Семіздік дерті осылай ушыға берсе, ел экономикасына түсетін ауыр жүкке айналады - эндокринолог - kaz.caravan.kz
  • $ 464.53
  • 543.73
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Семіздік дерті осылай ушыға берсе, ел экономикасына түсетін ауыр жүкке айналады - эндокринолог

Семіздік дерті осылай ушыға берсе, ел экономикасына түсетін ауыр жүкке айналады - эндокринолог

Ел экономикасына түсетін ауыр жүкке айналып отырған семіздік мәселесі күннен-күнге ушығып барады. Мамандар бұл жағдайға алаңдап, дер кезінде алдын алу шараларын қабылдаудың маңызын айтып отыр.

  • 5 Мамыр
  • 320
Арман Дүйсенбаевтың жеке мұрағатынан алынған

Халық арасында артық салмақ пен семіздік дерті кең таралып келеді. Эндокринолог мамандар дабыл қағып, мәселенің тек жеке адамның тамақтану әдеттерімен немесе өмір салтымен ғана шектелмейтінін ескертеді. Олардың айтуынша, бұл құбылыс қалалық ортадан бастап, экономикалық және әлеуметтік факторларға дейінгі көптеген себептермен тығыз байланысты.

Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі эндокринолог Арман Дүйсенбаевпен сұхбаттасып, артық салмақтың пайда болу себептері, оның салдары және шешу жолдары туралы жан-жақты әңгіме өрбітті.

Арман Дүйсенбаевтың жеке мұрағатынан

Сәлеметсіз бе, Арман. Алдымен өзіңіз туралы айтып беріңізші. Мамандығыңыз, медицинадағы тәжірибеңіз, қазір қайда жұмыс істейсіз? 

— Мен жас маманмын, негізгі бағытым — семіздік пен қант диабеті, сондай-ақ өз отандастарымның денсаулығына бейжай қарамайтын дәрігермін. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдадым. Бұл салада ұзақ жылдық тәжірибем жоқ болса да, семіздік тақырыбы мені студенттік кезден алаңдатып келеді. Қазір Жапонияда, Fujita Health университетінде эндокринология, диабет және метаболизм бағыты бойынша докторантурада білім алып жатырмын. Қазақстанда көбінесе Диабет орталығында жоспарлы түрде емделетін, бірінші және екінші типті қант диабеті бар, және сирек кездесетін диабет түрлерімен ауыратын пациенттерімен жұмыс істедім. 

Өз тәжірибеңіз бен бақылауларыңызға сүйене отырып, елдегі семіздік мәселесі туралы не айтасыз?

— Жағдай нашарлап жатыр. Қазақстан бұл тұрғыда жаһандық трендтен қалыс емес екенін де айту керек. Артық салмағы бар адамдардың үлесі бізде ғана емес, көптеген әлем елдерінде өсіп отыр. Біз «критикалық жағдайға жеттік» деп үрей туғызудан аулақпын, дегенмен ұзақ мерзімді перспективада жағдай мәз емес. Егер қазірден бастап оңтайлы шешімдер қабылданса, біз жаңа жағдайлардың өсуін тоқтатып, көрсеткіштерді біртіндеп төмендетуге қол жеткізе аламыз.

Әрине, бұр жерде жүйелі тәсіл керек. «Аз тамақтаныңыз» деген қарапайым кеңестердің уақыты өтіп кетті. Соңғы 50 жыл бойы эндокринологтар осыны айтып келеді, жағдай керісінше ушығып барады.

Мемлекет үшін де бұл маңызды мәселе, себебі семіздік халықтың еңбекке қабілеттілігіне, салық түсімдеріне және денсаулық сақтау шығындарына әсер етеді. 

Сіз өз сөзіңізде бізде нақты статистика жүргізілмейтінін айтып қалдыңыз. Неге?

— Негізгі мәселе технологиялардың жоқтығында емес. Қазақстанда семіздік көбінесе диагноз ретінде қабылданбайды, тіпті дәрігерлердің арасында да. Әдетте біз «дұрыс жасалған электронды жүйе жоқ» немесе «анық критерийлер жоқ» деп айта береміз. Шынтуайтында өзіміз семіздік пен артық салмақтың не екенін толық түсінбейміз. Салдарынан қабылдаулар кезінде оны жеке жағдай немесе қосымша диагноз ретінде тіркемейміз, статистикада да ол толық көрінбейді.

