Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұрын әскер туралы айтылғанда көпшіліктің ойына қатаң тәртіп, жабық жүйе, ескі казарма мен тек бұйрыққа негізделген орта елестейтін. Қазір Қорғаныс министрлігі армияны тек әскери техника арқылы емес, технология, цифрландыру және адам факторына басымдық беру арқылы өзгертуді көздеп отыр.
2026 жылы әскери реформалардың бағыты қару-жарақпен ғана шектелмейді. Әңгіме сарбаздың психологиялық жағдайы, ата-анамен байланыс, әскери ортадағы тұрмыс сапасы, жасанды интеллект, бейнеаналитика және толық цифрлық басқару жүйесі туралы болып жатыр.
Әскердегі жасанды интеллект
Соңғы уақытта Қазақстан армиясында ең көп талқыланған жобалардың бірі – AI-sulu Telegram-боты болды. Бұл жасанды интеллект негізінде әзірленген цифрлық кеңесші әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына күйзеліс және қиын жағдайларда тәулік бойы анонимді түрде көмек көрсетуге арналған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бот қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді.
Қорғаныс министрлігі бұл жобаны жай IT-тәжірибе емес, әскердегі моральдық-психологиялық тұрақтылықты күшейту құралы ретінде сипаттап отыр. AI-sulu әскери психологтің орнын толық алмастырмайды, бірақ қиын жағдайда алғашқы көмек көрсететін цифрлық кеңесші ретінде қарастырылады. Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, вице-адмирал Серік Борамбаев психологияны армияның жауынгерлік дайындығын қамтамасыз етудің маңызды элементі деп атаған.
Қазір армияда сарбаз бен ата-ананың байланысына да ерекше назар аударыла бастады. Бұрын әскерге кеткен баласының жағдайын ата-аналар көбіне қысқа телефон қоңырауы арқылы ғана біліп отырса, енді әскери бөлімдерде кері байланыс арналары жолға қойылып жатыр. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жасанды интеллектке негізделген AI-sulu Telegram-боты мен Armykz сервисі арқылы ведомствоға 11 700-ден астам өтініш түскен.
Әскердегі шағымдарды жедел қабылдау жүйесі де өзгеріп жатыр. Қазір әскери бөлімдердің бақылау-өткізу пункттерінде «Ашық армия» QR-кодтары орналастырылған. Бұл жүйе арқылы сарбаздар немесе олардың ата-аналары Telegram арқылы, соның ішінде анонимді түрде хабарлама, өтініш немесе ұсыныс жолдай алады.
Әлімжеттікке тосқауыл қойыла ма?
Биылғы басты жаңалықтардың бірі – жасанды интеллект негізіндегі «ақылды камералардың» енгізілуі. Қазақстанның кей әскери бөлімдерінде AI арқылы жұмыс істейтін бейнебақылау жүйелері қолданыла бастады. Бұл жүйелер сарбаздардың күнделікті әрекетін, қозғалысын, мінез-құлқындағы өзгерістерді және күмәнді жағдайларды анықтауға бағытталған.
Қорғаныс министрлігінде өткен цифрлық жобалар таныстырылымында ведомство цифрландыру әскерді басқару, шақыру, даярлау және оқыту процесін өзгертетінін мәлімдеді. Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев «қазіргі армия – бұл тек күш пен қуат емес, ең алдымен интеллект» екенін атап өтті.
Ахмедиевтің айтуынша, қауіпсіздікті арттыру үшін армияда жасанды интеллект элементтері мен бейнеаналитика енгізіліп жатыр. Оның сөзінше, негізгі міндет – барлық бейнеағынды бірыңғай жүйеге жинап, әскери бөлімдерде не болып жатқанын нақты уақыт режимінде бақылау.
Жүйе кімнің бөлімге кіргенін, кімнің шыққанын, қоймаға кімнің қандай уақытта барғанын тіркейді. Егер бір жерде үш-төрт адамнан артық жиналу байқалса, жүйе автоматты түрде белгі береді. Барлық ақпарат нақты уақыт режимінде командир мен кезекшіге түседі, – деді Ахмедиев.
