Туризмді дамыту – елді таныту    - kaz.caravan.kz
  • $ 491.29
  • 562.92
+8 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Туризмді дамыту – елді таныту   

Туризмді дамыту – елді таныту   

Туризм – экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Бұл сала елге шетелдік туристердің келуіне мүмкіндік жасап, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар туризм арқылы елдің мәдениеті, дәстүрі мен тарихы әлемге танылады.

  • 16 Наурыз
  • 50
Фото: Ж. Ғаниқызының жеке мұрағаты

Осы тұрғыда еліміздегі туризм саласында 10 жылдан аса қызмет атқарып келе жатқан туризм саласының магистранты, осы саланың маманы, инфлюенсер Жансая Ғаниқызымен Caravan.kz медиа порталының тілшісі сұхбаттасты. 

Жансая ханым, маман ретінде елімізде туризм саласының қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?

-Менің ойымша, Қазақстандағы туризм саласының қазіргі жағдайын “даму үстіндегі, әлеуеті жоғары сала” деп бағалауға болады. Бүгінгі таңда туризм әлемдік экономикадағы ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі.

Халықаралық ұйымдардың болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай әлемде халықаралық туристер саны 1,8 миллиард адамға жетеді. Бұл  дегеніміз, миллиардтаған адамдар жаңа елдер мен бағыттарды таңдап, халықаралық саяхат жасайтынын білдіретін атап кету керек.

Осы жаһандық үрдіс аясында еліміздің туризмінің  де қалыптасу және даму кезеңінде деп айтуға болады. Біздің ел туристік бағыт ретінде бұрыннан белгілі болғанымен, халықаралық аудитория Қазақстандағы туризм мүмкіндіктері туралы соңғы жылдары ғана кеңінен біле бастады деп айта аламын.

Қазақстанның басты артықшылығы,  ол табиғи ландшафттардың бірегейлігі мен мәдени мұрасының байлығы. Өздеріңіз білесіздер, еліміздің қай өңірін алып қарасақ та баратын жерлерді өте көп. Біз білмейтін әдемі жерлер де әлі бар екені сөзсіз.

Бүгінде әлем үшін Қазақстан несімен қызық десеңіз:

  • эко-туризм
  • этнотуризм
  • adventure-туризм
  • экспедициялық саяхаттар сияқты бағыттар бойынша жаңа әрі қызықты туристік дестинация ретінде ашылып жатыр.

Статистикаға сүйенсек, елімізде кіру туризмі жыл сайын шамамен 10% деңгейінде өсіп келеді. Сонымен қатар, соңғы 5–6 жылда ішкі туризм де 10–15% шамасында тұрақты өсім көрсетіп отыр.

Бұл қазақстандықтардың өз еліндегі туристік бағыттарға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде көптеген азаматтар әлі де шетелге саяхаттағанымен, кемінде бір демалысын Қазақстанда өткізуді таңдайды.

Сонымен қатар, әлемдік трендтерге назар аударсақ, қазіргі уақытта этнографиялық және саяхатшылық туризм үлкен танымалдыққа ие. Табиғатқа жақын демалыс түрлері яғни, эко және этнотуризм әрқашан сұранысқа ие болса, соңғы жылдары adventure-туризм ең жылдам өсіп жатқан сегменттердің бірі болып отыр.

Туризмді дамыту үшін ең басты қандай мүмкіндіктер бар?

-Қазақстанда туризм саласын дамытуға зор мүмкіндік бар деп сеніммен айтуға болады. Оның басты себебі – еліміздің табиғи, мәдени және географиялық әлеуетінің бірегейлігі. Бұл факторлар Қазақстанды халықаралық туристік нарықта ерекше әрі тартымды бағыт ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ең алдымен, табиғи туризмнің даму мүмкіндігі өте жоғары. Қазақстан табиғатының алуан түрлілігі ерекше: мұнда биік таулар, мөлдір көлдер, терең каньондар, кең жазиралы далалар мен шөлдер, сондай-ақ көптеген ұлттық парктер мен қорықтар орналасқан. Қазіргі уақытта әлемде табиғат аясында демалуға, экологиялық және белсенді туризм түрлеріне деген сұраныс артып келе жатқанын ескерсек, бұл Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік екені анық.

