"Made in Kazakhstan" жобасы неге жұмыс істемейді? Ірі супермаркет желілері отандық өнімді менсінбей отыр ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.6
  • 594.27
+5 °C
Алматы
2025 Жыл
29 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Made in Kazakhstan" жобасы неге жұмыс істемейді? Ірі супермаркет желілері отандық өнімді менсінбей отыр ма?

"Made in Kazakhstan" жобасы неге жұмыс істемейді? Ірі супермаркет желілері отандық өнімді менсінбей отыр ма?

"Made in Kazakhstan" деген белгі бірден арзан сегментпен теңестірілетіні рас па?

  • 29 Желтоқсан
  • 81
Фото - Caravan.kz

Отандық өндірісті қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.  «Made in Kazakhstan» бренді ішкі нарықта ұлттық тауардың сапасын, бәсекеге қабілеттілігін көрсетуі тиіс. Іс жүзінде кәсіпкерлердің жағдайы қиын. Себебі ірі супермаркет желілерінің отандық өнімге деген көзқарасы төмен. Сaravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жалғастырады. 

Сөреге жетпеген қазақстандық макарон

Алматылық кәсіпкер Аида Бектілеуова 17 желтоқсанда Galmart супермаркет желісіне өз өнімін ұсыну үшін коммерциялық ұсыныспен жүгінген. Алайда дүкеннің коммерциялық бөлім өкілдері өнімнің сапасын көрместен қазақстандық тауар оларды қызықтырмайтынын айтқан. Кәсіпкердің айтуынша, менеджерлер дүкенде тек «премиум сегментке» жататын өнімдер сатылатынын алға тартқан.

«Бізге тек премиум сападағы өнімдер қажет» деді. Мен өз өніміміздің де премиум сапада екенін, қатты бидайдан дайындалатынын, қайнағанда езілмейтінін түсіндіруге тырыстым. Бірақ олар үшін премиум ресейлік Barilla, ал қазақстандық өнім автоматты түрде бұл санатқа жатпайды екен, — дейді Аида Бектілеуова.

Кәсіпкердің айтуынша, егер баға, қаптама немесе нақты техникалық талаптар бойынша бас тартса, оны түсінуге болар еді. Алайда мәселе отандық өнімге деген көзқараста болған.

«Мәселе макаронда емес, мәселе санада»

Аида Бектілеуованың пікірінше, бұл жеке бір тауарға қатысты жағдай емес, жүйелі мәселенің көрінісі.

 «Made in Kazakhstan» деген белгі бірден арзан сегментпен теңестіріледі. Мұны айтып тұрған адам шетелдік емес, өзіміздің қазақтың қызы. Біз отандық өндірушіні қолдау туралы көп айтамыз, бірақ нақты келгенде ол қолдау жоқ. Егер премиум сапа технологиямен, шикізатпен емес, шетелдік атаумен өлшенсе, біз өз өнімдерімізді өзіміз құнсыздандыра береміз», — дейді кәсіпкер.

Galmart: «Бұл біздің ұстанымымызды көрсетпейді»

Оқиғадан кейін Galmart супермаркет желісі ресми түсініктеме беріп, кешірім сұрады. Компанияның мәлімдеуінше, жоғары сапа өнімнің шыққан еліне немесе атауына емес, технологиясы мен тұрақты сапасына байланысты бағалануы тиіс.

«Аталған жағдайлар біздің құндылықтарымыз бен жұмыс стандарттарымызды көрсетпейді. Біз халықаралық брендтермен де, жергілікті өндірушілермен де жұмыс істейміз және қазақстандық өнімдерді қолдауды маңызды жауапкершілік деп санаймыз. Бұл жайт міндетті түрде қарастырылады», — делінген желі жауабында.

Қоғам пікірі екіге жарылды

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл мәселеге біржақты қараған жоқ. Кейбірі кәсіпкерді қолдап, отандық өнімге деген көзқарасты сынға алса, енді бірі ірі желілердің коммерциялық логикасын алға тартты.

 «Бизнестің басты мақсаты — сату мен табыс. Белгісіз брендпен тәуекелге барудың қажеті жоқ»,

 «Алдымен брендті танымал етіп, содан кейін ғана ірі желілерге шығу керек»,

 «Мұнда ұлттық кемсіту жоқ, автор жай ғана эмоцияға берілген»,

«Ұлттық факторды хайп үшін пайдалану дұрыс емес», — деген пікірлер айтылды. 

Magnum мысалы: жүйелі мәселенің айқын көрінісі

Бұл мәселе тек Galmart-пен шектелмейді. Жазда экономист Айбар Олжаев ірі Magnum сауда желісінің отандық өнімге қатысты саясатын қатаң сынға алған болатын. Оның айтуынша, Magnum мемлекеттен миллиардтаған теңге жеңілдетілген қаржы ала отырып, қазақстандық тауарларды сөреден ығыстырып жатыр.

Айбар Олжаевтың айтуынша, Magnum соңғы жылдары қазақстандық майонез, жарма, өсімдік майы сияқты өнімдерді сөреден алып тастап, олардың орнын ресейлік тауарлармен толтырған. 

