Фитосанитариялық бақылау нәтижесінде залалданған өнімдерді ел аумағына өткізуге жол берілмеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР АШМ АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитетінің инспекторлары мемлекеттік шекарада фитосанитариялық бақылау жүргізу барысында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.
Атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы «Темір-Баба» автомобиль өткізу бекетінде Ираннан жеткізілген салмағы 9,9 тонна «Айсберг» салаты партиясынан батыс гүл трипсі (Frankliniella occidentalis) анықталды.
Аталған қауіпті карантиндік зиянкес Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» бақылау бекетінде де анықталды. Ресейдің Орынбор облысынан жеткізілген 0,7 тонна «Айсберг» салаты өінмдерінен батыс гүл трипсі табылған.
Сондай-ақ аталған елден әкелінген, жалпы көлемі 100 тоннаны құрайтын азық-түлікке арналған арпа өнімдерінен ауыл шаруашылығы алқаптарына қауіп төндіретін карантиндік арамшөп – жатаған кекіре (Acroptilon repens) анықталды.
Сонымен қатар Ақтөбе облысында салмағы 3 тонна қызанақ партиясын тексеру кезінде мамандар бірден екі карантиндік нысанды анықтады. Олар – оңтүстікамерикалық қызанақ күйесі (Tuta absoluta) және қызанақ жемісінің қоңыр әжімділік вирусы (Tomato brown rugose fruit virus).
Олардың барлығы «Фитосанитария» мекемесінің тіркелген зертханаларында жүргізілген фитосанитариялық сараптама нәтижелерімен расталды.
Анықталған фактілер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданып, айыппұл салынды.
ҚР АШМ АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитеті карантинге жатқызылған өнімдердің әкелінуіне қатысты күшейтілген фитосанитариялық бақылауды жалғастыруда. Негізгі міндет – ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіруі мүмкін қауіпті карантиндік нысандардың ел аумағына енуі мен таралуына жол бермеу және отандық агроөнеркәсіптік кешенді қорғауды қамтамасыз ету.

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі