Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Депутат азаматтардың құқықтық сауаттылығын бағалайтын тұрақты әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажеттігін көтерді. Бұл туралы депутат Берік Беркімбаев Әділет министрі Ермек Сәрсембаевқа жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысында Конституция ережелерін азаматтарға кеңінен түсіндіруге және оның маңызын насихаттауға ерекше назар аударған. «Әділет» партиясы бұл тапсырманы барлық құзырлы мемлекеттік орган жұмысының маңызды бағыты деп санайды.
Берік Беркімбаевтың пікірінше, азаматтарға заң нормаларын жеткізумен шектелмей, олардың мазмұнын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп, іс жүзінде қалай қолданылатынын көрсету маңызды.
Қазіргі кезде мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерге түсіндірме береді. Алайда бұл жұмысты жалпы үйлестіріп, бірыңғай тәсіл қалыптастыратын мемлекеттік орган нақты айқындалмаған. Соның салдарынан құқықтық түсіндіру жұмыстары әртүрлі нысан мен тәсіл арқылы жүргізіледі.
Депутат құқықтық түсіндіру жұмысының тиімділігін өткізілген кездесулердің, жарияланымдар мен іс-шаралардың санымен ғана бағалауға болмайтынын атап өтті.
Негізгі көрсеткіш – азаматтардың заң нормаларын қаншалықты түсінетіні, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және қажетті құқықтық ақпаратты қолжетімді түрде ала алуы, – делінген депутаттық сауалда.
Сонымен қатар бүгінде азаматтардың құқықтық ақпараттану деңгейін, ақпараттың қолжетімділігін және берілген түсіндірмелердің сапасына қанағаттануын тұрақты бағалайтын бірыңғай тетік жоқ. Депутат бұл мәселені ортақ әдістеме бойынша тұрақты әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы шешуге болатынын айтты.
Мұндай зерттеулер азаматтарға түсініксіз заң нормаларын анықтап, құқықтық түсіндіру жұмысындағы проблемаларды нақтылауға және тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Берік Беркімбаев Үкіметке үш ұсыныс жолдады.
Біріншіден, құқықтық түсіндіру жұмысын үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік органды айқындап, мемлекеттік органдарға ортақ әдістеме әзірлеу мәселесін қарастыру. Екіншіден, азаматтардың құқықтық ақпараттану деңгейін, ақпараттың қолжетімділігін және түсіндіру сапасына қанағаттануын бағалайтын тұрақты әлеуметтік зерттеулер жүргізу тетігін енгізу.
Үшіншіден, зерттеу нәтижелері негізінде түсінуге қиын заң нормаларын анықтап, оларды түсіндіру сапасын арттыру шараларын қабылдау.