Егер дәрігерлер арасында, соның ішінде терапевтік бағыттағы мамандар арасында ақпараттандыру жұмыстары жиі жүргізілсе, біз статистиканы әлдеқайда жақсы бақылап, Қазақстан бойынша нақты көріністі көре алар едік.

Мысалы, алғашқы медициналық тексерісте антропометриялық деректерді өлшейді, ол бой, салмақ, бел айналымы. Мұнда дәрігердің қатысуы міндетті емес, орта медицина қызметкерлері де атқара алады. Кейін барлық мәліметтер қолданыстағы электронды жүйелерге енгізіледі. Менің ойымша, мемлекетке бұл керек емес сияқты, себебі ертең нақты статистика пайда болған кезде, оған біреу жауап беруге мәжбүр болады. Сондықтан «семіздік» мәселесі қазіргі кезде назардын тыс қалып отыр. 

— Семіздіктің негізгі себептері қандай? Тамақтану, өмір салты, әлде психология ма?

— Барлығы бірге. Бұл сұраққа мен қоршаған орта тұрғысынан жауап бергім келеді. Мен өмір бойы Алматыда тұрдым, сондықтан мысалдарды осы қаламен байланыстырып айтамын. Жұмыс істейтін орташа алматы тұрғынының өмірін елестетіп көрейік. Ол жұмысқа көбінесе көлікпен немесе таксимен барады. Жұмысында мүлде қозғалмауы мүмкін, түскі ас кезінде ол асханаға асығып, бірдеңе жеп, оны тәтті сусынмен ішіп, қайта отыратын жұмысына оралады. Кешке кептеліспен келгенше тағы екі сағаты көлікте өтеді. Үйге келген соң тойып тамақтанып алады да, телефонда отырады немесе теледидар көреді. Міне, негізгі мәселелердің бірі — гиподинамия. Қазіргі қалалық орта ешқандай қозғалыс түріне бейімделмеген. Салдарынан күні бойы жеген тамақ қорытылмай, түскен калория тиісінше жұмсалмайды.

Салдарынан энергия балансы бұзылады, яғни тұтынған калория мөлшері жұмсалған калориядан артық. Ал генетика, гормондар, қоршаған орта сынды қалған факторлар осы теңгерімнің қалай қалыптасатынына әсер етеді. Иә, семіздікті тудыратын метаболикалық аурулар бар, яғни ол тамақтанудан емес, зат алмасудың бұзылуынан туындайды. Бірақ бірқатар эпидемиологиялық зерттеулер бойынша олардың үлесі барлық жағдайлардың 5%-н ғана құрайды.

Генетика да маңызды рөл атқарады. Ол адамның салмақ қосуға бейімділігін 40-70%-ға анықтай алады. Бұл тәбетке, тойыну сезіміне, энергияны жұмсауға және майдың таралуына әсер етеді.

Айналып келіп қайтадан сол түсінікке ораламыз, артық салмақ — энергия балансының бұзылуы. Егер салмақ қосылып жатса, демек жегеннен аз жұмсап жатырсыз деген сөз. 

Алматыға қайта оралайық. Менің айтпағым, біздің қала адамдардың көбірек қозғалуына бейімделмеген. Сондықтан оны соған сай етіп құру керек. Мысалы Нидерланды, Жапония сынды елдерде қоғамдық көлік және велосипед инфрақұрылымы жақсы дамыған, адамдар жаяу көп жүреді, сондықтан семіздік деңгейі төмен.

Мұнымен қоса, адамдар жаяу серуендейтін ортаны да дамыту керек, мысалы саябақтар, скверлер, балалар алаңдары, сапалы тротуарлар, көгалдандыру, ойластырылған архитектура. Адам көшеде көбірек уақыт өткізген сайын, ол көбірек қозғалады, осылайша семіздіктен арылуға болады. Мұны мәжбүрлеп емес, қозғалысты күнделікті өмірге табиғи түрде енгізу арқылы іске асыру маңызды. 

