Жасанды интеллект дамыған сайын көптеген салаларға қарқынды еніп жатқаны айтпаса да белгілі. Бұл ретте БАҚ та шет қалмады. Көптеген білікті әрі тәжірибелі тілшілер жұмысынан айырылып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ көптеген БАҚ-тың, әсіресе онлайн басылымдардың түбіне жетеді. Caravan.kz медиа порталының тілшісі дағдарысқа ұшыраған әлемдік басылымның жағдайына тоқталып, отандық нарықтағы жағдайға сараптама жасап көрді.

Екі ғасырлық тағдыры бар басылым
Американың ең көне газеттерінің бірі – The Washington Post техникалық және коммерциялық бөлім қызметкерлерін есептемегенде 800 қызметкерінің 300-ін қысқартты. Ресми себеп ретінде қаржылық көрсеткіштердің күрт нашарлауы айтылған. Басылым ұзақ уақыттан бері шығынға жұмыс істеп келген, ал оның иесі Джефф Безос мұндай жағдайдың тиімсіз екенін айтқан.
«Газет тарихындағы қаралы күн» деп аталған реформалар, қызметкерлердің айтуынша, басшылықтың заман талабына бейімделуге тырысқанын көрсетеді. Өзгерістерді қолдаушылардың бірі «The Washington Post басқа дәуірге тым байланған еді» деп ашық айтқан.
Сол дәуірден арылу үшін радикалды кадрлық «тазарту» қажет болды. Тіпті кезінде беделді журналистік сыйлықтар алған, редакцияның тірегіне айналған тәжірибелі мамандар да қысқартудан тыс қалмады.
Басылым моральдық тұрғыда ескіре бастағаны оның көрсеткіштерінен-ақ байқалды. 2022 жылы The Washington Post сайтына кірушілер саны бойынша The New York Times пен The Wall Street Journal-дан кішкене артта қалса, 2025 жылға қарай айырмашылық апатты деңгейге жеткен. The New York Times айына орта есеппен 80 миллион оқырман жинаса, The Washington Post-тың көрсеткіші 40 миллионға дейін төмендеген.
2024 жылғы редакциялық жиналыста баспагер Уилл Льюис газеттің орасан шығынға батып жатқанын, аудиториясының екі есеге қысқарғанын ашық мойындаған.
«Адамдар сіздердің материалдарыңызды оқымайды», – деген ол журналистерге.

ЖИ және қызығушылығы төмендеген оқырман
Басшылық реформаларды ұзаққа созып, инновациялар арқылы жағдайды түзетуге тырысты. Атап айтқанда, пікірлерді модерациялау, подкасттарды басқару және жаңалықтарды жинақтау үшін жасанды интеллект енгізілді.
Президенттік науқан кезінде Уилл Льюис бұған дейін Демократиялық партия кандидаттарын қолдап келген басылым енді саяси тұрғыда бейтарап болатынын жариялады. Мұндай шешім салдары оңай болмады. Жүз мың жазылушы кетті. Олар мұны өз мүдделеріне жасалған «сатқындық» деп қабылдады. Алайда бұл қадам Безосқа Ақ үйге қайта келген Дональд Трамппен қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Жалпы, The Washington Post-тың дағдарысқа ұшырауы тек саясатқа қатысты емес. The New York Times бәсекелесінің жағдайын талдай отырып, бүкіл америкалық медиа саласына тән ортақ проблемаларды атады.
- Біріншіден, цифрлық трафиктің төмендеуіне генеративті жасанды интеллект әсер етуде. Пайдаланушылар ақпаратты іздеу жүйелері мен ЖИ құралдарынан тікелей алады, сайттарға кірмейді.
- Екіншіден, аудитория әлеуметтік желілерге ауысқан.
Бас редактор Мэтт Мюррейдің айтуынша, бұрын The Washington Post газетіне жергілікті басылым ретінде үстемдік етуге мүмкіндік берген факторлар, бүгін «толып кеткен, бәсекесі күшейген және күрделі медиакеңістікте» жұмыс істемейді.
