Балалар мекемелерінде санитариялық бақылау күшейтілді - kaz.caravan.kz
  • $ 505.17
  • 599.54
-1 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Балалар мекемелерінде санитариялық бақылау күшейтілді

Балалар мекемелерінде санитариялық бақылау күшейтілді

Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда балалар мекемелеріне санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың ерекше тәртібі енгізіледі

  • 2 Ақпан
  • 1
Фото: СҚО әкімдігі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңа тәртіп балаларды тамақтандыру, орналастыру, оқыту, емдеу, тәрбиелеу және сауықтыру қызметімен айналысатын, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге қолданылады. Тиісті заңға Мемлекет басшысы 2025 жылғы 4 желтоқсанда қол қойған.

Комитет өкілінің айтуынша, соңғы жылдары балалар жиі баратын мекемелерде санитариялық талаптар сақталмауы алаңдаушылық туғызған. Бұрынғы бақылау жүйесі көбіне орын алған жағдайдан кейін ғана әрекет етіп, алдын алу шаралары жеткіліксіз болған. Сол себепті мектептерде жаппай тамақтан улану, интернаттар мен сауықтыру ұйымдарында санитариялық бұзушылықтар, балалар арасында жұқпалы аурулардың таралуы сияқты проблемалар көбейген. Кейбір мекемелерде жалған вакцинация жазбалары да тіркелген.

— Практикалық талдау көрсеткендей, мемлекеттік қаржыға жұмыс істейтін кейбір мекемелерде балалардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмеген. Ал тексерулер көбіне денсаулыққа зиян келгеннен кейін ғана жүргізілген, — деді Марал Рақымжанова.

Оның айтуынша, бұрынғы бақылау тек айыппұл салуға негізделгендіктен, адал жұмыс істейтін мекемелердің өзінде тексеруден жалтару байқалған.

— Осы олқылықтарды жою үшін заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ерекше бақылау мен қадағалау нормалары қабылданды. Жаңа тәртіп тәуекелдерді алдын ала анықтауға және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған, — деді ол.

Ерекше тәртіп балабақшаларға, мектептерге, медициналық ұйымдарға, интернаттарға, студенттік жатақханаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелерге, балалар мен сәбилер үйлеріне қолданылады. Бақылау жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, мониторинг, сондай-ақ қауіп анықталған жағдайда нысанға барып жедел шара қолдану арқылы жүзеге асырылады.