«Магнум жекеменшік бизнес, ол қаласа, сөрелерін Бразилияның бубузеласымен толтырсын. Бірақ онда мемлекеттен не үшін 0,01 пайызбен тегін ақша алып отыр?» — деп жазады экономист.

Айбар Олжаевтың дерегінше, соңғы бес жылда Magnum бір Алматының өзінде кемінде 13 млрд теңге мемлекеттік қолдау алған. Ал басқа өңірлерді қоса алсақ, жоқ дегенде 17-18 миллиард теңге шығуы мүмкін.    

«Сауда министрлігі тарапынан үлкен логикалық қателік бар. Магнумға арзан несие беріледі, бірақ “ол тауар отандық болуы тиіс” деген талап жоқ. Соның салдарынан мемлекеттік ақша шетелдік өнімді сатуға жұмыс істеп отыр», — дейді ол.

Магнум тауар сатып пайда көрудің орнына, тауар өндірушілерге түрлі жарнамалық, сөредегі орындар бойынша тарифтер қойып, соған қосымша ақша төлеуге мәжбүрлеп, негізгі табысты содан алатын болған. Ал бұл қылығы отандық тауар өндірушілерге ауыр тиюде.   

Импортқа тәуелділік пен экономикалық тәуекел

Экономистің айтуынша, ірі желілердің мұндай саясаты тек өндірушілерге емес, бүкіл экономикаға қауіп төндіреді.

 «Қазақстанның Ресейден алатын азық-түлік импорты 2024 жылы 10 пайызға өсіп, 1,9 млрд долларға жетті. Бұл 2 млрд долларлық арна рубльдің теңгеге ықпалын күшейтеді. Ертең Ресейдегі инфляция бізге де әсер етеді», — дейді сарапшы.

Сонымен қатар Magnum елдегі азық-түлік саудасының шамамен 8 пайызын бақылап отыр.

«Отандық өндірушілерді қолдамау — олардың сатылымының төмендеуіне, жұмыс орындарының қысқаруына алып келеді. Ақыр соңында бұл Magnum-ның өзіне де соққы болады. Олар өздері отырған бұтақты өз қолымен кесіп отыр. Және ол бұл қылығымен Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен өсуіне қарсы жұмыс істеп жатыр», — деді экономист.

Бұл жерде экономист тек екі шешім барын айтты.

«Не Магнумға мемлекеттен ақша бөлінбеу керек. Олар білгенін сатсын. Не Магнумға мемлекеттен ақша бөліну жалғасса, онда отандық азық-түлікті қандай жағдай болмасын сөреден алып тастауға тиым салу керек», — деп түйіндеді маман.

Төрт ай өтті — өзгеріс жоқ

Арада бірнеше ай өткен соң Caravan.kz тілшісі Magnum дүкендерін қайта аралап шықты. Отандық майонездің әлі де сөреде жоқ екенін анықтады. Тілші сұрағына желі өкілдері сұранысқа сілтеп, нақты шешімнің жоқ екенін жеткізген.

 «Сіздің атыңыздан бұл өнімді сөрелерге қою туралы ұсынысты арнайы тілек-тізімге енгіземіз. Біз дүкен сөрелерінде ең алдымен сатып алушылар арасында сұранысқа ие тауарларды ұсынуға тырысамыз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда бізде аталған өнімге қатысты толық ақпарат жоқ. Алайда сатып алушылар бұл брендті көргісі келетіні туралы ақпаратты тиісті бөлімге жеткіземіз», — деп мәлімдеді Magnum өкілі.

Бұл жауаптан желінің нақты шешім қабылдаудан гөрі, жауапкершілікті тұтынушы сұранысына ысырып отырғаны аңғарылады.

Алматыдағы ірі супермаркеттерді аралап жүріп, «Made in Kazakhstan» белгісін бір ғана орыннан таптық. Дүкенге кіргеннен отандық тауарлардың түр-түрі сатылымда тұр, және халық бірден белгіні көре алады. Отандық майонез де сатылып жатыр. Тіпті кіреберісінде отандық өнімді қолдайық деген ұран да ілінген. Осы жерде сұрақ туындайды, неге бірі талапты орындайды, ал екіншісі бас тартады?

Негізгі түйін: заң бар, талап жоқ

Кәсіпкерлердің айтуынша, басты мәселе — арнайы міндеттеуші заң нормасының болмауы. Мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық қамту үлесі өсіп келе жатқанымен, жеке сауда желілеріне нақты талап қойылмаған.

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық қамту үлесі 53-54%-ға жеткен. 2025 жылдан бастап күшіне енген жаңа заң отандық өндірушілерге аванс көлемін арттырып, төлем мерзімін қысқартты. Сонымен қатар ішкі нарықты қолдау мақсатында қазақстандық тауарлардың бірыңғай тізімін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол қолданыстағы СТ-KZ және индустриялық сертификаттарды алмастырады. Жаңа жүйе 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық іске қосылмақ. 

Десе де аталмыш шаралар сауда желілерінің сөресіндегі саясатқа тікелей әсер ете алмай отыр.

Перейти к новостям спорта