Сонымен қатар, этнотуризм мен мәдени туризмді дамыту әлеуеті де зор. Қазақстан – көшпелі өркениеттің бай мәдени мұрасын сақтап қалған елдердің бірі. Киіз үй мәдениеті, ұлттық тағамдар, дәстүрлі салт-дәстүрлер, атқа міну өнері және этноауылдар шетелдік туристер үшін ерекше әрі қызықты тәжірибе ұсынады. Бұған қоса, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи қалалар мен сәулет ескерткіштері де туристердің назарын аударып, еліміздің мәдени-тарихи туризмін дамытуға ықпал етеді.

Тағы бір маңызды бағыт – ішкі туризмнің қарқынды дамуы. Соңғы жылдары қазақстандықтар өз елінде саяхаттап, демалуға көбірек қызығушылық таныта бастады. Бұл үрдіс аймақтық туризмнің жандануына, жаңа туристік нысандардың ашылуына және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына оң әсерін тигізуде.

Елімізде туризмді дамыту үшін барлық қажетті алғышарттар бар. Олар – табиғи ресурстардың байлығы, мәдени мұраның ерекшелігі, географиялық орналасудың тиімділігі, ішкі туризмнің өсуі және цифрлық маркетингтің дамуы. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы Қазақстан болашақта Орталық Азиядағы маңызды туристік бағыттардың біріне айналатынына толық негіз бар.

Туризм арқылы жаңа жұмыс орындарын қалай көбейтуге болады?

-Туризм саласы жаңа жұмыс орындарын құруға үлкен мүмкіндік беретін маңызды экономикалық бағыттардың бірі болып саналады. Бұл саланың ерекшелігі – оның тек қонақүйлер мен туристік компаниялармен ғана шектелмей, көлік тасымалы, қоғамдық тамақтану, қолөнер, сауда және түрлі қызмет көрсету салаларымен тығыз байланыста дамуы. Сондықтан туризмнің дамуы ел экономикасына мультипликативті әсер етіп, көптеген адамдарды жұмыспен қамтуға ықпал етеді.

Мәселен, соңғы жылдары дамып келе жатқан iCaravan жобасын атап өтуге болады. Бұл бастама саяхат кезінде туристердің жол бойындағы ауылдарға, шағын елді мекендерге аялдап, сол жердің тұрмыс-тіршілігімен және қонақжай дәстүрімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді. Осындай формат арқылы туристер тек табиғатты тамашалап қана қоймай, жергілікті мәдениетпен танысып, ауыл өмірінің ерекшеліктерін сезіне алады.

Сонымен қатар, мұндай жобалар ауыл тұрғындары үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады. Жергілікті халық туристерге түрлі қызметтер ұсынып, қосымша табыс таба алады. Мысалы, ауыл тұрғындары өз үйлерінде guest house немесе шағын қонақүйлер ашып, саяхатшыларды қабылдай алады. Бұдан бөлек, туристерге ұлттық тағамдар әзірлеп ұсынып, қазақтың дәстүрлі асханасын таныстыруға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ жергілікті шеберлер қолөнер бұйымдарын жасап, оларды туристерге сатуға жағдай жасайды. Ал табиғаты көркем өңірлерде атпен серуендеу, шағын экскурсиялар ұйымдастыру, жергілікті тарихи немесе табиғи нысандарды таныстыру сияқты қызметтер де кеңінен дамуы мүмкін. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашып, жергілікті экономиканың жандануына ықпал етеді.

Осылайша, iCaravan сияқты бастамалар тек ауылдық туризмді дамытуға ғана емес, сонымен қатар ауыл халқының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Мұндай жобалар туризмнің ел экономикасы үшін маңызды сала екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Алдағы 5–10 жылда туризм саласының дамуын қалай елестетесіз?

