Әлемдік экономикалық күштер теңгерімі өзгеруде: Қазақстан жаңа өсім нүктесі бола ала ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 479.82
  • 559.9
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
10 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әлемдік экономикалық күштер теңгерімі өзгеруде: Қазақстан жаңа өсім нүктесі бола ала ма?

Әлемдік экономикалық күштер теңгерімі өзгеруде: Қазақстан жаңа өсім нүктесі бола ала ма?

Соңғы жылдары жаһандық экономикада айқын трансформация байқалуда: дамушы елдер жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімі бойынша алдыңғы қатарға шығып, дәстүрлі экономикалық орталықтардың ықпалын біртіндеп әлсіретіп келеді

  • 10 Сәуiр
  • 6
фото: - ЖИ

Visual Capitalist талдауына сәйкес, Қазақстан шамамен 29% өсім болжамымен назар аудартқан елдердің қатарында. Бұл көрсеткіш ел экономикасының шынайы құрылымдық өзгерістерін көрсете ме, әлде уақытша факторлардың нәтижесі ме? Осы және өзге де маңызды сұрақтар төңірегінде біз Орталық Азия мәселелерін, әсіресе Қазақстанды 15 жылға жуық зерттеп келе жатқан журналист әрі сарапшы, БАӘ-нің «Media Hub International» компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Абдулрахим Абдулвахидпен сұхбаттастық.

— Бұл үрдісті жаһандық күштер теңгерімі тұрғысынан қалай бағалайсыз?

— Visual Capitalist талдауы экономикалық өсім географиясындағы маңызды өзгерісті көрсетеді. Дамушы елдер жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімі бойынша алға шығып, классикалық «жақындасу» (convergence) динамикасын айқындап отыр. Яғни табысы төмен елдер дайын технологиялар мен капиталды игеру арқылы жылдамырақ өседі.

Алайда бұл үрдісті асыра бағалауға болмайды. Жылдам өсім автоматты түрде жаһандық ықпалдың артуын білдірмейді. Дамыған елдер өнімділік, инновация және институционалдық әлеует тұрғысынан әлі де басым. Қалыптасып келе жатқан жағдай – бұл әлемдік иерархияның түбегейлі өзгеруі емес, экономикалық белсенділіктің біртіндеп таралуы. Яғни әлем көпполярлы сипатқа ие бола бастайды, бірақ теңсіздік сақталады.

Қазақстандағы шамамен 29% өсім қаншалықты нақты құрылымдық өзгерістерді көрсетеді?

— Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің шамамен 29% өсімі әсерлі көрінеді, бірақ ол толыққанды құрылымдық өзгерісті білдірмейді. Бұл көрсеткіш елдегі нақты экономикалық серпінді де қамтиды – өсім қарқыны мен табыстың артуы байқалады.

Сонымен қатар, бұл өсімге сыртқы факторлар да ықпал етуде: шикізат бағасының құбылуы және орта табысты елдерге тән статистикалық «төмен база әсері». Ең бастысы – экономиканың құрылымы әлі де шикізат секторына тәуелді.

Әртараптандырудың алғашқы белгілері бар, бірақ бұл көрсеткішті түбегейлі экономикалық модельдің өзгеруі ретінде емес, нақты прогресс пен қолайлы сыртқы жағдайлардың жиынтығы ретінде қарастырған жөн.

Қазақстанды Еуразиядағы қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың қатарына жатқызуға бола ма?

— Қазақстан белгілі бір шарттармен Еуразиядағы қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың қатарына кіреді. Елдегі өсім салыстырмалы түрде тұрақты, ал Еуропа мен Азия арасындағы географиялық орны оның транзиттік және логистикалық рөлін күшейтті.

Инфрақұрылымдық жобалар мен қаржы секторындағы даму, әсіресе Астана халықаралық қаржы орталығының қызметі, елдің өңірлік амбициясын көрсетеді.

Дегенмен, экономиканың салалық құрылымы әлі де тар. Сондықтан Қазақстанды толық әртараптандырылған өсім көшбасшысы ретінде емес, өтпелі кезеңдегі шикізатқа тәуелді экономика ретінде қарастырған дұрыс.

— Қазақстанның экономикалық саясаты жаһандық әртараптандыру үрдістеріне қаншалықты сәйкес келеді?

— Жалпы алғанда, Қазақстанның экономикалық саясаты жаһандық әртараптандыру трендтеріне сәйкес келеді. Билік индустриялық даму, цифрландыру және қызмет көрсету секторын кеңейтуге басымдық беріп отыр. Сонымен қатар жасыл энергетика мен инновацияға қызығушылық байқалады.

Алайда мұнайға тәуелділік әлі де негізгі фактор болып отыр. Саясаттың бағыты дұрыс болғанымен, оны іске асыру баяу жүріп жатыр. Құрылымдық трансформация әлі толық аяқталған жоқ.

— Бұл трансформацияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі қандай?

— Қасым-Жомарт Тоқаев өзін прагматикалық реформатор ретінде көрсетіп отыр. 2022 жылғы оқиғалардан кейін оның әкімшілігі тұрақтандыруға басымдық бере отырып, «Жаңа Қазақстан» аясында реформаларды ілгерілетуде.

Бұл реформалар нарықтағы шоғырлануды азайту, басқару сапасын жақсарту және инвестициялық ахуалды нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, көпвекторлы сыртқы саясат елдің экономикалық икемділігін сақтауға мүмкіндік береді.

Оның рөлі радикалды өзгерістер жасаушыдан гөрі, біртіндеп және бақылаулы трансформацияны жүзеге асыратын басқарушы ретінде сипатталады.

Қазақстанның экономикалық өсімінің тұрақтылығын не анықтайды?

— Қазақстанның ұзақ мерзімді өсімі шикізатқа тәуелділіктен қаншалықты арыла алатынына байланысты болады. Ішкі факторлар ретінде адами капиталды дамыту, институттарды нығайту және шикізаттық емес секторларды өркендету маңызды.

Сыртқы жағынан ел шикізат бағасына және жаһандық сауда өзгерістеріне тәуелді болып қала береді. Геосаяси жағдай да маңызды рөл атқарады.

Егер әртараптандыру жүзеге аспаса, қазіргі жоғары өсім қарқыны ұзаққа созылмауы мүмкін. Сондықтан басты мәселе – циклдік емес, құрылымдық сипатта.

— Қазақстан өңірлік экономикалық хабқа айнала ала ма?

— Қазақстанның өңірлік экономикалық хабқа айналу мүмкіндігі бар, бірақ бұл автоматты түрде жүзеге аспайды. Географиялық орналасуы – үлкен артықшылық, әсіресе көлік және логистика саласында.

Инфрақұрылым мен қаржы секторына салынған инвестициялар да бұл бағытты күшейтеді. Бірақ хаб болу үшін тек география жеткіліксіз.

Бұл үшін жоғары сапалы реттеу жүйесі, сенімді институттар және халықаралық желілерге терең интеграция қажет. Бәсекелестік те жоғары. Сондықтан Қазақстанның табысы реформалардың тереңдігі мен жүйелілігіне, сондай-ақ стратегиялық мүмкіндіктерді нақты экономикалық нәтижеге айналдыра алуына байланысты болады.