Қозғалысы шектеулі адамдарға қолжетімді орта қалыптасады: 1 шілдеден бастап елімізде не өзгереді? - kaz.caravan.kz
  • $ 491.37
  • 570.48
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қозғалысы шектеулі адамдарға қолжетімді орта қалыптасады: 1 шілдеден бастап елімізде не өзгереді?

Қозғалысы шектеулі адамдарға қолжетімді орта қалыптасады: 1 шілдеден бастап елімізде не өзгереді?

1 шілдеден бастап елімізде бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістер күшіне енеді.

  • 16 Маусым
  • 13
Фото: Жансая Талипова/Caravan.kz

Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты толық тарқатады. 

Электр энергиясының тарифтері қайта қаралады

Шілдеден бастап Қазақстанда электр энергиясын өндіретін 60 кәсіпорын үшін шекті тарифтер қайта қаралады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұндай шешім елдегі электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және энергия өндіруші нысандарды жаңғыртуға бағытталған.

Ведомствоның түсіндіруінше, тарифтерді қайта қарау энергия өндіруші ұйымдарға жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге, жабдықтарды жаңартуға және ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті қаржы көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Министрлік қазіргі таңда көптеген жылу электр орталықтары мен электр станцияларының жабдықтары айтарлықтай тозғанын атап өтті. Сондықтан тарифтік саясаттағы өзгерістер энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін арттыру және апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында қабылданып отыр.

Алайда барлық өңірде электр бағасы бірдей мөлшерде өседі деген сөз емес. Тұтынушылар үшін түпкілікті тарифтер өңірлік деңгейде есептеледі және энергия жеткізуші ұйымдардың тарифтік өтінімдеріне байланысты қалыптасады.

Электросамокаттарға қатысты талаптар күшейеді

Алматы сияқты ірі қалада электросамокаттардың рөлі маңызды. Сондықтан олардың саны жыл сайын артып келеді.  Қолданушылар арасында да тәртіпсіздікті жиі көреміз. Салдарынан жаяу жүргіншілер тарапынан наразылық артып, түрлі жол-көлік оқиғаларының саны да көбейді.

Бұл туралы біз бөлек материал жазғанбыз. Оқи отырыңыз: «Қаланы қаптаған самокат маусымы басталды»: Қазіргі жастардың жауапкершілігі неге төмен? 

Енді 1 шілдеден бастап жалға берілетін электросамокаттарды пайдалану ережелері өзгереді, нақтырақ қатаң талаптар енгізіледі. 

Енді кикшеринг қызметтері арқылы самокат жалға алу үшін жүргізуші куәлігі қажет болады. Сонымен қатар қызметті пайдалану тек 18 жасқа толған азаматтарға ғана рұқсат етіледі.

Жаңа талаптарға сәйкес әр самокат тіркеуден өтіп, міндетті сақтандыруы болуы тиіс. Компаниялар техникалық жағдайды қадағалап, пайдаланушылардың жеке куәлігі мен жүргізуші куәлігін тексеруге міндеттеледі. 

Сонымен қатар, тротуармен жүруге тыйым салынады. Самокатпен тек веложолақ немесе жолдың оң жиегімен жүруге болады. 

Билік бұл өзгерістерді ең алдымен жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатымен түсіндіреді.

Полиция мәліметінше, 2025 жылы қалада самокат қатысқан 386 жол апаты тіркеліп, 400-ден астам адам зардап шеккен. 

Ипотека рәсімдеу тәртібі өзгереді

1 шілдеден бастап ипотека беру тәртібі өзгереді. 

Енді ипотеканың шекті мөлшерлемесі бастапқы жарна көлеміне байланысты есептеледі. Бұған дейін ипотеканың бірыңғай шекті мөлшерлемесі 25% болып келсе, енді екі түрлі шек бекітілмек.

Егер бастапқы жарна 30% немесе одан жоғары болса, ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі 20%-дан аспайды. Ал бастапқы жарна 30%-дан төмен болған жағдайда банк 25%-ға дейінгі мөлшерлемені қолдана алады.

Яғни енді ипотеканың қаншалықты қымбат немесе арзан болатыны қарыз алушының қанша қаржы жинағанына тікелей байланысты болады. Бастапқы жарна неғұрлым көп болса, несие соғұрлым тиімді рәсімделеді.

