Тамызда Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша барлық техникалық жұмысы аяқталады. Бұл мемлекеттік сатып алу кезінде цифрлық теңгені пайдалануға толық көшуге мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкіметтегі кеңесте цифрлық теңгені енгізудің пилоттық жобасын жүзеге асырудың алдын ала қорытындысы мен оны сынақтан өткізу барысында туындайтын мәселелер қаралды.
Қаржы министрлігі хабарлағандай, бүгінгі таңда цифрлық теңге платформасының мәртебесі және оның жұмыс істеу тәртібі заңнамалық тұрғыдан бекітілген. Айналысқа 340 млрд цифрлық теңге шығарылған. Оларды пайдалана отырып, 20 пилоттық жоба жүзеге асырылса, тағы 10-ы жүзеге асырылуда. 50-і іске қосуға дайындалуда.
Пилоттық жобалар инфрақұрылымдық құрылысты, бюджеттік кредиттеу мен субсидиялауды, гранттық қаржыландыруды, мемлекеттік қолдау шараларын, мемлекеттік сатып алуды, салықтық әкімшілендіруді, сондай-ақ Ұлттық банк пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларын қамтиды. Цифрлық теңгені міндетті түрде қолдану құны 100 млн теңгеден асатын жобаларға арналған бюджеттік шығыстардың сегіз ерекшелігі бойынша қарастырылады.
Тамызда тауарларды, дәрілік заттарды, жанар-жағармай материалдары мен басқа да материалдық қорларды мемлекеттік сатып алу кезінде цифрлық теңгені пайдалану жоспарлануда.
Кеңеске қатысушылар жобаны одан әрі кеңейтуді тежейтін мәселелерге ерекше назар аударды. Бас мердігерден бастап түпкілікті орындаушыға дейін бюджет қаражатын пайдаланудың қадағалануын қамтамасыз ету негізгі мәселенің бірі болып қала береді. Іс жүзінде қосалқы мердігерлік ұйымдар көбінесе цифрлық теңгені пайдалану үшін смарт-келісімшарттар жасасуға дайын емес. Өйткені қолданыстағы заңнамада тиісті талаптар жоқ.
Бұл кедергіні жою үшін Қаржы министрлігі қажетті құқықтық тетікті құруды көздейтін тиісті құқықтық актілерге түзетулер пакетін дайындады.


