ҰБТ-дан 140 балл алғандарға пәтер мен көлік сыйлау: Аймағамбетов пікір білдірді  - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҰБТ-дан 140 балл алғандарға пәтер мен көлік сыйлау: Аймағамбетов пікір білдірді 

ҰБТ-дан 140 балл алғандарға пәтер мен көлік сыйлау: Аймағамбетов пікір білдірді 

Мәжіліс депутаты жоғары нәтиже көрсеткен түлектерге сыйлық беруге қатысты пікір білдірді.

  • 20 Мамыр
  • 1
Фото: ЖИ

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектерге пәтер мен көлік сыйлау мәселесіне қатысты пікір білдіріп, мұндай жетістіктерді тек дайындық орталықтарының еңбегі ретінде көрсету дұрыс емес екенін айтты.

Депутат ең алдымен жоғары нәтиже көрсеткен мектеп бітірушілерді құттықтады.

140 балл және 130 балл жинаған түлектерді шын жүректен құттықтаймын. Бұл – үлкен табандылықтың, білімнің, біліктіліктің және ата-ана, бала мен мектептің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан мұндай жетістік – қуанышты жағдай, – деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, түлектерге түрлі сыйлықтар табыстаудың ешқандай оғаштығы жоқ.

Егер балаларға пәтер, автокөлік немесе басқа да сыйлықтар беріліп жатса, менің ойымша, бұл жаман емес. Неге оған қарсы болуымыз керек? Әрине, мұнда маркетинг мәселесі де бар. Компаниялар өз атын танытып, “біздің түлек осындай жетістікке жетті” деп көрсеткісі келеді. Бұл – түсінікті нәрсе, – деді депутат.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов жоғары нәтиженің барлығын қысқа мерзімді дайындық орталықтарының жетістігі ретінде көрсету шындыққа толық сәйкес келмейтінін атап өтті.

Бір айда, үш айда немесе бір жылдың ішінде баланы 140 балл алатын деңгейге жеткізетін қандай да бір ерекше технология жоқ. Егер бала 140 балл жинаса, Гарвардқа, Назарбаев университетіне немесе НЗМ-ге түссе, бұл ең алдымен біздің білім беру жүйесінің, мектептегі мұғалімдердің, ата-ананың қолдауы мен баланың өз еңбегінің нәтижесі, – деді ол.

Депутаттың пікірінше, дайындық орталықтарының да үлесі бар, алайда негізгі жетістік мектеп мұғалімдерінің күнделікті еңбегімен тікелей байланысты.

Әрине, қосымша орталықтар белгілі бір көмек көрсетеді, әдіс-тәсіл үйретеді. Бірақ негізгі еңбек – кейде көрінбей жұмыс істейтін мұғалімдердің еңбегі. Сондықтан мұндай нәтижені толықтай бір орталықтың жетістігі ретінде көрсету дұрыс емес, – деп айтты Асхат Аймағамбетов.