— Осы саланың маманы ретінде айтарым, алдағы 5–10 жылда Қазақстандағы туризм біртіндеп қалыптасу кезеңінен тұрақты даму кезеңіне өтеді. Қазір әлемде саяхатқа деген сұраныс артып келеді, ал туристер жаңа, бұрын көп ашылмаған бағыттарды іздейді. Қазақстан дәл осындай бағыттардың бірі бола алады.

Нақты айтатын болсақ, мемлекет туризм саласына белсенді инвестиция тартуда. 2027 жылға дейін 181 инвестициялық жобаны іске асыру және 1,1 триллион теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Бұл инфрақұрылымды жақсартып, туристік нысандарды көбейтуге мүмкіндік береді.

Мысалы алдағы жылдары ішкі туристер санын 11 миллион адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, барлық қонақүйлерді eQonaq ақпараттық жүйесіне қосу көзделуде, бұл туристік статистиканы және қауіпсіздікті жақсартуға мүмкіндік береді.

Алайда қазіргі жағдайда нақты болжам жасау қиын. Дегенмен, соңғы жағдайларды және туризм дамыған елдердің тәжірибесін ескерсек, халықаралық қақтығыстар мен геосаяси тұрақсыздық мерзімді тәуекелдер болып табылады.

Дұрыс стратегия, қауіпсіздік шаралары және инфрақұрылымды жетілдіру арқылы Қазақстан ішкі туризмді дамытып, халықаралық туристерді тартуда сенімді және тұрақты бағытқа айнала алады. Алдағы 10 жылда Қазақстан Орталық Азиядағы ең тартымды және қарқынды дамып келе жатқан туристік бағыттардың біріне айналуы әбден  мүмкін.

Жастарды туризм саласына тарту үшін қандай бағдарламалар қажет?

-Қазақстанда жастардың туризм саласына деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі уақытта көптеген студенттер жоғары оқу орындарында туризм, қонақжайлылық және сервис салалары бойынша білім алып, арнайы курстар мен бағдарламалар арқылы кәсіби біліктіліктерін арттыруда. Алайда бұл бағыттағы басты мәселелердің бірі – оқуын аяқтаған жастарды нақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Теориялық білім алған жас мамандардың тәжірибесі жеткіліксіз болғандықтан, олардың еңбек нарығына бейімделуі кей жағдайда қиындық туғызады.

Осы мәселені шешудің тиімді жолдарының бірі – студенттерге оқу барысында халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігін кеңінен ұсыну. Шетелдік туристік орталықтарда немесе қонақжайлылық саласында тәжірибеден өту жастарға әлемдік тәжірибемен танысуға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және жаңа жұмыс тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай тәжірибе олардың шет тілдерін меңгеру деңгейін арттырып, халықаралық стандарттармен жұмыс істеу қабілетін қалыптастырады.

Бұдан бөлек, студенттерге оқу кезеңінде-ақ жұмысқа бағытталған қолдау көрсету, менторлық бағдарламалар ұйымдастыру және өндірістік практикаларды тиімді түрде жүргізу маңызды. Мұндай тәжірибелік жұмыстар жастардың теориялық білімін нақты тәжірибемен ұштастырып, туризм саласының ерекшеліктерін тереңірек түсінуіне ықпал етеді. Нәтижесінде олар оқуын аяқтаған кезде еңбек нарығына дайын, кәсіби дағдылары қалыптасқан маман ретінде қалыптасады.

Жалпы алғанда, туризм саласында тек білім беру жеткіліксіз. Бұл салада табысты жұмыс істеу үшін білім мен тәжірибені қатар дамыту қажет. Сондықтан оқу бағдарламалары теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибені, халықаралық тағылымдамаларды және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қамтуы тиіс. Осындай жүйелі тәсіл жүзеге асқан жағдайда жастардың туризм саласына деген қызығушылығы сақталып, олардың кәсіби әлеуеті арта түседі. Ал бұл өз кезегінде Қазақстанның туризм индустриясының дамуына үлес қосатын жаңа әрі білікті мамандардың қалыптасуына негіз болады.