Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Уалихан Умиров есімді азамат Instagram желісіндегі парақшасында шетелде жұмыс істейтін қазақ әйелдері туралы өз ойын айтты.
«Әйел адамдар, сіздер Англияға келмеңіздер. Жалпы шетелге шығып жұмыс істемеңіздер. Өйткені, әйел адам түзде жүріп, нәпақа табуға жаралмаған. Тозып кетеді, ол нәрсені көтере алмайды. Жауапкершілікті алғаннан кейін еркек сияқты болып кетеді. Осы жақта жұмыс істеп жүргеніме бір жарым жыл болды. Өзбектің не қырғыздың қызын көрмедім. Бірақ, қазақтың қызы өріп жүр. Қазақстанда да өзбек ағайындар бізге келіп жұмыс істейтін кезде бір өзбектің қызын көрдіңдер ме, жігіттер?! Пәтер жалдап, жұмыс істеп, үйіне ақша жіберіп отырған өзбек қызын көрдіңдер ме? Ондай жоқ. Бірақ мына жақта сондай қазақтың қыздары жүр. Еркектер де жүр. Ол дұрыс, жарасады. Еркек түздің адамы. Әйел адамның орны ошақтың басы, қазанның қасы. Сол жерде күйеуінің тапқан ақшасын жеткізіп отыру керек.
Сондай-ақ ол қазақ жігіттеріне де ойлантарлық сөз арнады.
«Ия, жетпей жатыр, түсінемін. Бірақ әйелдеріңізді шетелге жібермеңіздер. Осы жақта күйеуі бар әйелдер жүр. «Әпше, көкем қайда» десең, «такси болып үйреніп қалған, сол жұмысында» деп ақтап қояды. Күйеуіне жаны ашиды. Бұл дұрыс емес, жігіттер. Әйелің шетелде қаңғып жүр, сен үйіңде такси болып жүрсің. Егер сол әйел мына жақта сағынышпен, жалғыздықпен сезімге беріліп, біреуге етегін ашып жіберетін болса, жігіттер, соған біз жауап береміз, сұраламыз. Мұндай мықтылықты әйелден талап етуге қақымыз жоқ. Шетелге біз шықпағаннан кейін олар шығып кетіп жатыр. Шетелге қыздарымызды шығармайық», — дейді ол.