Тамақтану мәселесіне тоқталып өтсеңіз.

— Адам биологиялық тұрғыдан калориялы тағамды таңдауға бейім, әсіресе майлы және тәтті тағамдарды, өйткені тарихқа үңілсек, дәл осындай тамақ түрлері тірі қалуға көмектескен. Адамзат мыңдаған жылдар бойы тапшылық пен аштықтың зардабын тартып келді. Қазір керісінше, тағам мол әрі қолжетімді. Тамақ өнеркәсібі осы табиғи бейімділіктерге икемделіп, энергиясы жоғары өнімдерді кеңінен ұсынуда. Көзге шағын болып көрінетін өнімнің өзі шын мәнінде күндік калория қажеттілігінің жартысын қамтамасыз етуі мүмкін. Салмақ қосу — ағзаға түскен энергия мөлшері жұмсалған энергиядан артық болған жағдайда орын алатын заңдылық. Ал қазіргі қала жағдайында жоғары калориялы тағамдар шексіз сатылып жатыр, дүкендер, дәмханалар, мейрамханалар және жеткізу қызметтері тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді.

Сондықтан тамақтану мәдениетін біртіндеп өзгерту керек. Мәселен, тағам құрамын кезең-кезеңімен жақсарту, артық май мен қант мөлшерін азайту. Сонымен қатар, өнім қаптамасындағы ақпаратты қарапайым әрі түсінікті ету аса маңызды. Қазір олар формалды түрде жазылған,  күрделі терминдер мен көзге көрінбейтін жазуды түсіну тұтынушыға қиын. Сондықтан «бағдаршам» қағидатына негізделген айқын жүйеге көшу орынды болар еді. Яғни калория, қант, май, тұз сияқты негізгі көрсеткіштерді ірі әрі түсінікті түрде көрсету, ал «жиі тұтыну», «шектеу», «қалыпты мөлшерде» деген қорытындыны әр адам өзі шығара алады.

Әрине, бұл кәсіпкерлердің жеке ісі, олар сол арқылы табыс тауып отыр, десе де оны ескермеуге болмайды. Мәселе ұлт денсаулғына келіп тірелгенде ортақ ережелердің болуы заңды. 

— Ұлттық тағам мен фастуд қандай рөл атқарады? 

Қазақтың дәстүрлі тағамдары көпшілік ойлайтындай зиян емес, бірақ олардың калориясы жоғары. Мұның бәрі тағамның құрамына байналысты. Кәдімгі қазақтың тойын алайықшы. Дастарханда самса, бауырсақ, тәтті сусындар көп, ал көкөніс аз. Осы жерден-ақ өзгерістерді қолға алуға болады. Көкөністен жасалған тағамдардың түрін көбейту арқылы. Себебі көкөністердің калориясы төмен, кез келген нан өнімдерінен, әсіресе шикі көкөністерден әлдеқайда «жеңіл». Сондықтан мен пациенттерге мүмкіндігінше көп көкөніс пен салат жеңіздер деп айтамын. Сол кезде калория азайып, саламақ жинамайсыз. Сондықтан әр тамақ алдында көбірек салат пен көкөніс жеуге тырысыңыз. Картопты есепке алмаңыз, ол гарнир ретінде саналады.

— Артық салмақты қалай анықтауға болады?

— Дене салмағының индексін есептеу арқылы білуге болады. Ғаламторда мұндай калькуляторлар өте көп. ДСИ есептеу формуласы: ДСИ = дене салмағы (кг) бойы (м)2

Қазақстанда мынадай көрсеткіштер қолданылады:

  • егер ДСИ 25-тен жоғары болса — артық салмақ
  • егер 30-дан жоғары болса — семіздік

Менің ойымша, бізге «ерте белгі» қажет. ДСИ 23 болған кезден бастап бақылауға алуға болады. Бұл барлығына арналған түпкілікті диагноз емес, біздің популяция үшін зерттеуді қажет ететін белгі. Жапония мен Корея елдерінде артық салмақ көбінесе дәл осы 23 деңгейінен бастап есептеледі, себебі азиялықтарда метаболикалық қауіптер ертерек басталуы мүмкін. Ал еуропалықтарда бұл шек 25 деп алынады. 

