Caravan.kz медиа порталының тілшісі мән-жайды анықтады.
Тарихқа толы «Қызыл-Таң»
Алматылықтар «Арбат» деп атайтын Жібек жолы көшесімен жүрсеңіз, көзге бірден түсетін ерекше ғимарат бар. Халық арасында «Маталар үйі» деп танылған «Қызыл-Таң» дүкені оюмен әшекейленген терезе қақпақтарымен, ғимарат қасбетінің симметриялық қасбетімен, қабыршақты жабындысы бар күмбезімен, нақыштар ойылған ернеулерімен сиқырлы ханшайымның сарайын еске салады. 110 жылдан астам тарихы бар аңыз дүкен бүгінге дейін өзінің келбетін сақтай білді.


Бұл ғимарат ХІХ ғасырдың орталарына тән сәулет өнерінің тамаша үлгілерінің бірі болып табылады. Ұзақ жылдар бойы бұл ғимаратты 1912 жылы белгілі инженер Андрей Зенков салғаны айтылып келді. Кіреберістегі тақтада да дәл осы дерек көрсетілген. Алайда, бұл құрылысты Франциядан шыққан Поль Гурдэ салуы мүмкін деген де ақпарат бар. Ол Верный қаласында 35 жыл қызмет етіп, қаланың су жүйесін, шам бағандарын және көптеген маңызды ғимараттарын жобалаған.


Құрылысқа қатысты ресми құжаттар сақталмаған, десе де тапсырыс беруші мен сәулетші арасындағы сот ісі тарихи шындықты ашуға мүмкіндік берді. Бастапқыда ауызша келісім болғандықтан, қаржылық түсініспеушілік туып, тапсырыс беруші сәулетшіні қорлап, сотта айыппұл төлегені белгілі. Кейін барлық рұқсат мәселелері реттелді.


Бірінші нұсқаны Гурдэ салған, ал 1910 жылдан кейін ғимаратты жаңарту үшін тапсырыс Зенковқа берілген. Ол бүгін біз көріп жүрген оюлы ағаш карниздер мен сәндік элементтерді, күмбездің «қабыршақты» жаппасын жасаған. Осылайша екі шебердің еңбегі «Қызыл-Таңның» біртұтас келбетін қалыптастырды.
Алғашқы иесі кім?
Бұл дүкен Верный қаласының аса ауқатты тұлғаларының бірі, татар көпесі Ысқақ Ғабдулуәлиевке арналған. Оның сауда фирмасы мануфактура, галантерея, ыдыс-аяқ, бағалы әшекейлер мен тұрмыстық тауарларды сатумен айналысқан. Мінезіндегі үнемшілдігі сәулетшімен дауға себеп болғанымен, дәл осы қасиеті қазіргі тарихшыларға шынайы деректерді табуға көмектесті.

Ғабдулуәлиев тек саудагер емес, сонымен қатар меценат болған. Оның қаражатына мешіт пен медресе салынып, қоғам белсендісі ретінде ағарту ісіне де араласқан.
Талай сыннан өткен мұра
2009 жылдың маусымында ғимарат өртке оранды. Салдарынан шатыр толық жанып кеткен. Сонымен қатар қойма орналасқан қосымша бөлік жойылған. Кейін ғимараттың тарихи келбеті қалпына келтірілді, бірақ шатыр астында өрттің ізі әлі күнге дейін сақталған.
2020 жылдары желіде «Қызыл-Таңды» сүріп, орнына жаңа құрылыс салынады деген ақпарат тарады. Бұл жаңалық қала тұрғындарының наразылығын тудырып, белсенділер прокуратура мен әкімдікке жүгінген еді. Тексеріс нәтижесінде бұл тарихи ғимаратқа қатысты нүктелік құрылыстың жоспарланбағаны, сүрілу мәселесі көтерілмегені анықталды.
Қазір ғимараттың сатылып кеткенін естіген жұрт бұл мәселені қайта көтере бастады. Әлеуметтік желіде сауда үйінің қайта бұзылуы туралы хабар тарады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі мәселені анықтап білу үшін көне дүкенге барып, куәгерлермен сұқбаттасты.
Қазір маталар үйі бос тұр. Ішінде отырған күзет әйелдің мәліметінше, ғимарат сатылып кеткен.
«Кімге сатылғанын білмейміз. Бұл жерде отырған кәсіп иелері басқа жерге көшуге мәжбүр болды», — дейді ол.
Бізге сұқбат берген Алматы қаласының тумасы ғимараттың болашағына алаңдаулы.
«Мен Алматыда тудым. Бұл ғимараттар біздің тарихи мұрамыз. Сәулет өнерінің туындысы. Қайда жазбасам да, жауап келмеді. Бар үмітім сіздерде. Бұл ғимаратты сатып жіберді, демек ертең бұзады деп ойлаймын. Сондықтан оны сүруге қарсымын. Мен ғана емес, барша қала тұрғындарының талабы осы. Осы ғимараттың артындағы көне нысандар бұрын сүрілген. Енді осыған да кезек жетуі мүмкін. Бұлай болса, қала нағыз тарихи-мәдени ескерткішінен айырылады. Осындай әдемілікті бұзу кімге керек?», — деп шағымданды Алматы тұрғыны.

1912 жылы салынған тарихи ғимарат ұзақ жылдар бойы жеке компанияның басқаруында болған. Көп жылға созылған сот процесінен кейін 2023 жылы нысанды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды. Себебі оны сенімгерлік басқаруға алған компания өз міндеттемелерін орындамаған. Ғимаратта инженерлік желілер тозған. Сондай-ақ, мұнда бірнеше рет өрт шыққаны туралы айттық.
БАҚ беттеріндегі ақпаратқа сүйенсек, ғимарат Almaty Creative креативті индустрияларды дамыту орталығының қарамағына берілген. Мұндағылар нысан сүрілмейтінін айтты және қазірдің өзінде ғылыми-реставрациялық құжаттама әзірленіп жатыр. Жұмыстар Мәдениет министрлігімен келісіп шешілген. Олардың сөзінше, бұл жоба ғимараттың тарихи келбетін сақтауды көздейді. Реставрациядан кейін бұл сәулет ескерткішін мәдени кластерге айналдыру жоспарланған. Мұнда қазақстандық дизайнерлер, отандық брендтер мен сәндік коллаборациялар дамуға мүмкіндік алады.
«20 жыл бойы ғимарат «Қызыл таң» ЖШС-нің басқаруында болды. Осы уақыт ішінде оны ұстауға қаражат бөлінбеген. Келісімшарт бойынша компания жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті болған. Оның орнына нысан коммерциялық мақсатта пайдаланылған», — деді «Almaty creative» креативті индустрияларды дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Ерлан Давов.
Көне ғимараттың сыртқы келбеті сақталатынына халық күмәнмен қарап отыр. Сондықтан алматылықтар қала мұрасын ресми түрде қорғау және сақтап қалу туралы нақты халықтың сұрағына жауап беруді талап етеді.