"Көлік мінгізді. Президенттердің алдына шығарды": Танымал күйші Роза Рымбаева туралы көпшілік біле бермейтін шындықты айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 490.21
  • 566.93
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
10 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Көлік мінгізді. Президенттердің алдына шығарды": Танымал күйші Роза Рымбаева туралы көпшілік біле бермейтін шындықты айтты

"Көлік мінгізді. Президенттердің алдына шығарды": Танымал күйші Роза Рымбаева туралы көпшілік біле бермейтін шындықты айтты

Белгілі күйші, композитор Айбек Бекбосын Роза Рымбаеваның күй өнеріне деген құрметі туралы айтты.

  • 10 Маусым
  • 241
Фото: Видеодан скриншот, instagram/rozarymbaeva. Коллаж: Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол Кешrec бағдарламасына берген сұхбатында Роза Қуанышқызын «өнердегі анам» деп атап, Қазақстанның Халық әртісінен көп жақсылық көргенін жасырмады.

«Роза апайымыз өнердегі анам. Қолымнан жетектеп үлкен сахнаға алып шыққан кісі. Ол кісімен үлкен іс-шарада таныстым. Мен сол жерде күй ойнасам, Роза апай отыр екен. Ол кісіні көріп жасқанып қалдым. Семейден енді келген 23-тегі баламын. «Мәссәған, Роза апай отыр, мен ойнамай-ақ қояйын, сол кісі әнін айтып кетсін, сосын ойнаймын» дегенмін. Екі күйімді орындадым, халық жақсы қабылдап, үшінші күй сұрады. Мен бірінші күйімді қайталап орындап бердім. Содан соң Роза апаймен амандастым. «Қай жақтың баласысың, домбыраны жақсы ойнайды екенсің» деді. Солай танысып, телефон алмастық. Жұмыс, сахна керек болған соң арада 5-6 ай өткенде ол кісіге өзім хабарластым. Үйіне шақырды. Барып «сіз мені үлкен сахнаға ертсеңіз ертіңіз, ертпесеңіз еліме қайтайын» дедім. Өзім Роза апаймен жұмыс істегім келеді деп жүргенмін. Директорына хабарласты да «ертең таңертең Шымкентке ұшамыз» деп, жұмыс сол күннен басталып кетті. Концерт, той болды. Шымкенттен 3-4 күннен кейін қайттық. Марқұм Берік Исмайылов ағамызға барып, концертке екі костюм тіккізді. Барлық афишаға өзінің суретінің қасына менің де фотомды қойып, «Ән мен күй кеші» деп концерт өткіздік. Ол кісі маған көп дүние жасады. Бірге бүкіл Қазақстанды айналып концерт бердік. Алматыға енді келген соң қаланы дұрыс білмеймін, бір шараларға кешігіп қалып жүрдім. Содан көлік мінгізді. Президенттердің алдына шығарып, үлкен іс-шараларға қатыстырды. Алғысым шексіз. Ол кісі мені емес, қазақтың күй өнерін құрметтеген шығар деп ойлаймын», — дейді өнер иесі.