Десе де, бұл көрсеткіштерді біз жай ғана көшіре алмаймыз. Қазақстан үшін нақты қандай шек дұрыс екенін анықтау үшін үлкен эпидемиологиялық зерттеулер қажет. Сонымен қатар ДСИ идеалды көрсеткіш емес екенін ескерген жөн, себебі ол бұлшықет массасын ескермейді.

Сондықтан бел айналымы да маңызды:

  • ерлерде 90 см-ден аспауы керек
  • әйелдерде 80 см-ден аспауы керек

Бірақ бұл көрсеткіштер де болашақта зерттеуді қажет етеді.

Семіздіктің ұзақ мерзімді қаупі қандай? Қандай ауруларға әкеледі? Өмір сүру ұзақтығы мен сапасына қалай әсер етеді?

— Семіздік кез келген себептен болатын өлім қаупін арттырады. Семіздіктің салдарынан дамитын асқынулар туралы айтсақ, ең алдымен қант диабеті еске түседі. 2 типті қант диабеті ешқашан бірден пайда болмайды, ол жылдар бойы қалыптасатын метаболикалық бұзылыстардың нәтижесі. Адамдар «қант көтеріліп кетті» дейді, шын мәнінде бұл бұзылыстар бұрыннан болған, қазір клиникалық белгілері пайда болды.

Егер сізде шаршау, жиі зәр шығару, қатты шөлдеу байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Қант диабеті қауіпті, себебі ол:

— соқырлыққа

— аяқтың ампутациясына

— бүйрек диализіне

— инфаркт пен инсультқа әкелуі мүмкін.

Бұл мүгедектікке алып келетін ауыр асқынулар. Сонымен қатар семіздік буындарға түсетін жүктемені арттырып, остеоартроздың дамуына әкеледі. 

Бұл асқынулар жылдар бойы қалыптасады, бірақ артық салмақтың бүгінгі күндегі өмір сапасына қалай әсер ететінін түсіну де маңызды. Артық салмақ ұйқыға теріс әсер етеді. Артық май тіні денемізді, соның ішінде мойын аймағын да қоршап тұрады. Ол жоғарғы тыныс жолдарын қысуы мүмкін, салдарынан қорыл пайда болады.

Иә, қорылдау көбінесе артық салмақтың белгісі болып табылады. Мойын аймағындағы артық май тыныс жолдарын тарылтып, ұйқы кезінде қалыпты тыныс алуды бұзады. Ұйқыдағы тыныс алу бұзылысы организмге созылмалы жүктеме түсіреді, стресс гормондарының деңгейін жоғарылатады және нәтижесінде қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Қан қысымының жоғарылауы уақыт өте гипертония ауруына алып келеді, одан әрі инфаркт пен инсульт пайда болады. Организм толық демалмайды, күндіз шаршау пайда болады. Артық салмақты адамдар әдетте физикалық жүктемені нашар көтереді, аз қозғалады, бұл қозғалыстың одан әрі шектелуіне әкеледі. Ал біз білеміз, қозғалыстың жетіспеушілігі салмақтың артуына әкеледі. Нәтижесінде  тұйық шеңбер қалыптасады. Одан шығу мүмкін, бірақ өте қиын.

Семіздіктің ушығуы денсаулық сақтау саласына қалай әсер етеді? Мемлекеттің шығындарын және дәрігерлердің жүктемесін қаншалықты арттырады?

