Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
— Еңбек министрлігі жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жұмыскердің еңбек қызметін заңдастыру және сақтандыру жүйесімен қамту мәселелерін де қолға алған. Статистика деректері бойынша қазіргі кезеңде жұмыспен қамтылған халық саны 9,4 млн адамды құрады. Соның ішінде 7,3 млн-ы – жалдамалы жұмыскерлер, — деді А. Ертаев.
Оның айтуынша, «HR Enbek» жүйесінде 6,7 млн еңбек шарты тіркелген.
Бұл жалдамалы жұмыскерлердің 92 пайызын қамтиды. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар негізінде шамамен 575 мың адам өз қызметін жүзеге асырады.
— Белсенді жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 174 мыңды құрады, оның ішінде 1200-і ірі, 2900-ы орта және 169 мыңы шағын кәсіпорын. Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру арқылы әлеуметтік қорғау жөніндегі жұмыс аясында 118 мың кәсіпорын қамтылды немесе жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың 68 пайызын құрады. Бүгінде 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, — деді министр.