— Қазіргі таңда дінге байланысты көптеген жазбалар, әңгімелер жүріп жатыр. Елде діни қақтығыстар көп болып кетеді деп ойламайсыз ба?
— Жалпы Қазақстанда діни ахуал, соның ішінде Ислам діні ішіндегі діни ахуалдың бара бара күрделеніп бара жатқанын, күтпеген жағымызға қарай дамып бара жатқанын көруге болады. Теолог ретінде айтатын болсам, бұл нәрсені екіге бөлуге болады. Бірінші, сенім, адамның сенімі. Адам сенім арқылы дінге кіру мүмкін немесе дінге кірмей-ақ бірдеңелерге сенуі мүмкін. Жалпы, кез келген адамда сенім болады. Екіншісі бұл — дін. Дінде белгілі бір жүйе бар, ережелер бар, сол дінге сенетіндердің үстінде өмірде өткен болсын, қазір тірісі болсын жетекші бар. Дінде жамағат болып идеяның, бір ойдың артында топтасу бар. Дін мен наным-сенімді бөлек қарастыратын осы нәрселер бар. Өкінішке, орай бізде дінге сеніп жүргендердің көбісі сенімнен көрі діннің өзіне кіріп кеткендер. Яғни, «белгілі бір ережелерді орындасақ, осындай боламыз. Осы ережелерді бұлжытпай, қатесіз орындасақ жақсылыққа жетеміз» деп сенетіндер. Сенімі әлсіз бола тұра дінге кірсе, діндегі белгілі бір шарттарды орындау арқылы ғана «ұшпаққа жетемін» деп ойлайтын болса, дін мен наным-сенімді қоса алмаса онда ол неше түрлі проблемаларға ұшырайды. Сондықтан қазіргі Қазақстандағы дінге сенетіндердің жағдайы осындай.
— Теолог ретінде, жат ағымның адамдарын қалай тоқтатуға болатынын айтып өтсеңіз…
— «Жат ағым» деген сөзді көп қолданамыз, бірақ бір ауыздан келіскен ештеңеміз жоқ. Жат ағым деген не? жат ағымның қандай сипаттары бар? оның қандай зияндары бар? жат ағымның өкілдерін қалай анықтауға болады? Бұл жайлы қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілу керек. Жат ағым деген кімдер? Олардың нақты тізімі бар ма, сипаты бар ма? Олар қай елден келеді? Сол жайлы бізге көп нәрсе айтылу керек деп есетпеймін.
— Болашақта діни ахуалдың сценарийі қандай болуы мүмкін, болжам бар ма?
— Соңғы кездері әлеуметтік желі дамығаннан кейін, адамдардың сандық сауаттылығы артқаннан кейін түрлі оқиғаларды көріп жүрміз. Ал таспаға түспей, камераға жазылмай қалған, журналистер естімей қалған неше түрлі дін саласында оқыс оқиғалар бұрыннан болып жатыр, әлі де болып жатыр. Қазір сізбен сөйлесіп отырған кезде де болып жатыр. Сондықтан болып жатқандардың ішінде таспаға жазылып, жұртқа жарияланып кеткен нәрселер шығар. Тәуелсіз ел болып, дініміз дамып, күшті болып рухани дамып келе жатып бір мұсылманды бір мұсылман өлтірді деген аспаннан түскен оқиға емес, ондай күнделікті қоғамда болып жатыр, көріп жүрміз. Алда дәл осылай кете беретін болса, бізді алда үлкен қауіптер күтіп тұр. Бізді тәуелсіздік алған жылдары діни ахуалды ахуалды бақылап, қадағалап назарда ұстайтын жағдайымыз болған жоқ. Оның үстіне, қауіп дін жағынан келеді деп ешкім ойлаған жоқ. Ал енді дін саласындағы кейбір проблемарды қолға алмасақ, алда дәл осылай кете беретін болсақ онда үлкен, үлкен бізге ұнамайтын да оқиғалар болуы мүмкін. Діни ахуал, дін ұстанушылардың болашағы және оның ұлтқа, мемлекетке қатынасы біз ойлағаннан да қатты қорқынышты болуы мүмкін. Сондықтан дінге тек қасиетті нәрсе деп емес, мемлекет дін ұстанушыларына өте сақ қараған жөн. Оларды үнемі бақылауда ұстап, араларында сырт көзге әдемі көрініп, бірақ ішкі концепциясы неше түрлі идеологияларға толып қалған топтар бар. Солардың бәріне дұрыстап зерттеу жүргізіп, діни ахуалды үнемі назарда ұстап отыру керек деп есептеймін.
— Сұхбатыңызға рақмет!