— Шынын айтқанда, біз әлі күнге дейін семіздіктің экономика мен денсаулық сақтау жүйесіне қаншалықты қаржылық ауыртпалық түсіретінін есептеп көрген жоқпыз, себебі бұл жүктемені тікелей және жанама шығындарға бөлуге болады. Тікелей шығындар дегеніміз асқынулар, дәрі-дәрмектер, медициналық көмек, яғни мемлекеттің дәл қазір ақша төлейтін шығындары. Инфаркт, инсульт, бүйрек ауруы, соқырлық немесе тіпті остеоартроздың әрбір жағдайы мамандар мен олардың уақытын, сондай-ақ жедел жағдайларға арналған стационарлардағы орындарды және, тиісінше, дәрі-дәрмектерді қажет етеді. Артық салмақпен байланысты жанама шығындарды есептеу әлдеқайда күрделі, сондықтан олар жүйелі түрде бағаланбайды. Біз тікелей шығындарды есепке алуға үйренгенбіз: емдеу, ауруханаға жатқызу, дәрі-дәрмектер. Алайда, негізгі жүктеме медициналық жүйенің сыртында қалыптасады. Артық салмақ өмір сүру сапасын абстрактілі емес, функционалды түрде төмендетеді: ұйқы бұзылады, созылмалы шаршау пайда болады, физикалық және күнделікті жүктемелерге төзімділік төмендейді. Нәтижесінде адам тиімсіз жұмыс істейді, тез шаршайды, жиі демалыс қажет етеді және жұмыс қарқынына нашар бейімделеді.

Бұл еңбек өнімділігінің төмендеуіне, ерте мүгедектікке ұшырауға және мерзімінен бұрын қайтыс болу ықтималдығының жоғарылауына әкеледі. Жалпы алғанда, салық түсімдерінің азаюына және әлеуметтік шығындардың өсуіне әкеледі. Бір реттік медициналық шығындардан айырмашылығы — жылдар мен ондаған жылдар бойы жинақталып, аз байқалатын, бірақ ауқымы бойынша әлеуетті түрде маңызды болып қалады.

Сондықтан семіздік – тек медициналық немесе жеке мәселе ғана емес, сонымен қатар ел экономикасына түсетін артық салмақ. 

— Егер адам артық салмақ бар екенін түсінсе, неден бастау керек? Сізден бір кеңес. 

— Ең алдымен қарапайым қадамдардан бастау керек. Мысалы, негізгі тамақ алдында көкөністерді қосу және жаяу жүруді көбейту. Айта кетейін, мен бірден болатын өзгерістер туралы айтып отырған жоқпын, кішкентай бірақ тұрақты қадамдар туралы айтып отырмын. Бұрын түскі ас алдында салат жемеген болсаңыз, енді жей бастасаңыз. Аптасына бір рет жұмысқа жаяу барыңыз, немесе екі аялдама бұрын түссеңіз, бұл да үлкен плюс. Балалармен серуендеу, үй шаруалары, кез келген тұрмыстық белсенділік энергия шығынын арттырады және ағзаға қажетті калория тапшылығын біртіндеп жасайды.

Онымен қоса, аптасына шамамен 120 минут орташа қарқынды дене жаттығуларын жасаңыз. Ақырындап бастасаңыз да, түбінде нәтижесі болады. Мен әрдайым пациенттеріме айтамын: «Қимылдаған қыр асар». 

Бұл әрекеттеріңізден нәтиже шықпаса, онда тамақтану күнделігін бастауды ұсынамын. Кем дегенде 3 күн бойы жеген және ішкен барлық нәрсеңізді, шамамен көлемін көрсете отырып, шынайы түрде жазып қоюыңыз керек. Бір тілім нан жедіңіз бе, жазып қойыңыз. Тәтті сусын іштіңіз бе, оны да жазып қойыңыз. Бірнеше күннен кейін сізде өзіңіз талдай алатын немесе дәрігерге көрсете алатын нақты картина пайда болады.

Тәжірибемнен қысқаша мысал келтірейін. Маған артық салмағы бар пациент келген, ол өте аз тамақтанатынын айтты. Түсте тойымды, кешке аз мөлшерде ас жейді екен. Ол өзінің қалыпты тамақтанатынына сенімді болды. Кейін оның балмұздақ жеп жүргенін байқап қалдым, ал ол үшін «балмұздақ» тамақ емес екен. Міне, мәселе қайда жатыр. Осындай біз елемейтін ұсақ-түйектерде жасырын калориялар көп. Сондықтан тамақтану күнделігін жүргізу маңызды. Оны бақылау немесе тыйым деп қабылдамай, саналы шешім ретінде көру керек. 