«Журналистер өздері жасамаған қателіктер үшін жазаланды», – деді газеттің бас экономикалық тілшісі Джефф Стейн The New York Times-қа берген сұхбатында.
Ол қысқартуға ілікпеген.
Қай бөлімдер жабылады?
Бас редактор қызметкерлермен сұхбатында басылымның контент қалыптастырудағы жаңа тәсілін түсіндірді. Бұл тәсіл газетте не оқылатынын және оқырмандардың неге сұраныс білдірмейтінін бейтарап талдауға негізделген.
Спорт бөлімі толығымен жойылады. Осыған байланысты басылым 14 журналистің Италияға Олимпиада ойындарына іс-сапарын тоқтатты, себебі жарыстарға деген қызығушылық тұрғысынан олардың қызметін тиімсіз деп санады. Нәтижесінде, Олимпиада туралы тек төрт тілші тарқататын болады. Спорт журналистерінің шағын бөлігі «спорт мәдениеті» тақырыбына жазу үшін басқа бөлімге ауыстырылады.
Кітап шолулары бөлімі жабылады, қалалық өмір тақырыбы қысқарады. Қаржыны көп қажет ететін халықаралық бөлім де оңтайландырылады – әсіресе америкалық оқырманға қызық емес деп танылған аймақтардағы (Үндістан, Австралия, Таяу Шығыс) корпункттер қысқарады. Қысқартылғандардың арасында Украинадағы меншікті тілші де бар.
Керісінше, ең көп трафик әкелетін бағыттар кеңейтіледі: ұлттық жаңалықтар, ішкі саясат, ұлттық қауіпсіздік, бизнес және денсаулық сақтау тақырыптары.
Газеттің бұрынғы иесі Дон Грэм (оның отбасы басылымға жарты ғасырдан астам уақыт иелік еткен) әлеуметтік желіде енді «газетті басқаша оқуға үйренуге тура келетінін» жазды. Себебі 1940 жылдан бері ол әрқашан газетті спорт бетінен бастап оқитын болған. Алайда статистика The Washington Post-та мұндай қызығушылығы бар оқырмандардың саны күрт азайғанын көрсетеді.
Басшылық қысқартуларға қатысты түсініктеме бермеді. Газеттің өзінде редакциялық саясаттағы өзгерістер туралы ашық ақпарат жарияланған жоқ. Журналистердің Безосқа жолдаған ашық, эмоциялық хаттары да нәтиже бермеді. Бұл тек бизнес. Жеке мәселе емес.
Тарихи анықтама
The Washington Post 1877 жылы құрылған. Алғашқы саны төрт беттен тұратын. Бағасы — үш цент. 1933 жылы басылым бірінші рет банкортқа ұшырады. Кейін бірнеше рет иесі ауысты. 2013 жылы газетті Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос сатып алды.

Қазақстанның бетбұрысы қандай?
Қазақстан жасанды интеллектіні заңмен реттеуге кірісті. Арнайы заң жобасы Сенаттың қарауына берілді. Құжатта технологияны енгізудің құқықтық және қаржылық тетіктері айқындалуы тиіс. Яғни, оны қалай қолдану керек, қандай қауіптері бар, оны кім және қалай бақылайды, қандай жауапкершілік қарастырылған.
Медиа саласында мемлекет сақ позиция ұстанып отыр. Жаңа технологиялардан шет қалу қауіпті. Себебі отандық БАҚ жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуы мүмкін. ЖИ — көлемді деректерді тез өңдеуге, ақпаратты жылдам таратуға, сараптаманы күшейтуге көмектесетін мықты құрал. Сондықтан ол контент сапасын жақсартудың бір жолы ретінде қарастырылуда.