Сонымен қатар банктер қарыз алушының табысын бұрынғыдан да қатаң тексеріп, жалпы қарыз жүктемесіне көбірек мән береді. Бұл өзгерістерді Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп енгізіп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, тұрақты әрі ресми табысы жоқ азаматтарға ипотека алу бұрынғыдан қиынырақ болуы мүмкін.

Яғни, банктер тек ресми әрі расталған табысты есепке алады. Атап айтқанда:

  • ресми жалақы;
  • зейнетақы қорына түсетін аударымдар;
  • құжатпен дәлелденген өзге табыс көздері.

Табысты растамай ипотека алу қиындай түседі. Бұл талап банктердің тәуекелін азайтып, азаматтардың шамадан тыс қарызға батпауына бағытталған.

Қазір банктер несие мақұлдағанда ай сайынғы төлем қарыз алушы табысының 50%-ынан аспауын қарайды. Енді бұған қосымша тағы бір көрсеткіш енгізіледі. Жаңа жүйеде адамның тек ай сайынғы төлемі ғана емес, жалпы қарызы мен жылдық табысының арақатынасы да есептеледі. Банктер ипотека, автонесие және кепілсіз қарыз бойынша бөлек лимит белгілейді. Соның нәтижесінде алдымен адамның жалпы қарыз алу мүмкіндігі анықталып, содан кейін әр несие түрі бойынша қанша сома рәсімдей алатыны есептеледі.

Адал емес құрылыс компанияларының тізілімі құрылады

1 шілдеден бастап Қазақстанда адал емес құрылыс салушылардың бірыңғай ресми тізілімі жұмыс істей бастайды. Бұл база тұрғын үй құрылысы саласында елеулі заң бұзушылықтарға жол берген компанияларды есепке алуға арналған.

Жаңа жүйе электронды форматта жүргізіледі және елдегі құрылыс нарығының ашықтығын арттыруға бағытталған. Тізілімді құрылыс нысаны орналасқан аумақтағы жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер жүргізетін болады.

Тізілімге енгізілген құрылыс компаниялары үшін ең басты шектеу – тұрғын үй құрылысы үшін жеке және заңды тұлғалардың қаражатын тартуға 3 жылға тыйым салынады. Яғни, мұндай компаниялар үлескерлермен жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады.

Бұл шектеу іс жүзінде компанияның тұрғын үй нарығындағы қызметін айтарлықтай шектейді.

Заңнамаға сәйкес, тізілімге енгізудің екі негізгі негізі бар:

  • көпқабатты немесе жеке тұрғын үйдің өз бетінше (рұқсатсыз) салынғаны туралы соттың заңды күшіне енген шешімі және оны бұзу (сүру) туралы үкім;
  • алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс бойынша соттың заңды күшіне енген үкімі немесе шешімі.

Яғни, тек ауыр құқық бұзушылықтар мен сот шешімдері негізінде ғана компания тізілімге енгізіледі.

Жаңа реестр ашық және жалпыға қолжетімді болады. Азаматтар құрылыс компаниялары туралы ақпаратты онлайн форматта тексере алады. Ақпарат Қазақстандағы бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының интернет-ресурсында жарияланады.

Базада келесі мәліметтер көрсетіледі:

  • компанияның атауы;
  • БСН (бизнес сәйкестендіру нөмірі);
  • заңды мекенжайы;
  • басшылар мен құрылтайшылар туралы мәліметтер;
  • тұрғын үй кешені туралы ақпарат;
  • тізілімге енгізілу себебі;
  • енгізілген күні.

Сонымен бірге заңнама жеке деректерді және коммерциялық құпияға жататын ақпаратты жариялауға тыйым салады.

Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді

1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі ресми түрде қолданысқа енгізіледі. Жаңа заң аясында елдегі құрылыс нысандарына қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтіледі.

Жаңа талаптарға сәйкес, құрылыс және қайта жаңарту кезінде нысандардың қолжетімділігіне ерекше мән беріледі. Бұл әсіресе пандустарға, кіреберіс топтарына, санитарлық тораптарға, лифтілерге және ақпараттық навигация жүйелеріне қатысты.

