Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Матч Қазақстан уақытымен 28 қаңтардан 29 қаңтарға қараған түні 01:00-де басталады.
“Қайрат” футбол клубының бас жаттықтырушысы Рафаэль Уразбахтин”Qsport” YouTube арнасына берген сұхбатында команданың дайындығы туралы айтып берді.
“Физикалық жағдайымызда айтарлықтай өсім болды деп ойламаймын. Себебі жолымыз өте ұзақ болды, мұнда жету үшін бір тәулікке жуық уақыт кетті. Кеше ғана жаттығу жасадық. Соған қарамастан, жігіттердің өз деңгейін көрсетуін, мүмкіндігінше өз мүмкіндігінен де жоғары ойнағанын қалаймын. Ең бастысы, олардың қарсылас топ-деңгейдегі команда болса да, онымен ойнауға болатынына сенуі және соны байқап көруі. Мен көбіне осы туралы ойлап, алаңдап, жігіттерді соған баптайтын боламын. Біз бар күшімізді салуға тырысамыз және жігіттердің футбол алаңында барын беріп ойнайтынына сенімдімін. Әрине, жанкүйерлерге де үлкен алғысымды білдіремін”, — дейді ол.
Сондай-ақ, ол Англиядағы алаңдардың көптігіне таң қалғанын да жасырмады.
“Мен қонақүйдің маңында серуендеп шығайын деп, шамамен 30 минуттай жүріп, бір саябаққа бардым. Сол саябаққа кіріп, қатты таңғалдым, тіпті телефонға түсіріп алдым. Ол жерде алаң өте көп екен. Бұл – серуендеуге арналған парк, бірақ ішінде алаңдар өте көп. Меніңше, Қазақстанда мұндай деңгейде, осынша көп алаңы бар бірде-бір кәсіби футбол базасы жоқ шығар. Біз аралап жүріп сол алаңдарда балалардың жүгіріп, ойнап жүргенін көрдік. Бізге көп жұмыс істеу керек. Бұл тек жаттықтырушыларға немесе футболшыларға ғана емес, жалпы Қазақстан футболына қатысты”, — дейді Рафаэль Уразбахтин.
Темірлан Анарбеков те Чемпиондар лигасындағы соңғы матчты жақсы өткізуге барын салатынын айтты.
”Біз бір күн бұрын келдік. Кеше басқа алаңда жаттығу жасадық. Қазір Emirates-қа келіп, таң қалып тұрмын. Ойынға барлық ойыншылар 100% дайынбыз. Бүгін жаттықтырушылар мен теориялық сабақ болды. Чемпиондар лигасындағы соңғы ойын жақсы өтеді деп ойлаймын”, — дейді ол.
Айта кетейік, “Арсенал” мен “Қайрат” арасындағы Чемпиондар лигасының соңғы тур ойыны Лондондағы “Emirates Stadium”стадионында өтеді.