллект қолданылған. Әсіресе, биылғы жылдың көктемінде шарықтау шегіне жеткен.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай тәжірибе кеңінен таралып барады. Азаматтар ChatGPT, Perplexity секілді нейрожелілерді пайдаланып, өз құжаттарын жүктеп, боттан нақты тапсырмалар орындауды талап етеді:
— судья шешіміндегі қателерді табу;
— сотқа жауап хаттар мен өтініштер әзірлеу;
— қолданылатын заңдарды зерттеу;
— қорғаныс стратегиясын құру.
Бір азамат тіпті ChatGPT-ке:
«Өзіңді Гарвард профессоры ретінде елестетіп, менің аргументтерімді сынап шық», — деп өтініш жасаған.
Бот сын айтып қана қоймай, істі жаңа қырынан талдап, адамға нақты ұстаным әзірлеуге көмектескен.
ЖИ “галлюцинациясы” сотта қауіпті
Алайда жасанды интеллектке соқыр сенім артудың салдары ауыр болуы мүмкін дейді мамандар. Кейде ЖИ шынайы заңға ұқсатып, ойдан шығарылған сот прецеденттерін келтіреді.
Мысалдарды айта кетейік.
— Энергетикалық компания иесі 11 жалған сот сілтемесін қолданғаны үшін айыппұл төлеген;
— Бір адвокат 10 мың доллар айыппұл алған, себебі оның апелляциясындағы 23 сілтеменің 21-і ойдан шығарылған;
— Тағы бір іс бойынша талапкер екі рет ешқашан болмаған “Hernandez v. Gilbert, 1995” деген іске сілтеме жасаған.
«Мен ChatGPT-ке қайта жазып, “сен мені ұятқа қалдырдың” дедім. Ол кешірім сұрады», — дейді талапкер.
«ЖИ көмекші, бірақ заңгердің орнын баса алмайды»
Заңгерлер ЖИ-дің дұрыс пайдаланылмағанын бірден байқай алады. Олар мұндай құжаттарда жиі кездесетін қателіктерді атап өтеді:
— ойдан шығарылған істерге сілтемелер;
— ChatGPT-дің шаблонды тіркестері;
— ресми құжаттарда эмодзилердің қолданылуы.
Соған қарамастан, адвокаттардың өздері де ЖИ-ді зерттеу және қара жоба дайындау үшін жиі қолданады екен. Алайда, бұл жерде әрбір деректі мұқият тексеру міндетті.
«Келешекте барлық заңгер ЖИ-мен жұмыс істеуді үйренеді. Үйренбегендер ұтылатыны анық», — дейді Оңтүстік Калифорниядағы тәжірибелі адвокат.
АҚШ-тағы құқықтық клиникалар азаматтарға арналған жасанды интеллект курстарын ашты. Онда ЖИ-дің жауабын тексеру, деректерді салыстыру және тиімді сұраулар (промпттар) жасау үйретіледі. Жасанды интеллекттің көмегімен сотта жеңіске жеткен адамдар оны «ұлы теңестіруші», тіпті «Дәуіттің Голиафқа қарсы рогаткасы» деп атайды, яғни, қарапайым азаматтың үлкен жүйеге қарсы тұру мүмкіндігін арттыратын құрал.
Алматы тұрғыны ЖИ көмегімен жеңіске жетті
Жасанды интеллекттің соттағы күші енді Қазақстанда да байқала бастады.
Алматы тұрғыны Кенжебек Исмаилов жол қозғалысы ережесін бұзды деген айыпқа ілігіп, 5800 теңге айыппұл төлеген. Кейін бейнежазбаны қарап, жағдайдың даулы екенін түсінген соң, полицияға шағым жолдайды. Бірақ өтініші қанағаттандырылмайды.

Сонда ол ЖИ-мен жұмыс істеп көрмек болады. Чатқа жүгініп, сотқа арыз жазуға көмек сұрайды. Отырыс кезінде де ЖИ-ді онлайн қосып, судьяның сұрақтарына нақты жауаптарды сол сәтте генерациялап отырған.
Нәтижесінде ЖИ ұсынған аргументтер сенімді деп танылып, сот шешімі Исмаиловтың пайдасына шыққан. Бүгінде ол полицияға қарсы жаңа талап арыз дайындап жатыр. Мақсаты әділетсіз шешім үшін өтемақы алу. Ал арыз мәтінін, әрине, тағы да жасанды интеллект жазбақ.
ЖИ — “заң факультетінің үздігі”
ChatGPT бұған дейін АҚШ-тағы адвокаттық емтиханды сәтті тапсырып, нәтиже бойынша ең үздік 10% қатысушының қатарына енген. Стэнфорд университетінің дерегіне сүйенсек, АҚШ-тағы төрт заңгердің үшеуі жақын арада өз тәжірибесінде генеративті ЖИ қолдануды жоспарлап отыр.
Кей штаттар тіпті өздерінің құқықтық чат-боттарын жасай бастаған.
Мәселен, Аляскада азаматтарға мұрагерлік істер бойынша көмек көрсетуге арналған Alaska Virtual Assistant әзірленіп жатыр.
ЖИ әлі де қателеседі
Жасанды интеллекттің мүмкіндігі зор екені белгілі, алайда, оның қателесу ықтималдығы да жоғары. 2025 жылы Калифорния соты бір адвокатты 10 мың доллар айыппұлмен жазалаған, себебі ол ChatGPT ұсынған жалған сілтемелерді қолданған.
Thomson Reuters Institute дерегі бойынша, сол жылдың жазында ЖИ-дің “галлюцинациялары” 22 сот ісінде анықталған. ЖИ соттағы көмекшіге айналды, бірақ оған толық сенім арту әлі қауіпті.
АҚШ пен Қазақстандағы мысалдар бір ғана шындықты көрсетеді. Жасанды интеллект енді заң жүйесінің жаңа қатысушысы. Ол қарапайым адамға құқықтық тілді түсінуге, өз құқығын қорғауға және әділдікке жетуге жол ашып отыр. Ал заңгерлер үшін бұл жаңа дәуірдің сынағы іспеттес. Яғни, адам мен машинаның бірге әрекет ететін интеллектуалды құқықтық болашағының бастауы.