Бұл технологиялар ең алдымен қауіпсіздікті күшейтуге, құқықбұзушылықтың алдын алуға және әскери бөлімдердегі күнделікті бақылауды ашық етуге бағытталған. Яғни әскердегі әлімжеттік, қысым немесе күмәнді әрекет секілді проблемаларды тек адамның бақылауына қалдырмай, цифрлық жүйе арқылы ерте анықтау көзделіп отыр.
Қорғаныс саласында IT-инфрақұрылым толық қалыптасты
Қорғаныс министрлігі цифрландыруды армияны жаңғыртудың негізгі бағытының бірі ретінде қарастырады. Бұрын қолмен толтырылатын көптеген журналдар мен қағаз құжаттар қазір электронды форматқа көшіріліп жатыр.
Дархан Ахмедиевтің мәліметінше, бүгінде армияда қажетті IT-инфрақұрылым толық құрылған.
Бүгінде 100 пайыз IT-инфрақұрылым құрылды деп айтуға болады. Барлық әскери бөлім бірыңғай жүйеге қосылған, – деді министрдің орынбасары.
Қазір кадрлық есеп, қару-жарақ есебі, медициналық қамтамасыз ету, тыл жүйесі және әскери басқару процестері бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріліп жатыр. Бұл армиядағы ресурстарды нақты уақыт режимінде көруге, процестердің ашықтығын арттыруға және басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қорғаныс министрлігі жасанды интеллект технологияларын енгізу мен дамытуға жауапты арнайы бөлімше де құрды. Ведомствоның мәліметінше, бұл құрылым Қарулы күштердің цифрлық трансформациясының негізгі элементі болмақ. Жаңа бөлімше офицер-талдаушылар мен цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлауға да жауап береді.
Әскердегі жасанды интеллект тек камера немесе ботпен шектелмейді. Қорғаныс министрінің орынбасары гарнизондардағы цифрлық офицерлердің жұмысын тексеру кезінде жаңа бағдарламалық модульдің тестіленіп жатқанын хабарлады. Бұл модуль жасанды интеллект арқылы атыс, физикалық немесе арнайы дайындық көрсеткіштерін талдап, оларды жақсарту бойынша ұсыныс бере алады. Мұндай тестілеу Абай, Аягөз және Жетісу гарнизондарының әскери бөлімдерінде жүргізіліп жатыр.
Әскердегі үздіктерге ҰБТ-сыз грант беріледі
Цифрландыру әлеуметтік бағытта да қолданылып жатыр. Соңғы уақытта мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздарға арналған грант жүйесі қоғамда кең талқыланды. Бұл бағытта «Срочники 2.0» цифрлық жүйесі іске қосылған.
2026 жылғы сәуірде запасқа шығарылған мыңнан астам қазақстандық осы жүйе арқылы жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Жоба 2023 жылы іске қосылып, кейін заңнамалық тұрғыдан бекітілген. Ол мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға ҰБТ тапсырмай-ақ, сұхбат нәтижесі бойынша университетке түсуге мүмкіндік береді. Жауынгерлік дайындықта үздік нәтиже көрсеткендерге қосымша жатақхана мен стипендия қарастырылған.
2026 жылы гранттар бірнеше күштік құрылым арасында бөлінді. Қорғаныс министрлігі бойынша 492 орын, Ұлттық ұланға 493 орын, ҰҚК Шекара қызметіне 112 орын, Төтенше жағдайлар министрлігіне 28 орын, Мемлекеттік күзет қызметіне 29 орын қарастырылған.
Қорғаныс министрлігінің ресми дерегіне сәйкес, іріктеу ашықтығын «Срочники 2.0» ақпараттық жүйесі қамтамасыз етеді. Онда сарбаздардың қызмет кезеңіндегі үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелер енгізіледі. Бұған дейін бір жарым мың орынға 2023 жылғы күзгі шақырылымның 17 927 сарбазы үміткер болғаны хабарланған.
