Табиғатты қорғау бір күндік науқан емес. 5 маусым қандай күн? - kaz.caravan.kz
  • $ 485.34
  • 564.45
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Табиғатты қорғау бір күндік науқан емес. 5 маусым қандай күн?

Табиғатты қорғау бір күндік науқан емес. 5 маусым қандай күн?

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Жыл сайын әлем елдері қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шараларды өткізіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге жіті назар аударады. Қазақстан бұл бастамадан тыс қалған жоқ, бүгін біздің елде де экологтар күні аталып өтеді.

  • 5 Маусым
  • 80
Фото: outdoor_center_almaty

Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жалғастырады.

Бұл күн қашан бекітілді?

Дәл осы күні, 1972 жылы Швецияның Стокгольм қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта мәселелеріне арналған алғашқы арнайы конференциясы өтті. Тарихқа Стокгольм конференциясы деген атпен енген жиында экологиялық проблемалар алғаш рет жаһандық деңгейде талқыланып, қоршаған ортаны қорғау бойынша маңызды шешімдер қабылданды.

Конференция адамзаттың сапалы қоршаған ортада өмір сүруге құқығы бар екенін мойындап қана қоймай, қазіргі және келешек ұрпақтың игілігі үшін табиғатты қорғау әрбір адамның жауапкершілігі екенін де атап өтті.

Содан бері бұл күн БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының бастамасымен өткізілетін ең ірі экологиялық алаңға айналды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адам осы күні ағаш отырғызу, өзен-көлдерді тазалау, конференциялар мен форумдарға қатысу арқылы табиғатты қорғау ісіне үлес қосады.

Қазақстан бұл бастамадан тыс қалған жоқ. Елімізде Эколог күні ресми түрде 2011 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заң аясында бекітілді. Бұл мереке еліміздің экологтарына, табиғатты қорғау саласының мамандарына, орманшыларға, қорық қызметкерлеріне және экологиялық ұйымдардың өкілдеріне құрмет көрсету мақсатында енгізілген.  

Климат өзгеріп жатыр, мұздықтар еріп жатыр

Экологиялық мәселелер бүгінде бұрынғыдан да өзекті. Әсіресе климаттың өзгеруі мен мұздықтардың жылдам еруі Орталық Азия үшін маңызды қауіптердің біріне айналып отыр.

Бұдан бұрын Caravan.kz медиа порталының тілшісі Іле Алатауындағы Богданович және Мәншүк Мәметова мұздықтарының жағдайы туралы ғылыми зерттеулерге сүйеніп, сараптамалық материал жазған. 

Оқи отырыңыз: Танымал Богданович мұздығы жоғалып кетуі мүмкін: Орталық Азиядағы мұздықтар еріп, тұщы су қоры азайып барады

Мамандардың айтуынша, өңірдегі мұздықтар жылдан-жылға кішірейіп келеді.

Жуырда жарық көрген «Алатау: жоғалып бара жатқан мұздықтардың ізімен» деректі фильмі де осы мәселеге арналған. Фильм Орталық Азиядағы ең маңызды экологиялық қауіптердің бірі – тұщы су қорының азаюына назар аударады.

Деректі фильмде ғалымдар, инспекторлар, фермерлер және климаттық өзгерістердің салдарын өз көзімен көріп отырған тұрғындардың тағдыры арқылы мұздықтардың еруі миллиондаған адамның өміріне қалай әсер етіп жатқаны көрсетілген.

Фильм түсіруге Тұйықсу мұздығы арқау болған. 1958 жылы басталған зерттеуден бері Тұйықсу мұздығы 1200 метрге шегінген. Яғни жыл сайын тау көлінің көлеміне тең мұз жоғалтады. Жалпы алғанда Алматы облысындағы мұздықтар 44 пайызынан айырылған. Бұл дегеніңіз – тұщы судың стратегиялық қоры. Мұздықтардың еруі — су қауіпсіздігіне, азық-түлік өндірісіне, тұрақты дамуға және әлеуметтік тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіреді.  

Мамандар мұздықтардың еруі нәтижесінде пайда болатын мореналық көлдердің көбеюі сел қаупін арттырып, Алматы мен тау бөктеріндегі елді мекендер үшін қосымша қауіп төндіретінін ескертеді.

Оқи отырыңыз: 1973 жылғы жойқын селдің сабағы: Мәншүк Мәметова мұздығы қандай қауіп төндіруі мүмкін

Сондықтан бүгінде Қазақстан мен Қырғызстанның экологтары мен қоғамдық белсенділері су ресурстарын сақтау бағытында бірлескен іс-қимылдың маңызын жиі көтеріп жүр.