— Семіздіктің алдын алу үшін мемлекет қазірден бастап қандай нақты қадамдарды қолға алу керек?

Халық денсаулығы — мемлекеттің экономикалық беріктігінің өзегі. Сондықтан дені сау ұлтты мемлекеттік саясаттың басымдығына айналдыру керек. Сәл циник көзқараспен айтсақ, мемлекет үшін ең тиімді «инвестиция» — дені сау азамат. Себебі дені сау адам өнімдірек еңбек етеді, ұзақ уақыт жұмысқа қабілетті болып қалады, медициналық көмекке сирек жүгінеді және түптеп келгенде ел экономикасына көбірек пайда әкеледі. Осы түсінік нақты стратегияға айналған сәтте, шешімдер де жедел әрі жүйелі түрде қабылдана бастайды.

Нақты шараларға келсек, ең алдымен кешенді, жүйелі тәсіл қажет.

Біріншіден, адамдарды қозғалысқа ынталандыратын қалалық орта қалыптастыру, қоғамдық көлік жүйесін дамыту, жаяу жүруге және белсенді өмір салтына қолайлы инфрақұрылым құру. Яғни күнделікті өмірдің өзі адамды қозғалысқа итермелеуі тиіс.

Екіншіден, тамақтану мәдениетін өзгерту. Мұнда қатаң тыйымдардан гөрі, ақылға қонымды, «жұмсақ» реттеу тиімді. Атап айтқанда, өнімдердің түсінікті әрі айқын таңбалануы, тағам құрамын кезең-кезеңімен жақсарту, қант, тұз және қаныққан май мөлшерін азайту. Тұтынушы өзі сатып алып жатқан өнім туралы ақпаратты оңай әрі тез түсіне алуы керек. Таңдау еркіндігі сақталуы тиіс, бірақ ол саналы таңдау болуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет.

Үшіншіден, балалар мәселесі ерекше бақылауда болуы тиіс. Мектептерге келсек, мен тыйым салу тәсілін қолдамас едім. Себебі тыйым көбіне кері әсер беріп, балалардың қызығушылығын арттырады. Оның орнына мазмұнды, қызықты ашық сабақтар мен білім беру форматтарына назар аудару қажет. Балалар дұрыс тамақтанудың мәнін, оның дәл бүгінгі денсаулыққа және болашақ өмір сапасына қалай әсер ететінін ата-аналарымен бірге түсініп өсуі тиіс.

Төртіншіден, экономикалық тетіктерді де ескерусіз қалдыруға болмайды. Мысалы тәтті сусындарға акциз немесе арнайы салық енгізу мүмкіндігін қарастыру. Немесе балама ретінде, денсаулыққа зияны жоғары өнім өндірушілердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, оларды халық денсаулығына инвестиция салуға ынталандыру. Атап айтқанда, профилактикалық бағдарламаларды қаржыландыру, денсаулық мектептерін дамыту, медициналық мекемелерді жабдықтау және басқа да бағыттар. Мұндай өзгерістерді  кезең-кезеңімен енгізу маңызды, бұл қоғамға да, бизнеске де артық қысым түсірмеуі тиіс. Супермаркеттер мен дүкен сөрелеріндегі өнімдерге қатысты мәселе күрделірек, бұл бағытта әзірге шешім жоқ. Алайда әлемдік тәжірибеде тиімді модельдер жеткілікті, соларды бейімдеп қолдануға болады. Алдағы жылдары мемлекет осы бағыттарға, денсаулық сақтау саласымен бірлесе отырып, жүйелі түрде басымдық беруі қажет.

Бесіншісі, ең маңызды бағыт — статистика мен медициналық жүйе. Артық салмақ пен семіздікті бастапқы медициналық буын деңгейінен тіркеу, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, нақты әрі сапалы деректер жинау, тұрақты эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу қажет. Мәселенің нақты ауқымын түсінбей, оны тиімді басқару мүмкін емес. Әйтпесе семіздік медициналық мәселе шеңберінен шығып, уақыт өте келе әлеуметтік-экономикалық ауыртпалыққа айналады.

Сұхбатыңызға рақмет!