1 қаңтардан салық органдары шынайы табысты жанама тәсілмен анықтамақ - kaz.caravan.kz
  • $ 520.02
  • 608.79
0 °C
Алматы
2025 Жыл
12 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
1 қаңтардан салық органдары шынайы табысты жанама тәсілмен анықтамақ

1 қаңтардан салық органдары шынайы табысты жанама тәсілмен анықтамақ

2026 жылдың 1 қаңтарынан салық органдары қазақстандықтардың табысын жаңа тәсілмен есептейді. Экономист Алдияр Саматовтың айтуынша, бұл өзгерістің әрбір қазақстандыққа әсері болады

  • 12 Желтоқсан
  • 5
ФОТО: baq.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін табыс қалай есептелді?

Осы уақытқа дейін салықшылар әр қазақстандықтың табысын бағалағанда оның ресми жалақысын ғана есепке алатын. Енді Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың салықшылардан жасырған табысын анықтау үшін жаңа ережелер бекітті. Бұйрық «Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдіспен айқындау қағидаларын бекіту туралы» деп аталады.

Табыс егер жеке тұлға болса, оның зейнетақы қорындағы жинақтары арқылы, кәсіпкер болса декларациялар арқылы салық комитетіне берілетін. Ол үрдіс жалғаса береді, өзгермейді. Оған қоса, жасырын табыс жаңадан енгізілген жанама әдіспен де анықталатын болады, — дейді экономист Алдияр Саматов.

Жанама әдіс не үшін енгізілді?

Жаңа тәсіл қарапайым халықтың жасырын табысын және кәсіпкер ретінде тіркелмей бизнес жасап жүрген азаматтарды анықтауға бағытталған.

Басты себеп – көлеңкеде қалған қаражаттарды анықтау, сол арқылы салық түсімдерін көбейту, — дейді сарапшы.

Тексеріске кімдер ілігеді?

Егер адамның немесе кәсіпкердің есеп-қисап жүргізу тәртібі бұзылса, не құжаттары жоғалып немесе жойылып кетсе, салық органдары оның табысын тікелей құжаттардан емес, жанама белгілер арқылы, яғни мүлкі, активтері, шығындары, кірістері және басқа да қаржылық көрсеткіштері арқылы анықтай алады.

Бұл ереже жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке адамдарға да, жеке практикамен айналысатындарға да олардың жұмыс істеген кезеңінде қолданылады.

Егер заңды тұлға өзінің кіріс-шығыс есептерін жоғалтса немесе ол жойылып қалса осы әдіс қолданылады. Соңымен қатар, жеке тұлға кәсібін мемлекеттік тіркеуден өткізбей жүргізіп жатса да оған табысты анықтаудың жанама әдісі қолданылады, — деп түсіндірді Алдияр Саматов.

Жаңа әдіс қалай жұмыс істейді?

Бұйрықта егер жеке тұлғаның салықтық есептілігінде көрсетілген кірістері оның жеке тұтынуға, оның ішінде мүлік сатып алуға жұмсаған шығыстарымен сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік кірістер органдары, өткен кезеңдердегі кірістерді ескере отырып, оның шығындары негізінде кірісті және салықты айқындайтыны жазылған.

Салық органдары сіздің тұтыну деңгейіңізді сатып алған көлігіңіз бен жылжымайтын мүлігіңіз, емделу мен саяхатқа жұмсаған қаражатыңыз сияқты барлық шығыстарыңыз арқылы көріп тұрады. Шығындар табыспен салыстырылатын болады. Егер шығындар көбірек болса, жанама әдістер қолданылады, — дейді экономист Алдияр Саматов.

Салықшылар қандай мәліметтерге қол жеткізеді?

Салық кодексінің 173-бабы 1-тармағына сәйкес, салық органдары активтерді, мүлікті, міндеттемелерді, кірістер мен шығындарды және өзге де объектілерді бағалау арқылы табысты жанама әдіспен айқындай алады. Осы нормаға сай салыққа жауапты меморган Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтардың нақты табысын олардың жаңадан иеленген активтерінің құны, жасаған шығыстары, банк шоттарындағы ақша қозғалысы, мобильді аударымдары, депозиттері мен басқа да жинақтары негізінде анықтайтын болады.

Есептеу кезінде салықшылар ақпарат қайнарларының кең спектріне жүгінетін болады. Бұйрықта көрсетілгендей, мемлекеттік кірістер органдары «көлеңкедегі» объектілерді айқындау үшін:

• жеке тұлғаның банктік шоттарындағы ақша қалдығы мен қозғалысы туралы;

• жеке тұлғаға берілген кредиттер және ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыларды өтеуге шығыстары туралы;

• жеке тұлғалардың Қазақстан аумағында орналасқан мүлкі туралы;

• медицинаға және білімге жұмсаған шығыстары туралы;

• мәмілелері мен шарттары, оның ішінде сақтандыру шарттары бойынша;

• жеке тұлғаның бағалы қағаздарды сатып алуы, биржа тауарларымен мәмілелері бойынша;

• әлеуметтік төлемдерге аударымдары мен төлемдері туралы;

• шет мемлекеттер территориясында орналасқан мүліктері туралы мәліметтер, оның ішінде офшорлардағы мүлкі;

• жеке және заңды тұлғалардың ұсынған салықтық есептілік нысандарынан, декларацияларынан ақпараттар;

• салықтық және кедендік бақылау нәтижелері бойынша алынған мәліметтер, оның ішінде жеке тұлғамен мәмілелер жасасқан тұлғаларға қатысты және дебиторлық немесе кредиторлық берешек туындаған жеке тұлғамен өзара есеп айырысулар бойынша;

• құжаттармен расталған басқа ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді қолданады.

Перейти к новостям спорта