Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Еттеккір үшін таяқ жеу…Наташа әңгімесінің осы тұсы да миымнан шықпай қойды. Осындай да қараңғылық бола ма деген ойдан өзіме өзім келе алмай жүрмін! Қыз-ғұмырдың ең маңызды кезеңінің алғашқы сәтінің өзі жұдырық пен қорлаудан басталса, оны өз анасынан көрсе, бала өзінің адами болмысының көк тиынға тұрмайтынын, ол тек жаншылып, тұншығып өмір сүріп, өз тәнінен өзі ұялып, қуыстанып, өзін былғанған күнәһар сезінуден басталған өмір қандай болмақ?! Әрине, зорлап жатса да, қарсылық көрсете алмайтын, өзін қорғай алмайтын анасының қолынан әу баста морт сынған адам ғой ол!
14 жасымда дәл осындай өзгерісті өз бойымнан сезінген мен интернатта жүрген едім. Қаңтар айы, дарынды балалар мектебінің оқушылары болып автобусқа мініп, концертке баруымыз керек.Қақаған қыста аяғымызда гольфы мен жазғы туфли, пионер формасын киіп сахнаға шығу керек. Автобус жүрерде дәретханаға сұрандым. Қасымдағы құрбым екеуміз жүгіріп кеттік. Еттеккір келгенін түсініп, құрбым бірден керек-жарағымды әкеп берді. Сыныптағы барлық қыз жетіліп, өсіп, менің ғана тәнім ешқандай белгі бермей жүргенін өзім де білетінмін.Сондықтан мен қуандым. Бәрін қалыпты қабылдадым. Сол аптаның соңында интернатқа анам келді. Анама өзгерісті айтып едім, ол ажары күлімдеп: “қорыққан жоқсың ба, қызым?”деді. Мен “жоқ,мама!Сыныптағы қыздардың бәрінде бар, енді менде де болады!” деп мақтанышпен жауап бергенім есімде. Баламын ғой! Ертесіне Есіктен әкем келді. Әдетте ата-анамыз аптасына бір келетін. Бұл жолы папам қызметтік шағын автобусымен келіпті. Мектеп ауласында серуендеп әңгімелесіп біраз жүрдік. Көлігіне жақындаған кезде, қоштасарда әкем бір түрлі қысылып:
-Дәкәбай, мен әкеп тұрмын. Керек болса, ал! Анда тұр-деп, көзімен автобустың ішін меңзеді
-О не,пап?-дедім
-Ашсай есігін, көресің!-деп тағы ыңғайсызданып тұр әкем
Автобустың есігін ашсам,шағын көлікке ауызы мұрнынан толтырып әкешім гигиеналық төсем(прокладкалар) әкеліп тұр ғой!
Анамнан жаңалықты естіп, дефицит болған тауарды қайдан тапқанын білмеймін,маған жеткізген! Соны айта алмай қысылып тұрған әкешім менің», — деп жазды журналист.
Естеріңізге сала кетейік, Наташа Қалымбетова етеккір келгені үшін анасынан қорлық көргенін Дана Нұржігітке берген сұхбатында айтқан еді.
”17 жасыма дейін анамнан өте қатты қорқып жүрдім. 13 жасымда етеккір келген кезде мен өте қатты ұрған. Сол кезде 13 жасымда сынып қалдым, анаммен сөйлесуді қойдым. Анамның көзқарасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жасыл түсті калготкиім болған. Киімдерімнің арасына жәшікке салып тастағанмын. Баламын ойнап жүрген, оны жумай салып тастағанмын. Анамның тазалыққа деген ауруы болатын. Жасыл калготкиімді көріп, шашымнан сүйреп, кілем қағатынмен өлгенше ұрды. Не үшін ұрғанын білмеймін, “мынау не” деп сұрады да, “білмеймін” деген кезде ғана тоқтады. Содан кейін әрине қыз бала тоқтап қалады”, — деді ол.