Екінші жағынан, ЖИ-ді енгізу өте мұқият жүргізілуі керек. Ол қоғамдық қауіпсіздікке зиян келтірмеуі керек, ғылыми этиканы бұзбауы және ең бастысы, сөз бостандығын шектемеуі керек. Билік цифрландыру Конституцияда бекітілген демократиялық құқықтарға қарсы қолданылмайтынын нақты айтып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, отандық БАҚ жасанды интеллектіні толыққанды енгізуге дайын емес. Негізгі кедергілер — білікті мамандардың тапшылығы, қаржылық ресурстардың шектеулілігі және редакциялар ішінде тұрақты технологиялық экожүйенің қалыптаспауы. Бұдан бөлек, журналистика тек мәтінді жылдам дайындаумен шектелмейді. Ол сыни ойлауды, деректерді тексеруді, терең талдауды және мазмұн үшін жауапкершілікті талап етеді. Бұл қасиеттерді жасанды интеллект толықтай алмастыра алмайды.
Әзірге отандық БАҚ-та ЖИ толыққанды жаңалық жазатын автоматтандырылған жүйе ретінде кеңінен енгізілген жоқ. Дегенмен, нақты мысалдар мен алғашқы тәжірибелер бар.
AI-Tamyz — ЖИ арқылы жасалған алғашқы студенттік газет
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде студенттер жасанды интеллект көмегімен газет шығарды. Жоба аясында мәтіндер, суреттер, аудио және бейнематериалдар ЖИ құралдары арқылы дайындалған. Бұл коммерциялық басылым емес, бірақ Қазақстан медиасында ЖИ мүмкіндіктерін сынақтан өткізудің маңызды қадамы ретінде бағаланады.
Кейбір қазақстандық редакциялар жасанды интеллектіні күнделікті жұмыста көмекші құрал ретінде пайдаланып жүр. Мысалы, мәтіннің алғашқы нұсқасын дайындау, аударма жасау, деректерді өңдеу, инфографика құрастыру немесе визуал материал әзірлеу барысында ЖИ қолданылады. Бұл редакция жұмысының жылдамдығын арттырады. Алайда шешім қабылдау, фактчекинг, сараптамалық талдау сияқты негізгі журналистік функциялар әлі де адамның жауапкершілігінде.
Отандық телеарналарда да ЖИ тележүргізушілер пайда болғанын байқадық. Мысалы 24.kz және Хабар арналарында Миландағы қысқы олимпиада ойындары туралы жаңалықтарды жасанды интеллект арқылы жасалған тележүргізуші таратуда.
Кейбір редакцияларда жасанды интеллект жазған мәтіндер авторлық материал ретінде ұсынылған жағдайлар да жоқ емес. Бұл ЖИ-контенттің ақпараттық кеңістікте пайда бола бастағанын көрсетеді.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект уақыт өте келе дәстүрлі және онлайн басылымдарды толық ығыстыруы мүмкін деп айтуға негіз бар. Жаңа заң бойынша ЖИ арқылы жасалған материалдарды арнайы белгілеу талап етіледі. Сондай-ақ ондай контентке қатысты жауапкершілік мәселесі де қарастырылған.
«ЖИ барлық жерде сайттың трафигін өлтіріп жатыр ма? Жоқ, мысалы Нью-Йорк таймсқа былтыр жаңа 1,4 млн онлайн жазылушы келіпті. Биыл жалпы 12,7 млн жеткен. Бұл нені білдіреді? Яғни, кез келген медиа тиімді интернет саясат ұстануы керек. Жағдайға бейімделіп. Тағы басқа. Жазу стилі де ықпал етеді. Иә, ЖИ барлық ақпаратты әп-сәтте береді. Гугл да сол режимде. Сайттарға өтпей жауапты дайындап береді. Ендеше басқа жолын табу керек. Жалпы, жасанды интеллект көп сайттың түбіне жетеді-ау…», — деп пікір білдірді журналист Нұрмұхамед Байғараев.