Бұл жүйе армиядағы әлеуметтік қолдаудың жаңа құралы ретінде қарастырылады. Яғни әскер тек міндет өтеу орны ғана емес, жастарға білім алуға және болашақ мансапқа жол ашатын әлеуметтік лифт ретінде ұсыныла бастады.
Әскерилер отбасымен бірге пойызбен тегін жүре алады
Әскерилердің әлеуметтік жағдайына қатысты тағы бір маңызды өзгеріс 2026 жылдан бастап күшіне енді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы барлық күштік құрылымдардың әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет ел аумағында жолаушылар пойыздарымен тегін қатынай алады. Бұл туралы Ұлттық ұлан ресми хабарлады.
Ұлттық ұланда өткен жиында жаңа әлеуметтік бастаманың мазмұны жеке құрамға түсіндіріліп, оны өңірлерде іске асыру тетіктері талқыланған. Бұл жеңілдік әскери қызметкерлердің отбасымен бірге демалуына, жақындарына баруына және жол шығынын азайтуына мүмкіндік береді.
Соңғы уақытта әскери бөлімдердегі инфрақұрылым мәселесіне де көбірек көңіл бөліне бастады. Кей гарнизондарда спорт залдары, демалыс бұрыштары, кітап оқу аймақтары, психологиялық тынығу бөлмелері және бос уақыт өткізу орындары ашылып жатыр. Бұрын сарбаздың тұрмыстық жағдайы көп айтыла бермесе, қазір бұл мәселе ресми деңгейде көтеріле бастады. Себебі армиядағы моральдық ахуал мен психологиялық тұрақтылық әскери қауіпсіздікке тікелей әсер етеді.
Дрон, киберқауіпсіздік және жаңа мамандар
Қазақстан әскері цифрландырумен қатар дрон технологияларына да басымдық беріп келеді. Қазір әскери жүйеде IT, киберқауіпсіздік және ұшқышсыз аппараттарды басқару бағыттарына сұраныс артып отыр.
Әскери оқу орындарына қабылдау процесі де цифрлық форматқа көшіп жатыр. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери жоғары оқу орындарына қабылдауға қатысты бірқатар рәсім eGov арқылы жүргізіледі. Бұл әскери саладағы ашықтық пен қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Қазақстан дрондарды тек сатып алып қана қоймай, оларды өндіру және әскери жүйеге енгізу мәселесіне де назар аудара бастады. Бұл бағытта шетелдік қорғаныс компанияларымен байланыс күшейіп келеді. Қазіргі армияда тек физикалық күш жеткіліксіз. Енді цифрлық технологияны меңгерген, дрон басқара алатын, ақпаратпен жұмыс істейтін және киберқауіпсіздік талаптарын білетін мамандардың рөлі арта береді.
Алда қандай реформа күтіп тұр?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен Отан қорғаушылар күніне арналған іс-шарада Қарулы күштерді түбегейлі реформалау қажет екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырту қажет екенін айтты.
Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы. Ең алдымен, Қарулы күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет, – дейді Президент.
Бұл мәлімдеме Қорғаныс министрлігінің алдағы бағытын айқындайды. Ендігі реформа тек әскери бөлімдерді техникамен жабдықтау емес, армияны басқару тәсілін, сарбазбен жұмыс істеу мәдениетін, цифрлық инфрақұрылымды, жасанды интеллектті және әлеуметтік қолдауды қатар дамытуға бағытталмақ.
2026 жылы Қазақстан армиясында бұрын болмаған өзгерістер жүріп жатқаны байқалады. Әскер біртіндеп жабық әрі қатаң жүйеден технологиялық, цифрлық және адам факторына көбірек мән беретін ортаға айналуға тырысып жатыр. Бұл процесс бір күнде аяқталмайды. Бірақ қазіргі бағытқа қарағанда, алдағы екі жылда Қазақстан армиясында басқару жүйесі, қауіпсіздік бақылауы, сарбаздарды қолдау тетіктері және әскери дайындық сапасы айтарлықтай өзгеруі мүмкін.