Енді нысандарды пайдалануға беру кезінде «қолжетімді орта» талаптары тек құжат жүзінде емес, іс жүзінде толық орындалуы тиіс. Яғни, формалды сәйкестік емес, нақты пайдалануға ыңғайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым басты өлшемге айналады.

Қолжетімді орта — тек инфрақұрылым элементтері емес, ол әр азаматтың тең құқығын қамтамасыз ететін жүйе. Бұл — қозғалысы шектеулі адамдарға, балалы ата-аналарға, қарт азаматтарға және басқа да топтарға арналған қауіпсіз әрі ыңғайлы орта.

Мамандардың айтуынша, жаңа тәсіл құрылыс сапасын арттырып қана қоймай, қала кеңістігінің жалпы мәдениетін де өзгертуі тиіс.

Жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес, нысандардың сәйкестігі туралы декларацияға қол қою функциясы өзгертіледі. Бұрын бұл процесс жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылса, енді ол әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне беріледі.

Бұған дейін біздің редакция қолжетімді орта мәселесі туралы материал жазған. Пандустардың сапасы, олардың стандартқа сай келмеуі немесе тек формалды түрде орнатылуы сияқты проблемалар қазір күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Оқи отырыңыз: Пандус кім үшін салынады? Көп жерде олар мүлде жоқ немесе талапқа сай емес

Жаңа Құрылыс кодексі осы олқылықтарды жоюға және шынайы инклюзивті қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Мамандардың пікірінше, бұл өзгерістер құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырып, жалпы қалалық инфрақұрылым сапасына оң әсер етуі тиіс.

Осы тұста Алматы қаласында жүргізілген әлеуметтік эксперимент туралы айта кетейік. Нәтижелері көңіл көншітпейді. Журналистер арбаға таңылған адаммен бірге 43 қоғамдық нысанды аралап шыққан. Нәтижесінде тек 11 нысан ғана толық қолжетімді болып шығыпты, ал 25 нысан мүлдем қолжетімсіз деп танылған. Толық қолжетімді деп танылған нысандар қатарына негізінен қонақүйлер, банктер, медициналық орталықтар және мемлекеттік мекемелер кірген. Бұл жерлерде пандустар, шақыру батырмалары және арбаға ыңғайлы кіреберіс жолдар қарастырылған.

Ал қалған нысандарда:

  • пандустар мүлде болмаған;
  • бар пандустардың өзі өте тік әрі стандартқа сай келмеген;
  • көмексіз көтерілу немесе түсу мүмкін емес;
  • шақыру батырмалары мен навигация жүйелері жоқ.

Статистикаға сүйенсек, Алматыда 60 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тұрады, олардың 2 мыңнан астамы арбамен жүреді.

Үйлердің маңында көлік қоюға тыйым салына ма?

Осы күндері әлеуметтік желілерде 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің жанында көлік қоюға толық тыйым салынады деген ақпарат кеңінен тарады.

Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды.

Ведомствоның түсіндіруінше, жаңа ережелер автокөліктерді аулаларда қоюға тыйым салмайды. Негізгі өзгерістер елді мекендерді абаттандыру талаптарын жаңартуға қатысты.

Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар қараусыз қалған көліктерді, ұзақ уақыт пайдаланылмай тұрған тіркемелерді және «автохламды» анықтау және жою жұмыстарын күшейтеді.

Бұдан бөлек, инженерлік инфрақұрылым элементтерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтіледі. Ашық жатқан люктер, зақымданған құдық қақпақтары, қауіпті су ағызу жүйелері мен басқа да нысандар уақтылы жөнделуге тиіс.

Яғни жаңа талаптардың мақсаты тұрғындарға қосымша шектеу енгізу емес, қалалық ортаның қауіпсіздігі мен тазалығын қамтамасыз ету.

Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң күшіне енеді

1 шілдеден бастап Қазақстанда «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қолданыла бастайды.

Құжат кадрлық саясатқа, мемлекеттік аппаратты цифрландыруға және персоналды басқару жүйесіне қатысты жаңа тәсілдерді енгізеді. Заң мемлекеттік органдардың халыққа бағдарлануын күшейтуге және мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған. 

Сонымен қатар меритократия қағидаттарын күшейту, қызметкерлердің кәсіби дамуын жетілдіру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру көзделген.