Табиғатты қорғау бір күндік науқан емес

Экология тек климаттың өзгеруі мен мұздықтардың азаюынан тұрмайды. Қоршаған ортаның жағдайы әр адамның күнделікті әрекетіне де байланысты. Табиғатта қалдырылған қоқыс, жауапсыз демалыс пен экологиялық мәдениеттің төмендігі де бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Өкінішке қарай, Алматы маңындағы Бутаков шатқалы, Үлкен Алматы шатқалы, Көк-Жайлау сынды танымал туристік бағыттар мен демалыс орындары пакеттер, пластик бөтелкелер, майлықтар, темекі тұқылдары мен тамақ қалдықтарына толып жатады. 

Табиғат жанашырлары мұндай жағдайда басты мәселе қоқыстың өзі емес екенін айтады.

«Мәселе – адамның көзқарасында. Егер адам артында бөтелке немесе қаптама қалдыруды қалыпты жағдай деп есептесе, онда ол табиғатқа қонақ ретінде емес, тұтынушы ретінде келгені», – дейді еріктілер.

Соңғы жылдары Қазақстанда экологиялық мәдениетті насихаттап жүрген жастар көбейіп келеді. Солардың бірі – Тимур Хасенов. Ол бірнеше жылдан бері еріктілер тобымен бірге тауларды, өзен жағалауларын және туристік маршруттарды тазалаумен айналысады.

Тимур Хасеновтың инстаграм парақшасынан

Тимурдың айтуынша, оның командасы әр апта сайын тауға шығып, қоқыс жинайды. Кейбір тазалық акцияларында ондаған қап қалдық шығарылады.

Екі жылдың ішінде белсенділер табиғаттан бес тоннадан астам қоқыс жинаған. Олар тек соқпақтар бойын ғана емес, жетуі қиын жартастар мен тік беткейлерді де тазалаған. Жақында еріктілер Бутаков шатқалында өткен сенбілік барысында шамамен 40 қап қоқыс жинаған. 

«Мені танымайтындар үшін айтайын, мен әр апта сайын таңертең тауға шығамын. Демалысымды диванда немесе көңіл көтеру орындарында өткізбеймін. Оның орнына 3-4 сағат таза ауада қоқыс жинаймыз. Иә, бұл  ерікті жұмыс. Иә, біз мұны тегін жасаймыз. Өйткені біз бұл жерлерді жақсы көреміз. Біздің командамызда 8-10 қарапайым, бірақ бейжай қарамайтын адам бар. Бір тазалық жұмысының өзінде 3-5 қап қоқыс жиналады, әрқайсысының салмағы шамамен 10-12 келі. Көктем мен күзде бұл көрсеткіш 40 қапқа дейін жетеді. Екі жыл ішінде біз табиғаттан 5 тоннадан астам қоқыс шығардық. Кейбіреулер мұны бекер жұмыс дейді. Бірақ нәтиже бар. Біз табиғаттың бір бұрышын тазарта алдық. Демек, бәрін де өзгертуге болады», – дейді Тимур Хасенов.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында құрылыған тағы бір жоба қарқынды дамып келеді. Оның негізін қалаушы — Дулат Өмірзақұлы. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесін тұрақты көтеріп келеді.

Дулат Өмірзақұлының инстаграм парақшасынан

Жақында Алматыда өткен ірі концерттен кейін ол әлеуметтік желіде адамдар қалдырған қоқыс көлеміне назар аударып, қоғамдағы экологиялық жауапкершілік мәселесін тағы да көтерді.

«Біз көбіне тазалықты біреуден талап етеміз. Бірақ экологиялық мәдениет әр адамның өзінен басталады. Үйден басталады, ауладан басталады, күнделікті әдеттен басталады. Концерттен, пикниктен немесе демалыстан кейін қоқысты жинап кету – ерлік емес, бұл қалыпты мәдениет болуы керек. Егер әр адам өзінен бастаса, қаламыз да, табиғатымыз да әлдеқайда таза болар еді», – дейді Project V.I.R.U.S. жобасының негізін қалаушы Дулат Өмірзақұлы. 

Шын мәнінде, табиғатты қорғау тек экологтардың немесе волонтерлердің міндеті емес. Бұл – әр азаматтың жауапкершілігі.

Өйткені табиғатқа деген құрмет үлкен шешімдерден емес, қарапайым әрекеттерден басталады. Қоқысты өзіңмен бірге алып кету, ағашты сындырмау, отты бақылаусыз қалдырмау, су көздерін ластамау – экология мәдениетінің ең қарапайым көріністері.